Қазақстан • 08 Ақпан, 2018

Білім – инемен құдық қазғандай

3705 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған қай жылғы Жолдауын алсаңыз да ғылым мен білім саласын айналып өткен емес. Бұл түсінікті де. Өйткені Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстанның келешегі білімді ұрпақтың қолында екенін ұдайы айтып келеді. Бұл мәселе тек сөз жүзінде қалып жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан білім жүйесіне барлық қамқорлық бар. Басқасын айтпағанның өзінде, мектептердің құрылысы үшін бөлінетін қаражат жылдан-жылға артып отыр.

Білім – инемен құдық қазғандай

Оңтүстік Қазақстан облысында халық тығыз орналас­қандықтан, бала туу көрсеткіші өте жоғары. Мектепке баратын бала жеткілікті. Ең басты мәселе – мектеп жетпейді. Оның үстіне бірқатар білім мекемелерінің пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл болғандықтан, апатты жағдайда. Бұл – Сарыағаш ауданына да тән жағдай. Міне, осы мәселені ескере отырып, соңғы жылдары біздің облыста мектеп құрылысына ерекше көңіл бөліне бастады. Бір ғана Сарыағаш ауданында соңғы үш жылдың өзінде 23 мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта ауданда 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал осы жылдың көктемінде тағы да 15 мектептің құрылысы басталады деген жоспар бар. Осының нәтижесінде ауданда мектеп проблемасы лайықты шешімін тауып, білім сапасы айтарлықтай жақсарады деген үміттеміз. Өйткені мұны заманның өзі талап етіп отыр. Мұны Елбасы биылғы Жолдауында тағы да баса айтты.

Мемлекет басшысының білім беру саласы маман­дарының алдына қойып отырған талабы өте орынды. Жолдауда атап көрсеткендей, білім беру бағдарла­маларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту білім мекемелерінің қазіргі уақыттағы басты ұстанымдарының бірі болуы тиіс. Өйткені бұл сала заман көшінен, уақыт талабынан қалыс қалмауы тиіс. Өзгеріс қажет. Серпіліс қажет. Мектеп бағдарламалары да заман талабына сайма-сай жетілдіріліп, жаңаруы тиіс. Ал бұл үшін балаларға дәріс беретін ұстаздардың өздері үнемі ізденіп, оқу-білімдерін жетілдіріп, озық тәжірибелерін бөлісуі қажет. «Жоғары оқу орнын бітіргенмін, қалтамда дипломым бар, мұғалім болғаныма талай жыл болды, енді маған одан әрі оқу-білімнің қажеті жоқ» деп ойлайтын мұғалім қателеседі. Ұстаз әрдайым білімі мен тәжірибесін толық­тырып отыруы қажет. «Білім – инемен құдық қазғандай» деп тегін айтылмаса керек. Мұны әр мұғалім бір сәт те жадынан шығармауы тиіс деп ойлаймын. Қазір Сарыағаш ауданында 138 білім ошағы бар. Онда 83 169 бала білім алады. 8641 ұстаз дәріс береді. Олардың ішінде еңбек тәж­іри­бесі жеткілікті мұғалімдер де, жастар да бар. Барлығы да қазіргі уақытта білім мекемелеріне жүктеліп отырған айқын мақсат-міндеттерді жете түсініп, соған сайма-сай болуы тиіс.

 

Бауыржан МАЙРИХОВ,

Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы

Оңтүстік Қазақстан облысы