«Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бекіткен «Стратегиялық даму тұжырымдамасына» сәйкес, газет ұжымы 2017 жылы алға қойған мақсат-міндеттер толығымен іске асырылғанын жеткізді. «Соның нәтижесінде бас басылымда форматтық, дизайндық және мазмұндық өзгерістер орнықты», деді басылым басшысы. «Егеменнің» тәжірибесі мен жетістіктері қоғамдағы «газет оқылмайды» деген пікірлердің теріске шыққанын көрсеткенін жеткізді. Мәселен газет таралымы биыл 206 мыңнан асып жығылса, жаңа беттер мен айдарлар ашу басылымның бұқаралық сипаты мен мазмұнының ұлғаюына мүмкіндік берді. 2017 жылғы қарашадан бастап газет дүңгіршектер желісінде сатыла бастады. Биыл газет сатылатын орындар санын жүзге жеткізу жоспарланып отыр. Газет порталы да сапалық және сандық өзгерістерге ұшырады. Дербес редакция ретінде тіркелген egemen.kz сайты латын және төте жазу нұсқасымен бірге, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат таратуды қолға алды. Қазір сайт қазақтілді порталдардың үздік үштігіне енсе, басылымдар арасында көш бастап тұр. Ағылшын тіліндегі нұсқа іске қосылғалы сайттың Франция, АҚШ, Германия, Қытай және Түркия сынды елдердегі оқылымы күрт ұлғайды. Жүзден астам адам еңбек ететін газет ұжымы жылдан жылға жасарып келеді. Жас буынның ішінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері бар.
100 жылдық мерейтой қарсаңындағы газеттің тағы бір белесі ретінде алдағы наурыз айынан бастап газет атауы латын қарпімен жаңа дизайнда шыға бастайтынын айтуға болады. Бұл ретте басылымды күнделікті 16 беттен шығару жоспарланып отыр. Сондай-ақ әлемдік ірі ақпарат құралдарымен әріптестік байланыс орнату мақсатында келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Және жақында «Егемен Қазақстан» академиясы» атты ауқымды жоба тұсауын кеседі. Жоба аясында шетелдегі қазақ журналистеріне семинар, жергілікті журналистерге түрлі тағылымдама ұйымдастырылып, журналистика факультеттері студенттерінің кәсіби шыңдалуына, өңірлік және салалық баспасөз құралдарына консультативтік-тренингтік қолдау көрсетілмек.
Сонымен бірге елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси мәселелер бойынша қоғамның пікірін білу әрі оқырмандармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында республикалық масштабта кәсіби әлеуметтанушыларды тарта отырып, кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу сынды жұмыстар жоспарланып отыр.
Ал «Казахстанская правда» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Вячеслав Пащенко былтыр басылымның негізгі ұстанымдары мен қалыптасқан дәстүрлерін сақтай отырып, дизайн форматының түбегейлі өзгер-генін, шығу кестесі де дүйсенбі мен жұма күндеріне бекітілгенін жеткізді. «Әрине, бұл өзгерістер газеттің мазмұнына да қатысты. Оқырмандар қызығушылығын оятатын айдарлар енгізілді. Тақырыптық беттер пайда болды. Конструктивті сынға, журналистік зерттеуге, сараптамаға көп көңіл бөлінді», деді В.Пащенко. Оның айтуынша, алдыңғы кезекте ақпараттық емес, сараптау тұрғысындағы жеделдікке басымдық берілді. Газеттің kazpravda.kz сайтына да редизайн жүргізіліп, интернет-портал жаңа мультимедиалық жобаларды іске қосты. Осы арқылы жұма сайын балалар өзінің арманындағы мамандықтармен қалай танысатыны туралы бейнетарих жарыққа шығады. Бұл жобаға астаналық балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қатысуда. Сонымен бірге әлеуметтік желілердегі жазылушылар қатары да ұлғайып келеді.
Брифинг барысында қос басылымның басшылары ақпараттық өнім сапасын жетілдіру бағытындағы басқа да жобаларды таныстырып, бірқатар сауалдарға жауап берді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»