Қазақстан • 07 Ақпан, 2018

Отандық арналар XXIII қысқы Олимпиада ойындарын тарату құқығына ие болды – Дәурен Абаев

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

XXIII - қысқы Олимпиада ойындарының көрсетілімін жүзеге асыратын құқыққа ие компаниямен келіссөздер аяқталды. Бұл турасында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің фейсбук парақшасында хабарлады.

Отандық арналар XXIII қысқы Олимпиада ойындарын тарату құқығына ие болды – Дәурен Абаев

«Біздің министрлік XXIII - қысқы Олимпиада ойындарының көрсетілімін жүзеге асыратын құқыққа ие компаниямен келіссөздерді аяқтады. Олимпиада ойындарын ақпанның 9-ы мен 25-і аралығында ел тұрғындары отандық арналардың тікелей эфирінен тамашалайды. Дүниежүзі назар аударатын дүбірлі доданы «ХАБАР», «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналары тікелей трансляциялау құқығына ие болды», деді Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Министрдің сөзінше, «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналары 150 тікелей трансляцияға шығуды жоспарлап отыр. Ал, «Хабар» арнасы арқылы 208 сағатты құрайтын 100 трансляция эфирге шығады.

Сонымен қатар, қазақ және орыс тілдерінде Олимпиада күнделігін көрермен назарына ұсыну жоспарланған. Демек, Пхёнчханға арнайы барған тілшілер тобы күнделікті соңғы ақпараттарымен бөліседі.

«Біздің жерлестеріміз 9 спорт түрі бойынша сайысқа түседі. Толық ақпаратты төмендегі сілтемеден алуыңызға болады. Оңтүстік Кореяның алаңдарында ел намысын қорғайтын жерлестерімізге тек қана жеңіс тілейміз», деген министр спортшыларға тілектестігін білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, XXIII қысқы Олимпиада ойындары Оңтүстік Кореяның Пхёнчан қаласында 2018 жылдың 9 және 25 ақпаны аралығында өтеді. Әлемнің 95 елінен 2900 спортшы 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы үшін бақ сынасады. Қазақстандықтар спорттың 9 түрі бойынша жарыстарға қатысады. Олар: биатлон, мәнерлеп сырғанау, коньки тебу, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғы жарысы, трамплиннен шаңғымен секіру, фристайл акробатика, могул.