Рас, мұндай оранжерея еліміздің басқа да қалаларында бар. Бірақ олар тек ғылыми мақсатта ғана пайдаланылады. Ал аумағы 2000 шаршы метрді алып жатқан теміртаулық бақтың есігі келем деушілерге қашанда ашық.
«Қысқы бақтағы» флора біткеннің дені Алматы мен Қарағанды ботаникалық бақтарынан әкелінген. Мұнда қала тұрғындары сыйлаған гүл тұқымдары да бар. Сондай-ақ танымал тұлғалар еккен экзотикалық өсімдіктер де жеткілікті. Мысалы, ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев сауырағаш пен олеандр отырғызған.
Мұндағы өсімдік атаулының ішіндегі биігі – құрма пальмасы мен вашингтония. Ал төменде ұйыса өскен традесканция гүлдерінің жанына аялдамай өте шығу тіпті де мүмкін емес. Күтімі өте күрделі гибискус (қытай раушан гүлі) гүлдері де көздің жауын алып, адамды кәдімгідей арбайды.
Бір таңғаларлығы, бақта жыл сайын банан жеміс береді екен. Жеуге жарамсыз, әрине. Сәндік ағаш сұрпынан: текстильді абака. Сонымен қатар, оранжереяда зоологиялық бұрыш та бар. Келушілер мұнда тауыс, қоян, кірпі және басқа да жануарларды тамашалай алады.
Экзотикалық өсімдіктерді баптау оңай шаруа емес. Бақтың ішінде 12 градустан төмен түспейтін жылылық әрдайым сақталуы тиіс. Өсімдіктердің барлығы да қолмен суарылады. Осы және басқа да ұқыптылық пен ықтияттылықты қажет ететін жұмыстың барлығын екі-ақ адам – агроном Ботагөз Тәшенова мен оның көмекшісі атқарады.
Мерейтой жылы жабайы табиғаттың өзінде өте сирек гүлдейтін шеффлера да бүр жарып, тосынсый жасапты. «Шеффлераны осыдан 10 жыл бұрын біздегі дәстүр бойынша жас жұбайлар отырғызған болатын. Жақында қарасақ, бүр жара бастапты. Бұл дегеніңіз үлкен қуаныш болды, себебі шеффлера бізде алғаш рет гүлдеді», дейді Ботагөз Тәшенова қуанышын жасыра алмай.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы