Қазақстан • 08 Ақпан, 2018

Әлеуметтің әлеуетін арттыратын жобалар

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде «Іскер азамат – ел тірегі» атты «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа бағыты және «Атамекенім» акциясының таныстырылымына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Шараға «Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры – Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаев, «Атамекен» ҰКП Бизнес-коммуникацияны мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев, «El Tiregi» шағын және орта бизнес бірлестігінің басқарма төрағасы Мирхат Мұсанап және «Бастау Бизнес» жобасының бизнес-тренері Азамат Маханалин қатысты.

Әлеуметтің әлеуетін арттыратын жобалар

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкер­­лер палатасы 2017 жылдың қыркүйек айында республикалық деңгей­де ауқым­ды қозғалыс – әлеумет­тік жауап­­кершілікті арттыратын «Атаме­кенім» қайырымдылық акциясын бастап кетті. Айта кетсек, аталған акция қызу қолдау тауып, кәсіпкерлер ауыл тұрғындары­на, мұқ­таж жандарға мате­риалдық көмек көрсетуде.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласына орай туған жерді қолдау мақсатында «Ата­мекенім» акция­сы қолға алын­ды. Оның негізгі мақ­саты – әлеу­меттік жауапкершілік пен қайырымдылық мәдениетін қа­лып­тастыру. Жомарт жандардың еңбегін көрсетіп, өз­­ге­лерге үлгі ету, әлеуметтік жауап­кершілікті насихаттау», деді «Атамекен» ҰКП Басқарушы дирек­торы – Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаев.

«Атамекен» ҰКП Бизнес-комму­ника­цияны мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыр­жан Оразғалиев 2017-2021 жыл­дарға арналған Нәтижелі жұ­мыс­­­пен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту бағдарламасы аясында «Атамекен» ҰКП «Бастау Бизнес» жо­ба­сын жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.

«Бүгінде «Бастау Бизнес» жоба­­­­сы­ның 2017 жылғы жоспары то­лық­тай орындалған. Білім алған 15 мың қатысушының 56 пайызы, атап айтқанда 8285 қатысушы бизнес-жобасын қорғады. Ал оның ішінде 3314-і жеке кәсіп ашты, кәсі­бін өрістетті. Былтыр «Бастау Биз­нес» 80 ауданда жүргізілсе, биыл 160 ауданды қамтиды. Осы ретте қажетті бизнес-тренерлердің пулын дайындап жатырмыз», деді Б.Оразғалиев.

Сонымен қатар ол «Атамекен» ҰКП мектеп бағдарламасына «Кәсіп­­керлік пен бизнес негіздері» пәнін енгізуді ұсынғанын жеткізді.

«Білім және ғылым министрлігі бұл бастаманы қолдады. Министр­лікпен бірлесіп оқу бағдар­ламасы әзірленді. Аталған пән 2018 жылы элективті негізде енгізіледі. Қазіргі таңда әр өңір бойынша мектептерде пән жүріп жатыр. Оқушылардың қабылдауы мен қызығушылығы жақсы. Бұл пәннің әдістемесі «Бастау Бизнес» жобасы мен шетелдік тәжірибе негізінде дайындалды. Жалпы пән элективті түрде мектеп бағдарламасына енгізіліп отыр, яғни мұғалімдер мен ата-аналар келісе отырып, бұл пәнді таңдау бойынша оқу бағдарламасына қоса алады», деді «Атамекен» ҰКП Бизнес-коммуникацияны мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»