Аймақтар • 07 Ақпан, 2018

Қостанай қаласының әкімі жылдық есеп берді

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов облыс орталығындағы өткен жылғы даму бағытын баяндап берді. 

Қостанай қаласының әкімі жылдық есеп берді

Экономиканың дамуында, әлеуметтік жағдайдың жақсаруында да, жалпы барлық салада алға жылжу бар. Базыл Шахаманұлы алдымен өнеркәсіп кәсіпорындарының көрсеткішін тілге тиек етті.  Олар өндірген өнім  бұрнағы жылмен салыстырғанда 25 пайызға артық. Яғни 2017 жылы облыс орталығында 266 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Қала бюджетіне 26 млрд теңге түскен. Бұл 2016 жылға қарағанда 10 пайызға  көп.

Дегенмен, металлургия, шағын және орта бизнес салаларының әлде де  шабан қимылдан аса алмай отырғаны да айтылды. Мысалы, металлургия саласы өндірген өнімнің көлемі 2016 жылға қарағанда 71 пайыз болса,  шағын және орта бизнес 76 пайызды құраған.  

Кездесуде қала тұрғындары әкімге түрлі проблемалық мәселелерді көтерді. Ауыз су мәселесі, жолдар, қала ішіндегі көлік бағыттары, саябақтар, жер телімі,  ауру балаларды сауықтыру орталығы және жетім балалар баспанасы, көшедегі ағаштардың кесілуі,  «КазТрансГаз Аймак» компаниясының тұрғындармен жұмысы туралы көптеген сұрақтар қойды.  Қала әкімі Базыл Жақыпов барлығына жауап берді,  көтерген мәселесіне орай тұрғындарды қабылдауға, оларға көмек беруге дайын екендігін,  өткір мәселелердің шешімін қарастыратынын айтты.

Қала әкімінің қорытынды есебіне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, тұрғындар көтерген кейбір мәселелерге өз пікірін де білдірді. Және қала әкімінің есебін қорытындылады. Ол Қостанай қаласында көптеген істің атқарылғандығын, тұрғындар көтерген мәселелердің дұрыс шешімін қарастыру керектігін айтты.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай