Руханият • 08 Ақпан, 2018

Ысырапшылдық ырысты қашырады

769 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ысырапшыл дәстүр­ден арылайық!» деген мақаланы («Еге­мен Қазақстан», 08.12.2017 жыл) оқып отырып, ой орамынан шыға алмай қалдым. Неге десеңіз, жерлеу рәсіміне ке­тетін шығынды есеп­тесеңіз біраз келеңсіз жағдайға тап боласыз.

Ысырапшылдық ырысты қашырады

Ертеректе Ислам дінінен хабары бар бір кісінің айтқан әңгімесі осы күнге дейін жадымда. Көршісінің әкесі қатты ауырыпты. Дімкәс әкесін қаратуға дәрігерлер мен емшілерге жүгінеді. Еш нәтиже болмаған соң әкесінің ауруы дендеп қай­тыс болады. Әкесін соңғы са­парға шығарып салу үшін ба­ласы қатты қиналады. Дін­дар көршісінен ақыл сұраудың орнына, бәленбай жердегі ту биені жеткізу, қалаға барып мәуе – жеміс-жидек, тағы басқа заттарды әкелу, екі-үш қазан күріш басу, есіктің алдынан ұзына бойы бірнеше қатар дастарқан мәзірін дайындау, жыртыс, шапан жабу, тағы сондай көптеген таусылмайтын жоралғыларды тауып, қазаға келген кісілерді құрметтеу рәсімімен айна­лысып кетсе керек. Әлгі ба­ла қаза болған әкесін мың сан жұмыспен жүріп ұмы­тып кетуге шақ қалады. Ал діндар көршісі азалы үй иесіне осының барлығы бекер, ысырапшылық деп түсіндірумен әлек. Марқұм­ның баласының уәжі «Әкем­нен немді аяймын» деп қарызға белшесінен батқан.

Сарыағашта тұратын құда­ғиымыз қай­тыс болды. Сонда бір байқағаным, сырттағы ошақта үлкен қа­зан төңкерулі тұр. Алыстан келген біздерге жаназаға дейін біраз уақыт барын ескеріп, көршісінің үйін­де жеңіл дәм бергізді. Жа­на­задан кейін Құран ба­ғыштап елге қайтып кет­тік. Елдегілерге осы көр­генімізді айтып ек, теріс көрмей құптады. Қайсыбір жылдары елді мекендерде ысырапшылдыққа жол бер­меу жөнінде бастамашы бол­дық. Өзіміз қатысқан Арыс қаласының іргесіндегі Сыр­дария елді мекенінде азалы үйдің иесі ас-су бер­местен, жыртыс, шапан жаппастан, ата телім үлес­тірмей, тамақ бермей-ақ марқұмды ақтық сапарға шы­ғарып салғанымыз естен кете қойған жоқ. Біздің бай­қауымызша, жыртыс үлес­тіру, тамақ беру, тағы басқа жоралғы жасаумен тынса бір сәрі. Көбіне олай бола бермейді. Жұрт азалы үйдің иелерін құрметтеп, берген асын толығымен тауысып ішсе мақұл. Керісінше, бір-біріне дауыс көтеріп сөй­леу немесе ыржыңдап бір-бірін мұқатып отыруы ерсі екені даусыз. Одан да тамақ ішпей-ақ, жыртысқа таласып, дауға айналдырмай-ақ азалы азаматтарға көңіл айтса жетерлік болар еді. Бұл сауаптың үлкені болмақ. Болмашы дүние жүрген жер­де сөз қабаттасып жү­ре­тіні екі бастан белгілі. Азалы үйге үлкен ауырт­палық түседі. Соны біле тұ­рып, өсімге ақша алып қиналғанша, марқұмға азын-аулақ дастарқанға құ­ран бағыштасаң да жетеді емес пе! «Өлім бардың ма­лын шашады, жоқтың ар­тын ашады» деген сөз шын­дыққа келіп тұрған жоқ па!

 

Жаңабай ЕРКЕЕВ, зейнеткер

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Арыс қаласы,

Сырдария елді мекені