Бұл бағдарламаны Еуропалық одақ қаржыландырады әрі ол Орталық Азиядағы қаржы институттарының қызметкерлерін онлайн оқытуға мүмкіндік береді. Бағдарламаны әзірлеушілер дәріс алушыларға ыңғайлы болу үшін дербес құрылғыларда оқытуды да ескерген.
Осынау аймақтық бағдарлама шағын бизнесті қаржыландыру саласына ноу-хау енгізуді қарастырады.
Бағдарламаның тұсаукесеріне ЕО, ЕҚДБ, Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банкі, халықаралық ұйымдар және қаржы институттары өкілдері қатысып, «Банк саласының болашағы және қаржы қызметтерін ұсыну» тақырыбында пікір алмасты.
Сол сияқты осы бағдарлама шеңберінде Орталық Азияда микро, шағын және орта кәсіпорындарды қаржыландыратын қаржы институттарына арналған білім алмасу платформасы да іске қосылмақ. Сайт жергілікті қаржы институттарына осы саладағы ЕҚДБ тәжірибесімен танысып, түрлі тақырыптағы тренингтерден өтуге жол ашады.
Қазірдің өзінде платформа шағын және орта кәсіпорындардың несие төлеуге қабілеттілігін сараптайтын тренингтер ұсынуда. Бірақ білім алмасу бағдарламасы ішінара қолжетімді. Алдағы күндері Орталық Азия елдерінде онлайн оқытудың жүйесі толыққанды жұмыс істейтін болады. Биылғы жылдың ортасына қарай қызметкерлерді сертификаттаудың онлайн-бағдарламасы іске қосылады.
Сондай-ақ бұл бағдарламаға Қазақстандағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ серіктес болады. Аталмыш қордың еліміздің бүкіл аймағында филиалдары бар. Әрі «Даму» бизнеспен, қоғамдық ұйымдармен және жергілікті атқарушы билікпен ынтымақтастықта айтарлықтай тәжірибе жинақтап үлгерген.
Тұсаукесер барысында Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің сенімді өкілі Золтан Салаи «Қазақстандағы микро, шағын және орта кәсіпорындардың ең басты қиындықтарының бірі қаржыға қол жеткізу. МШОК-ты қолдау экономиканы әртараптандыру мен инновацияны ілгерілетуде өте маңызды. Бұған дейін ЕО және ЕҚДБ көмегімен басқа аймақтарда жүзеге асқан бастама жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Біз Орталық Азиядағы шағын бизнесті дамыту бағдарламасы Қазақстанда тура сондай жемісті болатынына сенімдіміз», деді.
ЕҚДБ-ның Қазақстандағы басшысы Агрис Прейманистің сөзіне қарағанда, бұған дейін шағын және орта бизнесті қаржыландыру жөніндегі оқыту бағдарламалары Орталық Азияның қаржылық институттары арасында айрықша танымал болған. Өйткені бағдарлама заманауи технологияларды пайдаланып қана қоймай, Орталық Азияның ауқымды аудиториясын қамтуды көздейді. Нәтижесінде бұл МШОК-ты қаржыландыруға қатысты бағдарламаларды жақсартып, тиімді етпек.
«Даму» қорының басқарма төрағасы Абай Сарқұлов «Микро, шағын және орта бизнесті қаржыландыру және оларға қызмет көрсету саласында білім алмасу, оқыту және тестілеу үшін цифрлы платформа құру – қаржы секторы мамандарына бизнесті дамыту мақсатындағы қаржылық жобаларды дайындау барысында іріктеу негіздерін дұрыс түсінуге мүмкіндік береді», дейді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ