Әлем • 08 Ақпан, 2018

Ресейдегі президенттік сайлау: дода қыза бастады

388 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Солтүстіктегі көршіміз Ресей Федерациясында кезекті пре­зи­дент­тік сайлау үстіміздегі жыл­д­ың 18 наурызына белгі­лен­ге­нін бұрын да жазғанбыз. Қазір бұл науқанның көрігі қызып келеді.

Ресейдегі президенттік сайлау: дода қыза бастады

Ресей конституциясы бойынша президент алты жылдық мерзімге сайланады. Қазіргі президент В.Путин 2012 жылдың 4 наурызында сайланған болатын. Заң бойынша президент наурыз айының екінші жексенбісінде сайлануға тиісті еді. Бұл күн 11 наурызға келеді. Бірақ былтырғы 3 наурызда Мемдуманың бір топ депутаттары сайлау болатын аптада жұмыс істемейтін мерекелік күн болса, заңға «сайлау келесі жексенбіге ауыстырылсын» деген өзгеріс енгізу керек деп ұсыныс түсірген. Депутаттар осы ұсы­нысты қолдап, аптада «Халықаралық әйел­дер күні» мерекесі болғандықтан прези­денттік сайлауды 18 наурызға ауыс­т­ыруға келіскен.

Алайда бұл ұсыныс қоғамда ұзақ талқыға түсті, өйткені оның өзіндік сыры бар. Бұл күн – Ресей Федерациясының Қырым түбегін өзіне қосып алған датасымен дәл келеді. Сондықтан оппозициялық күштер бұл күннің В.Путинді өткізуге ықпалы болып, сайлаудың әділ өтуіне кесірін тигізеді деп қарсылық білдірген. Бірақ олардың талабы ескерілмей, бәрібір ұсыныс өтіп, 2017 жылдың 17 желтоқсанында Федерация Кеңесі сайлауды 18 наурызда өтеді деп ресми түрде жариялады. Ал егер екінші тур өткізуге тура келсе, ол күн негізгі сайлаудан кейін үш апта өткен соң, 8 сәуірде болады.

Бүгінгі таңда президенттікке өздерінің кандидатураларын ұсынуға құқысы бар саяси партиялардың тізімі толық жария­лан­ған. Өзін өзі ұсынған адамдар да анықталды. Заңға сәйкес осы соңғылар 300 мың адамның, ал парламенттік емес партиялардан ұсынылғандар өздерін қолдаған 100 мың адамның тізімін ОСК (Орталық сайлау комиссиясына) тапсырды. ОСК осы тізімдер растығының кем дегенде 20 пайызын тексеріп, сайлауға түсетін үміткерлердің біразын жария-
лады. Ал толық тізім 10 ақпанның қарсаңында белгілі болады. Әзірге сайлауға Жириновский, Явлинский, Сурайкин, Титов, Собчак, Путин, Грудинин, Бабурин сияқты 8 үміткер түсетіні белгілі болып отыр. Соның ішінде екеуі кандидат болып тіркеліп үлгерді. Олар – Ресейдің Либерал-демократиялық партиясының (ЛДПР) серкесі В.Жириновский және Ресей Федерациясының коммунистік партиясы (КПРФ) ұсынып отырған П.Грудинин.

Бұл жолы Жириновский Дональд Трамптың ізімен жүріп, миграциялық саясатты іске асырамын деп даурығуда. Онысы сырттан келетін адамдарды шек­тей­мін дегенге саятын бағдар. Соны­мен қатар сайлана қалсам барлық ірі кә­сіп­орындарды мемлекеттің иелігіне қай­тарамын, арақ, темекіге мемлекеттік монополия жасаймын деп ышқынуда. Ал коммунистер ұсынып отырған Павел Грудининнің өзі бұл партия­ның мүшесі емес, ол осы елдегі озық агро­құ­ры­лымдардың бірі – Ленин атын­дағы кеңшардың директоры. Оның қызметкерлерінің орташа еңбекақысы 78 мың рубль екені көптен бері айтылуда. Саясатқа енді араласып келе жатқан ол өзінің шешен сөйлей алатынын және жұртты сөзіне иландыратынын көрсетіп жүр. Ішкі рынокты дамытуымыз керек, ДСҰ-дан бас тартқан жөн, Орталық банк парламент пен қоғамға есеп беруі керек, ТКШ мемлекет тарапынан қатаң бақылауда болуы қажет деген сияқты оның идеяларын қалың көпшілік әртүрлі қабылдауда. Әзірге сарапшылар оның жарыстың қай межесіне дейін жететінін нақты болжай алмауда.

Ресей саясатындағы танымал тұлға­лар­дың бірі Григорий Явлинский де биыл өзінің бағын қайта сынап көрмекші. Ол президенттік сайлауға соңғы рет осыдан 18 жыл бұрын қатысып, үшінші орын алған. Мәскеудің муниципалдық сайлауында Явлинский басқаратын «Яблоко» партиясының өкілдері бірнеше ауданда жеңімпаз болған. Осы оқиға саясаткердің бүйірін қыздырған сияқты. Әйтеуір көп­тен бері белсенді саясатқа араласпай, тыныш жатқан ол бұл жолы белді бекем буып, сайлауға түскелі отыр. Әзірге ол бас­қа сырын ашпай, тек Ресейдің сыртқы сая­сатын өзгертемін деп ұран көтеруде. Бұл бағытты қолдаушылар аз емес екені белгілі.

Бүгінгі таңдағы Ресей саясатындағы танымал тұлғаның бірі – Алексей Навальный. Алайда оның сотталғаннан кейінгі ақталу мерзімі толық аяқтал­ма­ған­дықтан 25 желтоқсанда оны үміткерлер қатарына тіркеуден ОСК бас тартты. 30 желтоқсанда Ресей Федерациясының жоғарғы соты ОСК-ның А.Навальныйдың есімін үміткерлер қатарына тіркеуден бас тартқанын дұрыс деп таныды. Бірақ сая­саткер бұл шешіммен келіспей, жоғарғы соттың апелляциялық алқасына шағым жасаған еді, бұл кезеңде де ОСК шешімі өзгеріссіз қалды. Содан кейін А.Навальный Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа (АҚЕС) жүгінетінін жариялаған. Ал Еуропаның сыртқы байланыстар қызметі (бұл Еуроодақтың органы) Навальныйдың кандидатурасын тіркемеу Ресей Федерациясындағы сайлаудың демократиялық жолмен өте­тіндігіне күмән келтіреді деп жария­лады. Бұл ұйым оны 2013 жылғы айып­талудан АҚЕС-тің ақтағанын алға тар­тып, осы іспен саясаткерді тіркемеу заң­сыздық деген болатын. Алайда Ресей­дің сыртқы істер министрлігінің өкілі А.Навальныйдың «Кировлес» ісі бойын­ша екінші рет сотталғанын айтып, халық­ара­лық қоғамның ұсынысына құлақ аспады. Ал АҚШ-тың мемлекеттік де­пар­таменті оппозициялық саясаткерді тір­кемеу алаңдаушылық тудыратынын ай­тып, сайлауды әділ өткізуге шақырған еді. Бұл мәлімдемені де Ресейдің СІМ тәуелсіз мемлекеттің ішкі істеріне араласу деп бағалап, ескерген жоқ.

Ал А.Навальныйдың өзі болса барлық жақтастарын «бұл сайлау емес, тек Путин­нің қайта тағайындалуы» деп жариялап, сайлауға бойкот жариялауға шақырып жүр. 28 қаңтарда оның шақыруы бойынша елдің бірнеше қаласында осы ұрандарды көтерген ондаған митинг өтті.

Сайлауалды жарыста Антон Баков, Екатерина Гордон, Роман Худяков, Эльвира Агурбаш және т.б. өзін өзі ұсын­ған­дар үміткерлер қатарынан шығу­ды қалайтынын жариялады. Құжаттарды тол­тыру барысында Ирина Гагитэ, Сергей Полонский, Олег Булаев, Татьяна Воловик, Айна Гамзатова, Марина Копен­кина және т.б. додадан шығып қалды.

Әрине президенттік сайлауда негізгі кандидат – іс басындағы мемлекет басшысы Владимир Путин екені белгілі. Мемлекеттің қарамағындағы Қоғамдық пікірді зерттеу жөніндегі бүкілресейлік орталықтың мәліметіне қара­ғанда, оның кандидатурасын бүгінгі таңда сайлаушылардың 70 пайызға жуығы қолдайды. Осы орталық сайлаушылардың 7,2 пайызы П.Грудининге, 5,9 пайызы Жириновскийге және т.б. дауыс беруге дайын екенін де болжап отыр.

Ал «Левада-центр» тәуелсіз әлеуметтік зерт­т­еу орталығы «шетелдік агент» деген мәр­­тебе алып қалмас үшін өздерінің дерек­терін жарияламайтындығын мәлімд­еген.

Ресейдегі президент сайлауы кампа­ния­сының шығындарын ОСК 17,7 млрд рубльге бағалап отыр. Бұл осыған дейін болған сайлаулардың шығынынан көп. Сөйтіп дода енді қыза бастады. 19 ақпан­нан бастап тіркелген кандидаттар өз­дерінің сайлауалды бағдарламаларын бар­лық БАҚ-та жариялайды. 12 наурызға дейін барлық әлеуметтік сауалдамалар қорытындыларының жариялануына рұқсат етіледі.

 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»