Шараның мақсат-мұраты жайлы көпшілікті хабардар еткен Түркі академиясы халықаралық ұйымының басшысы Дархан Қыдырәлі, мұндай басқосулар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай тарихи жадымызды жаңғыртып, ұлттық кодты оятуға негіз болатынына тоқталды.
Расында мұндай келелі кеңестер мен толымды талқылаулардың ұлт руханиятына берері мол. Өткен жылы аталмыш тақырып бойынша ұйымдастырылған алғашқы семинарға жапондық танымал түркітанушы ғалым Хисао Коматсу келіп, татар халқының қайраткері Әбдірашит Ибрахим жайлы кең көлемде дәріс оқыған болса, бұл жолғы жиының бас баяндамашы ретінде қоғам қайраткері, алаштанушы Берік Әбдіғали таңдалыпты.
– Алаш феномені әлі толық зерттеліп болған жоқ. Беті ашылмай жатқан тақырып қаншама. Соның бірі – бүгінгі семинарға өзек болып отырған Алаш әскерінің тарихы, – деп, баяндамасын бастаған алаштанушы осы мақсатта ізденіс жасап, Түркі академиясы халықаралық ұйымының қолдауымен Мәскеу, Петербор, Омбы, Том қалаларындағы мұрағаттардан Алаш әскеріне қатысты көптеген дерек тапқанын жеткізді.
Әсіресе, Ресей Федерациясының әскери-тарихи мұражайындағы кезіндегі ақгвардияшыларға қатысты деректер қорында Алаш әскеріне қатысты құжаттар көп екен. Сондай-ақ Семей және Алматы архивтеріндегі құжаттар қорын сүзіп шығудың арқасында ізденуші «Алашорданың әскери құрылымы (1917-1920 ж.ж)» атты құжаттар негізінде кітап жазып шығыпты. Басқосу барысында аталмыш туындының да тұсауы кесілді.
Көлемі 300 беттік құнды еңбекте: Алаш әскерінің жоспарлары мен қалыптасу кезеңдері, азаматтық соғыс жылдарындағы Алаш әскерінің әрекеті, Алаш әскерінің Жетісу майданындағы жорық жолдары, ақгвардияшылар баспасөзіндегі Алаш әскері жайлы ақпарлар қатарлы 90-нан астам деректі-құжаттар топтас-
тырылыпты.
Сондай-ақ тұңғыш рет алаш сарбаздарының тізімі болжамды түрде анықталып, Ақсу, Аягөз, Үржар, Мақаншы өңірлерінде құрыл-
ған Алаш сарбаздары барлығы 2 мың адамның тізімі жасалып, осылардан 700 сарбаздың аты-жөні толық анықталды.
«Болашақта жоғарыдағы тізімде есімі анықталған алаш сарбаздарының ұрпақтарын іздестіріп, сол кездегі тарихи жағдайлар туралы естіген-білген адамдардан естелік жинастыруды қолға алмақпыз. Алдағы жазда осы мәселе бойынша арнайы экспедиция ұйымдастыру ісі де қарастырылуда», деді Берік Әбдіғалиұлы.
Жоғарыдағы Алаш әскері жайлы туындының біз байқаған екінші бір ерекшелігі – мұнда нақты құжаттық деректердің молдығы. Болашақта алаштанушылар дайын деректерді пайдаланып, оны ғылыми тұрығдан тәпсірлеу мәселесі кезек күтіп тұрғаны анық.
Яғни, сол жылдары Алаш әскерінің құрамына кіретін батыс өңірдегі 3 полк, Торғай-Қостанай жеріндегі 2 полк, еліміздің шығыс бөлігінде жасақталған 5 полк және кадрлық резерв дайындауға арналған 1 полк, барлығы 10 полктың тарихы мен жорық істерін жеке-жеке талдау-зерттеу мәселесі күн тәртібінде тұр. Мысалы, алаштықтар әскерді кадрлық жасақтау үшін Орынбор юнкерлер училщесін пайдаланып, 1918 жылдың көктемінде Самарадағы ақгвардияшылар үкіметімен келіссөз жүргізу арқылы 2 млн сом ақша 2000 мылтық, 38 пулемет, 2 зеңбірек алғаны жайлы деректі аталмыш кітаптан танысу барысында, қазақ қайраткерлерінің қиын-қыстау заманда халқын қорғау жолында аянбай еңбек еткенін аңғаруға болады.
Жиын үстінде жаңадан тұсауы кесілген туынды жайлы пікір білдірген Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, бұл кітап қазақ Қарулы күш тарихының бастауын құжаттайтын тың дүние екенін атап шығармадағы құжаттардың уақыттық маңызын анықтау арқылы қазақ әскерінің пайда болу датасын тарихи тұрғыдан жаңғыруға мүмкіндік бар екеніне тоқталды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»