Министр Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркін құру идеясы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қамтылғанын, сондай-ақ жоба тұжырымдамасы халықаралық тәжірибені зерттеу негізінде дайындалғанын атап өтті. «Технопарк дарынды ІТ-мамандар үшін жаңа технологиялық бастамалар алаңына айналарына сенімдіміз. Сонымен қатар бұл алаң ұлттық инновациялық экожүйенің өзегі болуы тиіс. Технопаркке отандық және шет мемлекеттерден стартаптарды тарта отырып, цифрлы экономиканы қолдау үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Astana Hub-тың негізгі мақсаты – 2025 жылға қарай жергілікті ІТ-компаниялардың капиталын 1 млрд АҚШ долларына жеткізу. Бүгін осы акселерация бағдарламасын ашу арқылы маңызды қадам жасап отырмыз», деді Д.Абаев.
Ал өз кезегінде Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің басшысы Мағжан Мәдиев «Garage» және «C-Lab» стартап-бағдарламаларының қазіргі нәтижелерімен бөлісті. «Аталған бағдарламалар аясында біз идея және прототип кезеңінде тұрған стартап-командалармен жұмыс жүргіземіз. «Garage» преакселерациялық бағдарламасына 151 өтінім келіп түсті, олардың ішіндегі 43 жоба Demo Day-ге өткізілді. «C-lab» бағдарламасына 100-ден аса өтінім жіберілді. Бүгін қатысушылар алғаш рет корпорациялармен кездесіп отыр, әрі қарай командалармен етене жұмыс жүргізіліп, ақпараттық сессиялар, жеке кеңес берулер өткізіледі, идеяны дамытып, оның прототипін жасайтын боламыз. Жазда жобаларды тестілеп, компаниялардың базасында іске қосқалы отырмыз», деп атап өтті М.Мәдиев.
«Garage» бағдарламасы аясында командалар өз стартапының идеясын тестілеп, ең кем дегенде жұмысқа жарайтын өнімді (MVP) жасап шығаруға, алғашқы клиенттерді тартып, өз жобаларын инвесторларға таныстыруға мүмкіндік алмақ.
Кеше әрбір команда өз бизнес-жобасын таныстырды, олардың ішіндегі үздіктері «Garage» стартап-инкубаторына қатысу үшін таңдалды. Осылайша ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер тәжірибелі тәлімгерлердің қол астында жобаны басқару, өнім жасау және маркетинг жөнінде тегін білімдерді игеруге мүмкіндік алады. Стартап-жобаларды таныстырумен қатар, жастар арасында кәсіпкерлік мәдениетті дамыту және отандық бизнесті халықаралық нарыққа шығару тақырыбына арналған екі панельдік сессия өтті.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»