Қазақстан • 08 Ақпан, 2018

Ветеринария бүкіл адамзатты емдейді

1750 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

 «Малым – жанымның садағасы» деген қазақтың тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малмен тікелей байланысты болғаны, дархан даланың төсінде қоралы қой, келелі түйе, үйір-үйір жылқы өргізіп, өнімдерін ішіп-жейтін азық, киетін киім, мінетін көлік етіп пайдаланғаны белгілі.

Ветеринария бүкіл адамзатты емдейді

Сондықтан төрт түлік малдың қарасын көбейтуге барынша күш салды. Күтіп-баптауға, аман сақтауға асқан ұқыптылықпен, жоғары жауап­кер­шілікпен қарады. «Бақпасаң мал кетеді...» деп мақалдатқаннан бұрын «мал-жаның аман ба?» деп құшақ жайып көрі­сетінінен көп жайды аңғаруға болады. Сонау бір зұлмат күндерде, «қарағай басын шортан шалған» зар-замандарда, жұтқа ұрынған жылдарда да төрт түлік малдың тұяғын қайта тіктеп, тіршілік көзіне айналдырып отырды. «Қой ақсағымен мың» демекші, ауру-сырқау малға ем-дом жа­сауда да алдына жан салмаған, жетік білген. Төрт түлік малда кездесетін күл (оспа), қарасан, күйдіргі, топалаң, аусыл сияқты көптеген аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы емдеу мен профилактикалық шараларды ойлап тапты. Айталық, ағылшын дәрігері Эдуард Дженнер 1796 жылы күл ауруына қарсы алғашқы екпе дәрісін (вакцина) пайдаланған болса, қазекең бұл әдісті ерте заманнан-ақ тәжірибеден өткізіп, тиімді пайдалана білген болатын. Күлмен ауырған малдың жарасынан алынған қабыршақты қайта ұнтақтап, сау малдың терісіне тырнап жаққан. Сонда малдың организмінде күлге қарсы иммунитет пайда болып, мүлдем ауырмайтынын білген. Алайда жазу-сызу жоқ заманда ойлап табылған бұл ғылыми құнды жаңалық еш жерде тіркелмеген. Қазақ жерінде мал шаруашылығы мәдениеті мен ветеринария қызметі Еуропаға қарағанда едәуір ерте дамығанына осыдан-ақ көз жеткізуге болады.

Кешегі Кеңес өкіметі кезінде ветеринария қызметіне аса көп көңіл бөлінгенін білеміз. Мал дәрігерлері кеңшар мен ұжымшардың ең беделді қызметкерлері саналатын. Мал басын аман сақтау мен көбейтуде, таза, сапалы мал өнімдерін молайтуда мал дәрігерлері бірінші дәрежелі рөл атқаратын. Компартия басшылары адамдардың саулығынан гөрі, малдың өлім-жетіміне жол бергендерді, әсіресе мал дәрігерлерін қатаң жазалайтын. Бруцеллез бен туберкулез сияқты кең тараған індеттерді жоюға жанын са­латын. Ай сайын ірі қара мен ұсақ мал­дан қан алып, бруцеллезге қарсы тексеріп, туберкулинизация өткізіп, ауру малдарды анықтап, басқа да 30-дан астам жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасап, нақ бір қиян-кескі ұрыс да­ласында жүргендей жанкештілікпен жұмыс атқаратын осы мал дәрігерлері болатын.

Ветеринария қызметінің орасан зор маңызға ие болатынының тағы бір себебі, адам ауруларының 70-80 пайызы мал және одан алынған өнімдерден беріледі. Ауру малдардың еті мен сүтінен, жүні мен терісінен, тікелей қарым-қатынаста болған адамдар түрлі жұқпалы және паразитарлы ауруларға ұшырайды. Өліп те кетеді. «Ауру – астан» дейді қазақ. Сондықтан қолға үй­ре­тілген барлық жануарлар мен құс­тардың, тіпті ара мен балық та түрлі ауру­дан таза, өнімдер сапалы болғанда ғана адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төнбейді. Кеңестік гельминтология ғылымының негізін салған академик К.Скрябиннің «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деуі тегін емес. Ветеринария қызметіне берілген ең жоғары баға осы болса керек!

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі аласапыран, жаппай жекешелендіру төрт түліктің түбіне жетті. Тігерге тұяқ қалдырмады. Мал фермалары қаңырап бос қалды. Ветеринария қызметі құрдымға кетті. Енді ғана ғой, мал басы көбейіп, мал дәрігерлерінің төбе көр­сетіп жүргені. Жай көрсетпейді, мем­­лекеттік көліктің тізгінін ұстаған үл­кен шенеунікке ұқсайды. Деген­мен, әлі де болса шалағайлық шаш-етектен. Өйткені малдың бәрі жекенің қо­лында. Сол жеке адам білгенін іс­тейді. Ауырған малын емдетуге қалтасындағы қаражатын қимаса, терісін сыпырып базарға өткізеді, не арзандау бағамен көрші-қолаңға тар­қатып жібереді. Базарларда вете­ри­­нарлық бақылау мен қадағалау бетімен кеткен. Ереже қатаң сақтала бермейді. Кешенді профилактикалық іс-шара­лар мен жұқпалы, паразитарлық ауру­лар­ға қарсы екпеге мал басы түгел қам­тылмайды. Өйткені біреудің малы жай­лауда, біреудің малы айдауда, енді бірі­нікі байлауда тұрады. Бәрі қағаз жү­зінде қатып тұр, қателік таппайсыз.

Мына нарық заманында мал дәрігерлеріне өкпелеу орынсыз. Обалы нешік, шақырту құлағына тисе шауып келеді. Ауырған малды көріп, бір құлаш дәрі-дәрмектің атын қағазға түртіп, мал иесіне ұстата қояды. Ол дәрілерді медициналық дәріханалардан ақшасына сатып алады. Мал дәрігері ем-домды жасап, қызметіне бірталай ақы сұрайды. Бересіз. Бірақ малдың аяғына тік тұрып кететініне ешкім де ке­піл­дік бермейді. Ертең жаз шыға ірі қараның жауы – «қан кеселі» қай­най­ды. Кенеден келетін кеселге екі малдың бірі ұшырайды. Ой, сол кезде мал дәрігерлерінің табысы молайып, бір жырғап қалады.

Ауданда ветеринария саласы біреу болғанымен, отауы бөлек, атауы басқа төрт мекеме төрт жаққа тартқылап жат­­қанға ұқсайды. Айталық, аудан әкім­дігінің ветеринария бөлімі, вете­ри­­нарлық инспекция, ветеринария қызметі және ветеринарлық зертхана ме­ке­мелерінің аттарынан ат үркеді. Бас-басына би болған, әр мекеме өз алдына «магнат-монстр». Бір сөзбен айт­қан­да, қойшыдан қожайын көп. Бірақ со­ларға аудан тұрғындарының көңілі тола ма? Жауапкершілігі қандай? Мә­селе сонда ғой. Жекенің малы өлсе, не амал­сыз бауыздаса ешкім де ештеңеге жауап бермейді. «Мал ашуы – жан ашуы» деп мал иесі жерге бір түкіреді. Қолдан келер қайран жоқ. Баяғыдай малдың басын сұрайтын заман емес. Дегенмен, адамзатқа, экономикаға, ауыл шаруашылығына зиянын тигізетін аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермей отырғанымызға әл-әзірше шүкір дейміз. Бұл аздық етеді. Өйткені ветеринария қызметіндегі кішкентай шалағайлық үлкен ұтылысқа ұшырататынын ұмытпауымыз керек.

 Мал дәрігерлерінің мәртебесі жайлы мандытып ештеме айта алмаймыз. Бірақ айтуға тиіспіз, айтамыз да. Адам денсаулығынан артық не бар дейсіз. Сол адамдар мен жануарлар әлемінің сау­лығын қызғыштай қорғайтын мал дәрі­герлерінің мәртебесі бәрінен де биік тұруы тиіс деп ойлаймыз.

Махамбет САПАРМҰРАТОВ,

Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Мақтаарал ауданы