Бірінші міндет – индустрияландыруды жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру бағытында қазірдің өзінде бірталай істер тындырылды. Өткен жылы Елбасының Жолдауында белгілеген межеге қол жеткізіліп, ішкі жалпы өнім өсімі 4 процентті құрады, ал өнеркәсіп өндірісі бойынша 7 проценттен асты. Бұл еліміздің әлемдік дағдарыстың теріс салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына түскендігін айғақтайды.
Мемлекет басшысы цифрландыру арқылы еліміздің экономикасын 30 процентке өсіру, яғни ақшаға шаққанда 2 триллион теңгеден асыру міндетін қойып отыр. Оны орындау экономикада ғана емес, әлеуметтік-мәдени салада да соны да зор өрлеуге жол ашары күмәнсіз.
Екінші міндет – ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту. Осы мақсатта кешенді кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергияны үнемдеуіне, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды күшейту көзделіп отыр.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың әлемде қаншалықты қарқын алғанын айқын көрсетіп берді. Қазір дүниежүзінде өндірілетін электр энергиясының 25 проценті – жаңартылатын энергия көздерінің еншісінде. Біздің елімізде 2030 жылға дейін баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндеті қойылып отыр.
Үшінші міндет агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі ретінде «ақылды технологияларды» енгізу арқылы еңбек өнімділігін түбегейлі арттыру және өңделген өнімнің экспортын ұлғайту болып табылады. Қазір елімізде жаңа технологияларды қолданатын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үлесі болмашы ғана. Соның салдарынан осы саладағы еңбек өнімділігі 2016 жылы бір еңбеккерге шаққанда небары 4,5 мың долларды құрады. Бұл көрсеткіш көршілес Ресейде 23 мың долларға жеткендігін, ал Америка Құрама Штаттарында – 79,1 мың доллар, Францияда – 62,7 мың доллар, Польшада – 51,2 мың доллар, Германияда 38,8 мың доллар болғандығын ескерсек, Елбасының алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және соған сәйкес өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасы өте негізді екендігі сөзсіз.
Бұл тапсырманы ойдағыдай орындау мақсатында ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсетілмекші. Өйткені Америка Құрама Штаттары мен Еуропалық одаққа мүше елдердің тәжірибесі ауылшаруашылық кооперативтерін құрудың тиімділігін көрсетті. Өткен жылдың он айында біздің елімізде ет, сүт өнімдерін шығарып, көкөністер мен жеміс өсіретін, ара ұстайтын 56 мың жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктірген 1048 кооператив құрылып, оларды қаржыландыруға 41 миллиард теңге бөлінді.
Осы орайда еліміздің ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мардымсыз жалақысын көтеру де көкейкесті мәселелердің бірі екендігін айтқан жөн. Кейбір ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы жалақы қорының көлемі олардың мемлекеттен алып отырған субсидияларының көлеміне тең немесе одан да кем екендігі жасырын емес. Облыстардың әкімдерінің осы жөнінде айтқан ескертпелерін құлақтарына ілген шаруашылық басшылары некен-саяқ. Ал көптеген шаруашылықтарда өз құлқынын ғана ойлайтын басшыларға заңды талап қоятын кәсіподақ ұйымдары мүлдем жоқ және ұжымдық шарттар да жасалмаған. Сондықтан да ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің құқықтарын қорғаудың және олардың жалақысын көтерудің заңды тетіктерін қарастыру қажеттігі пісіп-жетілгені анық.
Төртінші міндет – көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру бағытында бұған дейін атқарылған істер де ауқымды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 9 жоба іске асырылып, жалпы ұзындығы 2000 километрдей республикалық маңыздағы тақтайдай тегіс жолдар салынды және қалпына келтірілді. Соның нәтижесінде өткен жылы Қазақстан аумағы арқылы өтетін жүк тасу көлемі 17 процентке ұлғайып, 17 миллион тоннаға жуықтады. Мемлекет басшысы осыдан түсетін табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндетін қойып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, бұл жол салуға жұмсалған мемлекет қаражатын тезірек қайтаруға мүмкіндік береді.
Жолдауға сәйкес енді өңірлердегі тозығы жеткен жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеу мен қайта салу қарқыны да күшейтілмекші.
Бесінші міндет – құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Елімізде халықты баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрге жетті. Осы жөніндегі көрсеткіш көршілес Ресейде – 3,4 шаршы метр болса, Польшада – 25 шаршы метрге, Қытайда – 32 шаршы метрге, Германияда – 39 шаршы метрге, Америка Құрама Штаттарында – 69,7 шаршы метрге, Ұлыбританияда 70 шаршы метрге жеткен. Елбасы өз Жолдауында 2030 жылы тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейін бір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге жеткізу міндетін қойғандығы Қазақстанның озық елдер деңгейіне ұмтылысын аңғартады. Көздеген мақсатымызға жетуге өткен жылдан бастап іске асырылып жатқан «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қолайлы мүмкіндік туғызып отыр.
Мемлекет басшысы салынатын ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажеттігін атап көрсетті. Бұл ретте беделді құрылыс ұйымдарының басшылары көтеріп жүрген көкейкесті мәселелер аз емес. Солардың бірі – құрылыс саласында мемлекеттік сатып алуда демпингтік бағаға жол беріліп отырғандығы. Мұның бір мысалы ретінде Семей мемлекеттік медицина университетінің республикалық бюджеттен 2 миллиард 246 миллион 900 мың теңге бөлінген 1000 орындық студенттер жатақханасының құрылысын Алматы қаласында тіркелген, мұндай үлкен нысан салу тәжірибесі де, өзіндік өндірістік базасы да, еңбек ресурсы да жоқ жауапкершілігі шектеулі серіктестік 2014 жылдан бері салып бітіре алмай жатқандығын айтуға болады. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін демпингтік баға ұсынуға тыйым салу, сондай-ақ әлеуетті өнім жеткізушілер үшін сатып алынатын жұмыстар нарығында жеткілікті тәжірибесі, өзіндік өндірістік базасы, білікті қызметкерлер ұжымы болуы қажеттігі жөнінде қатаң талаптар қоятын кез жеткен сияқты. Біз осы жөнінде жуырда Үкіметке депутаттық сауал жолдадық.
Жолдауда ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша назар аударылып, Мемлекет басшысы Үкіметке бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге бөлуді тапсырды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында осы мақсатқа 78,1 миллиард теңге бөлініп, ауылдық елді мекендер бойынша орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесіне қолжетімділік 55,6 процентке жеткізілген болатын. Яғни, қазір 6601 ауылдың 3671-інің тұрғындары таза ауызсу ішіп отыр. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 65 процентке дейін өсуге тиісті.
Алтыншы міндет – қаржы секторын «қайта жаңғырту» екінші деңгейлі банктер иелерінің экономикалық жауапкершілігін арттыруды көздейді. Елбасы олардың акционерлерінің өздерімен аффилирленген, яғни үлестес компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиісті деп атап көрсетті. Сондай-ақ Ұлттық банкті де өткір сынап, оған қаржы институттарының қызметін қатаң қадағалауды міндеттеді. Бұған қоса, Президент мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік беретіндігін тағы бір мәлімдей келіп, Ұлттық банкке 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар мәселесін толығымен шешуді тапсырды.
«Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталған жетінші міндеттің мән-маңызы айрықша, ауқымы да өте кең. Бұл ретте ел ертеңі – жас ұрпаққа заманауи білім берудің маңызы ерекше. Алайда, өткен жылы Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде Қазақстан білім беру сапасы бойынша 77-орын алғандығы ойландырмай қоймайды. Қоғамда Білім және ғылым министрі ауысқан сайын білім беру саласында жаңа реформалар басталатындығы, сабақтастық, жүйелілік жетіспейтіндігі жөнінде сыни пікірлер жиі айтылып жүр. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, еліміздің білім саласындағы уәкілетті орган өз жұмысын жетілдіріп, Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттерді табысты іске асырады деп үміттенеміз.
Жолдауда мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында Елбасы білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың жалақысын биылғы 1 қаңтардан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар үстіміздегі жылы мұғалімдердің біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесі енгізіліп, өз біліктілігін растаған ұстаздардың жалақысы, тұтастай алғанда, 30 проценттен 50 процентке дейін өсірілмекші.
Жолдаудағы «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» деген темірқазықтай айқын тұжырым еліміздің қазіргі саяси-демографиялық жағдайын және жаһандық даму барысын терең талдап, жан-жақты пайымдауға сүйеніп жасалғандығы күмәнсіз. Елбасының: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет» деген аталы сөзіне де тоқтауымыз қажет. Мысал үшін, дүниежүзі елдері қолданатын «репатриант» деген сөзді ойдан шығарып, «оралман» деп аударып алғанымыз қазір алыстан келген ағайындарға жағымсыз айдар болып тағылып, олардың өкпе-ренішін туғызып жүргендігі жасырын емес.
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі бойынша Қазақстан әлем елдерінің рейтингісінде 45-орында тұр. Жолдауда бұл сала қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен, аурудың алдын алуға бағытталуға тиістігі атап көрсетілді. Бұл бағытта елімізде 2019 жылы дене шынықтырумен және спортпен айналысатын тұрғындардың санын ел халқының 30 процентіне жеткізу көзделіп отыр.
Елбасы өз Жолдауында Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Бұл ретте де ескерерлік жайлар бар. Мәселен, жуырда Ақмола облысының Зеренді ауданында болып, сайлаушылармен кездескенімізде глаукомамен ауыратын қариялар өздері амалсыз сатып алып жүрген, бағасы қымбат дәрілер тегін берілетін дәрілер тізіліміне енгізілбегендігіне шағым білдірді. Сұрап білсек, тек осы ауданда ғана аталған дертке шалдыққан 800-ге жуық адам бар екен.
Жолдауда сапалы жұмыспен қамтудың және әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру қарастырылып отыр. Елімізде Бірыңғай электрондық еңбек биржасы кең ауқымда енгізіліп, онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталмақшы.
Осы орайда мұнайлы өңірлерде шетелдік мамандар мен жұмысшылардың санын барынша азайтып, жергілікті кадрларды жұмысқа көбірек орналастыру ісіне баса назар аудару қажет деп санаймыз. Мәселен, былтыр «Теңізшевройл» компаниясы жариялаған конкурс бойынша әрбір жұмысшының орнына 10 шақты қазақстандық жоғары білімді жас маман таласқан екен. Жұмыс іздеп жүрген соншама дипломды жастарымыз барда мұнайлы облыстардың әкімдіктерінің шет елдерден жыл сайын ондаған мың кадр шақыруға келісім беретіндігі ойландырмай қоймайды. Әрине, бұл жан-жақты зерттеп, зерделеуді қажет ететін мәселе.
Елбасы өз Жолдауында кәмелетке толған, бала кезінен І топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін биылғы 1 шілдеден бастап қосымша мемлекеттік жәрдемақы енгізуді тапсырғанын қуана қабыл алдық. Өйткені бұл біз қай өңірге барсақ та алдымыздан шығатын, әлеуметтік тұрғыдан әділ де өткір сауал, осыған дейін елдегі экономикалық қиындықтарға байланысты шешілмей келген өзекті мәселе еді.
Тиімді мемлекеттік басқару – Елбасы алға қойған сегізінші міндет. Осы бағытта атқарылған дәйекті жұмыстардың нәтижесінде «Doing Business – 2018» рейтингісінде Қазақстан үстіміздегі жылы әлемнің 190 елі арасында бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша 36-орынды еншіледі. Соңғы сегіз жылда мемлекеттік тексерулер саны 5 есе, атап айтқанда 500 мыңнан 100 мыңға дейін азайтылған. Ал қолданыстағы заңнамаға тиісті түзетулер енгізу арқылы жалпы тексерулер санын биыл 30 процентке, ал 2020 жылға қарай тағы 10 процентке қысқарту көзделіп отыр.
Тоғызыншы міндет – жемқорлықпен күресті жалғастыру және заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Transparency International Халықаралық ұйымының үш жылда бір рет жүргізілетін «Әлемдік жемқорлық барометрі – 2016» зерттеуінің қорытындысы бойынша Қазақстанда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ілгерілеушілікті байқаған азаматтар саны 2 есеге көбейген және пара берушілер саны 25 процентке кеміген. Кейінгі үш жылдың ішінде жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлықтары үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталып, олар 17 миллиард теңгенің зиянын өтеген. Елбасы өз Жолдауында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса беретіндігін мәлімдеді.
«Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін деп аталған оныншы міндет аясында Елбасы елордамыз – Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» («Ақылды қала») «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы тарату және тәжірибе алмасу ісін бастауды тапсырды. «Смарт Сити» жобасы аясында қазір Астанада «Смарт Астана» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.
Жолдауда атап айтылғанындай, «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумақтарында өмір сапасын арттырудың локомотивтеріне айналмақшы.
Озар елдің он міндеті осындай. Елбасының оларды заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын дер кезінде әрі сапалы орындауға біз, Парламент депутаттары, барлық күш-жігерімізді салу үстіндеміз.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі