Міне, биыл, яғни 2018 жылы әншінің туғанына 130 жыл толады. Осыған байланысты талай жылдардан бері қоржынымда жиналып қалған хаттарды тағы бір ақтарып, тағы бір сүзгіден өткізіп көрдім. Ондағы ойым әншінің туған айы мен туған күні жайлы мысқалдай да болса дерек көзінің ұшы шығар ма екен деген ой еді. Осылайша ізденіс үстінде жүргенімде Әміренің аталас туысы Өміртай Мустин жазған хат қолыма түсті. Онда жазылған мына бір жолдар көзіме оттай басылды.
Онда:
«Жеткіншегім Жарқын!
Әміре жайындағы 30 июльдегі хатыңды алдым.
Ол мартта туған деуім мынадан: Қашаубай жылқышы болған байдың қойшысы болған, менімен шөберелес ағам марқұм Оразалы Ысқақ бір әңгіме үстінде, Әміре жылқы жылы наурыз дәмін беретін күннен бір жұма бұрын байдың шошаласында туды – түнде шешесі толғатып жатқанда, шешем қасында от жағып отырушы еді. Кіндігін кескен», деп жазған екен.
Одан әрі: «Біз туған кезде метрке, паспорт дегендер болмаған. Жылды 12 жануар атымен атап, жыл қайыратын. Сондай есептен қата кететін. Мен 1887 жылы туған болып жүрмін», деп өзінің де туған жылын сөз етеді. Одан әрі Өміртай қария: «Әміренің өз қолымен жазған документін қолданғаның дұрыс болар», деп өз ойын қорыта жазған. (3.VІІІ – 1974 Өміртай Өлместай).
Осылайша Өміртай Мустин Әміренің туған айы мен күні жайлы табылмай жүрген дерек көзін тауып берді.
« Әміре Дегелең болысының жерінде туған жоқ», деп жазған екен одан әрі айтар ойын сабақтай түсіп. «Қашаубай кедейліктен күн көре алмай кәсіп іздеп барып, Қарқаралы маңында бір байға жылқышы боп жүргенде Әміре байдың ауылында туған», дейді. «Кейін өз еліне Дегелең жеріне оралған», дейді. Өміртай Мустин осы әңгімені Ысқақ Оразалыұлынан естігенін жазды. Ал Ысқақ Оразалыұлы деген кісі Әміренің әкесі Қашаубай екеуі байдың малын қатарлас жүріп бірге баққан досы әрі сырлас адамдар болған. Ысқақ Оразалыұлының шешесі, Қашаубайдың жары Тойғанды босандырып, әнмен әуелетіп дүние есігін енді ғана ашқан сәбидің кіндігін кескен екен.
Өміртай қария маған хат жолдағанда бірде Өміртай Мустин деп, енді бірде Өміртай Өлместай деп қол қойып отырған.
Енді Өміртай қарияның жазғанына үңілейік.
Хатта жылқы жылы туды делінген. Ал Әміре жылқы жылы тумағаны белгілі. Олай дейтініміз Әміре шетелдік төлқұжатына жаздырғандай, 1888 жыл – тышқан жылы туған. Ал енді Өміртай қарияның «...наурыз дәмін беретін күннен бір жұма бұрын байдың шошаласында туды» деп жазғаны қисынға келеді. Неге десеңіз адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тигендегі ел болып мерейленетін наурыз мейрамы, наурыз көже дәмін тататын қуанышты сәт. Өміртай қария жазған «наурыз дәмін беретін күннен» дегені – 22 наурызға, ал «бір жұма бұрын» дегені – 15 наурыз күніне сай келеді. Ел ішіндегі ауызекі әңгімелерде Әміре жер көгерген кезде туған деген сөздер жиі айтылады. Ал шошала дегені бай үйінен оқшаулау, мал жайғастыратын жерге жақын, ортасына тіреу қойып, айналасына қадау-қадау ағаш қағып немесе шарбақ қойып, іргесін қамыспен жауып, балшықпен сылап, төбесі киізбен не қамыспен жабылатын кедейлерге арналған жадағай жұпыны үй. Кедейліктің зарын тартқан Қашаубай осындай үйде тұрған. Әміренің байдың шошаласында туғаны жөнінде Сапарғали Бегалин, Әлкей Марғұлан, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Жүсіпбек Елебеков, Мұқатай Тоқжігітов, Әшімбек Бектасов тәрізді замандастарының айтқандарын өз құлағыммен талай естігенмін де. Оның үстіне хат авторы Өміртай қария, «Әміренің өз қолымен жазған документін қолданғаның дұрыс болар» деп бағдар бергені тағы бар.
Хат авторының осы соңғы жазғандағысындай, «өз қолымен жазған документін қолданғаның дұрыс болар» деген кеңесін ескере отырып, әрине әуелі әншінің өз қолымен алған документ-паспортына сүйенеміз. Онда жоғарыда атап өткеніміздей, Әміре Қашаубайұлы 1888 жылы туды деп көрсетілген. Ендігі жерде әнші Әміренің төлқұжат-паспортында жазылған осы туған жылын негізге ала отырып, одан әрі туған айы мен күнін Өміртай қария жеткізген дереккөзге сүйенсек, Әміре атамыздың туған жылы мен туған айы және туған күні көз алдымызға келеді.
Олай болса әнші Әміренің аталас туысы Өміртай Мустин қарияның 1974 жылдың 3 тамыз күні менің атыма жолдаған хатында жазылған дереккөзге сүйеніп Әміре Қашаубайұлы 1888 жылдың 15 наурыз күні дүниеге келген деп айтуымызға әбден толық негіз бар.
Әншінің 130 жылдығына орай мына бір жайттарды еске сала кетуді жөн көрдім. Ән атасы Әміре 1926 жылы сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында шаңырақ көтерген ұлт театрының директоры Дінше Әділовтің қолымен берілген бұйрық бойынша осы театрдың (қазіргі М.Әуезов атындағы академиялық драма театры) нөмірі бірінші әртісі болып жұмысқа қабылданды. Өмірінің соңына дейін осы театрда қызмет атқарып, 1934 жылы 6 қараша күні Алматы қаласында дүниеден өтті. Көп кешікпей 1934 жылдың 19 қарашасы күні Қазақстан Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің қолымен Ұлт театры ауласында Әміреге ескерткіш мүсін қою жөнінде нөмірі 540 бұйрығы шықты.
Түрлі себептерге байланысты Әміренің бұл мүсіні М.Әуезов атындағы академиялық драма театры ауласына әлі күнге дейін орнатылмай қалды.
Арада жылдар өткенде 1974 жылы Әміреге ескерткіш-мүсін орнату жөнінде екінші рет әрекет жасалды.
Ол былай болған еді. Әміренің кенже қызы Күләш Қашаубаеваның кеңесімен әншінің туысқандары атынан 1974 жылдың 25 қарашасы күні Дінмұхаммед Қонаев ағамыздың атына Әміре қабірінің қырық жылдан бері қараусыз жатқанын жеткізіп, құлпытас мүсін орнату жөнінде үшбу хат дайындадым. Хатқа қазақ өнерінің саңлақтары Серке Қожамқұлов, Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков, Әбілмәжін Сапақов, жазушы Сапарғали Бегалин, қоғам қайраткерлері Сара Есова, Әшімбек Бектасов қол қойды. Көп кешікпей бұл жұмыстар Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне тапсырылып, Әміре мүсінін тұрғызуға 5000 рубль бөлінді. Осы шешім негізінде 1974 жылдың 9 шілдесі күні Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде Әміреге орнатылатын ескерткіш-мүсінінің эскизі мен жобасы бекітілді. Ескерткіш мүсіннің авторы болып мүсінші Татьяна Викторовна Андрющенко тағайындалды.
Т.В.Андрющенко өз шеберханасында жыл бойына еңбек етті. Нәтижесінде алты метрлік Әміре тұлғасы дайын болды. Ескерткіш 1978 жылы әншінің туғанына 90 жыл толуына орай жезден құйылып орнатылады деп жоспарланған болатын. Айтып-айтпай не керек, атқарылған жұмыстар, айтылған әңгімелер тағы да бос сөз күйінде қалды. Ескерткіш тұрғызылмады. Әмірені көзі көрген досы Серке Қожамқұлов Т.В.Андрющенко шеберханасына барып, көріп жүріп, шеберхана ішінде бой көтерген әнші ескерткішінің фотосуретін түсірткізіп алған екен. Сол сурет төс қалтасында жүруші еді. Бір қажеті болар деп маған берген болатын. Бой көтермек Әміре ескерткішінің фотосурет кескіні әлі күнге менде сақтаулы. Енді міне, қойылмай қалған ескерткіштің дәлелі ретінде сақталған суретке қарап, соған да шүкіршілік етемін.
Осылайша әнші Әміреге екінші рет ескерткіш-мүсін орнату әрекеттері іске аспай қалды. Әйткенмен Әміренің әншілік даңқын паш еткен шығармалар, кітаптар жарыққа шығып жатты. Мәселен, Оразақын Асқар «Әміренің әні» дастанын, осы мақаланың авторының әр жылдарда орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген «Әміре», «Ән атасы», «Әміре Қашаубаев» деректі прозалық кітаптары және «Ән атасы – Әміре» телепьесасы, «Әміре әндерінің күйтабағы», «Әнші Әміре туралы шындық» мақаласы («Егемен Қазақстан», газеті 27.02.2013), сондай-ақ Қайырбек Шағырдың «Ұлы тенор» поэмасы баба шығармашылығын танытатын құнды еңбектер болып табылады.
Якуда Амандықовтың құрастыруымен 2012 жылы жарық көрген «Әнші Әміре» естеліктер кітабы әншінің 125 жылдығына тарту болды. Оның үстіне өз кезінде халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, Қазақ КСР Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков Әміре Қашаубаев атындағы республикалық халық әндерін орындаушылардың конкурсын ұйымдастыруға атсалысып, Әміре мұрасын сақтауға өлшеусіз үлес қосты. 2008 жылы Әміре Қашаубайұлының туғанына 120 жыл толуына орай Семей қаласындағы қалалық мәдениет сарайының жанында әнші мүсіні бой көтерді. Бұл да болса тұлға есімін мәңгілік сақтаудағы үлкен жұмыстың бірі болды. Бүгінгі ұрпақтың ұлы әншіге деген құрметі осылайша жалғасуда.
Осыған қоса тағы бір айта кететін жайт, 2016 жылы елордамыздағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай драматург Рахымжан Отарбаевтың «Әміре» драмасын сахнаға шығарды. Режиссері Нұрлан Жұманиязов, алғашқы реттегі Әміре рөлін сомдаған – Қасымхан Бұғыбай. Суретшісі – Берік Бөрібаев. Көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов, директоры Айболат Сексенбаев болып табылатын театр ұжымы Әміренің басынан кешкен қызықты да бақытты шақтарымен қоса, ауыр тағдырын шыншылдықпен суреттей білген. Осыған риза болып сахналық премьерасына қатысып, театр ұжымына батамды беріп, тілектестік білдірдім. Рахымжан Отарбаевтың «Әміре» драмасымен қатарлас 2016 жылы осы жолдар авторының әншінің туғанына 130 жыл толуына орай «Амре в Париже» деген кітабы жарыққа шығып, бұл еңбек те қалың оқырманға жол тартты. Халқымыздың көрнекті жазушысы Медеу Сәрсеке ағамыз да Әміре мұрасын сақтауда, кітап шығару жолында қажымай-талмай еңбек етіп жүр. Өмірден көрген-түйгені мол, ойы асқақ жазушы Медеу Сәрсекенің еңбектері нәтижелі болуына, шығармашылық табыстарға жетуіне тілектеспіз.
Айтар ойымды тобықтай түйіндегенде, осы мақаланы жазудағы мақсатым Әміренің аталас туысы Өміртай Мустин қарияның 1974 жылы 3 тамыз күні жазған хатындағы Әміренің туған айы мен күніне байланысты дерек көзін қалың оқырманға жеткізу болды және туғанына 130 жыл толуына байланысты мысқалдай болсын үлес қосу еді.
Ал әншінің 130 жыл толуына арналған мәдени шараларға дайындық жұмыстары қандайлық деңгейде, қай айда, қай күні атап өтілмек? Жоспарға енді ме? Бұл жағын уақыт көрсете жатар. Менің айтпағым, қазақ деген халықты алғаш танытып, әлемді әншілігімен аузына қаратқан адамның 130 жылдығын атап өту бүгінгі ұрпаққа сөзсіз сын болмақ.
Жарқын ШӘКӘРІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері