Оңтүстік Қазақстан облысында халық тығыз орналасқандықтан, бала туу көрсеткіші өте жоғары. Мектепке баратын бала жеткілікті. Ең басты мәселе – мектеп жетпейді. Оның үстіне бірқатар білім мекемелерінің пайдалануға берілгеніне бірнеше жыл болғандықтан, апатты жағдайда. Бұл – Сарыағаш ауданына да тән жағдай. Міне, осы мәселені ескере отырып, соңғы жылдары біздің облыста мектеп құрылысына ерекше көңіл бөліне бастады. Бір ғана Сарыағаш ауданында соңғы үш жылдың өзінде 23 мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта ауданда 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал осы жылдың көктемінде тағы да 15 мектептің құрылысы басталады деген жоспар бар. Осының нәтижесінде ауданда мектеп проблемасы лайықты шешімін тауып, білім сапасы айтарлықтай жақсарады деген үміттеміз. Өйткені мұны заманның өзі талап етіп отыр. Мұны Елбасы биылғы Жолдауында тағы да баса айтты.
Мемлекет басшысының білім беру саласы мамандарының алдына қойып отырған талабы өте орынды. Жолдауда атап көрсеткендей, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту білім мекемелерінің қазіргі уақыттағы басты ұстанымдарының бірі болуы тиіс. Өйткені бұл сала заман көшінен, уақыт талабынан қалыс қалмауы тиіс. Өзгеріс қажет. Серпіліс қажет. Мектеп бағдарламалары да заман талабына сайма-сай жетілдіріліп, жаңаруы тиіс. Ал бұл үшін балаларға дәріс беретін ұстаздардың өздері үнемі ізденіп, оқу-білімдерін жетілдіріп, озық тәжірибелерін бөлісуі қажет. «Жоғары оқу орнын бітіргенмін, қалтамда дипломым бар, мұғалім болғаныма талай жыл болды, енді маған одан әрі оқу-білімнің қажеті жоқ» деп ойлайтын мұғалім қателеседі. Ұстаз әрдайым білімі мен тәжірибесін толықтырып отыруы қажет. «Білім – инемен құдық қазғандай» деп тегін айтылмаса керек. Мұны әр мұғалім бір сәт те жадынан шығармауы тиіс деп ойлаймын. Қазір Сарыағаш ауданында 138 білім ошағы бар. Онда 83 169 бала білім алады. 8641 ұстаз дәріс береді. Олардың ішінде еңбек тәжірибесі жеткілікті мұғалімдер де, жастар да бар. Барлығы да қазіргі уақытта білім мекемелеріне жүктеліп отырған айқын мақсат-міндеттерді жете түсініп, соған сайма-сай болуы тиіс.
Бауыржан МАЙРИХОВ,
Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы
Оңтүстік Қазақстан облысы