Қазіргі таңда түрік садақшыларының әдіс-тәсілін әлем үйренуде. Мұндай түркілік игіліктің кең өріс алуына жол ашып отырған Анкарадағы Юнус Эмре институты. Жақында аталмыш институттың елордадағы өкілдігі мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы келісе отырып, Астана төрінде этникалық садақ ату курсын ашты.
«Мұндағы мақсат – түрік бауырларымызбен бірлесіп, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай халқымыздың генетикалық ептілігін ояту және ұлттық кодын жаңғырту», дейді ҰСТҚ-ның вице президенті Ерлен Оспанов мырза.
Осы орайда, жоғарыдағы шараға ұйытқы болып отырған мекеме түркиялық Юнус Эмре институтының Астанадағы өкілдігі директорының міндетін атқарушы Алмагүл Исина ханымға жолығып, мән-жайға жете қанықтық.
– Этникалық садақ ату спорты әлем халықтарына ортақ мұра десек те, осы бір жауынгерлік өнердің ұшар басында түркілер тұрғаны ежелгі тарихтан белгілі. Зерттеушілердің пікірінше, адамзат тарихында алғаш рет садақшылар (мергендер) қосынын дүниеге әкелген ғұндар дейді. Біздің ата-бабаларымыз ғұндардың тікелей мұрагері екенін ескерсек, этникалық садақ ату өнері қазіргі түрік халықтарын түп тамырымен табыстыратын идеологиялық үрдіс, – деді Алмагүл Тұрғанбекқызы.
– Алмагүл ханым, сіздің пікіріңізше, этникалық садақ ату өнері халқымызды түркілік бірегейлікке бастайтын жол болғаны ма?
– Әрине. Түркияда этникалық түрік садағын жаңғыртуды мақсат еткен Садақшылар қоры деген бар. Қордың құрметті төрағасы Билал Ердоған. Осы қор Юнус Эмре институтымен бірлесіп «Кеманкеш» (садақшы) деп аталатын жобаны жүзеге асыруда. Қазірдің өзінде жобаның алғашқы сатысы ретінде – өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында Ыстанбұл қаласында халықаралық тренинг өтті.
Оған Германия, Босния-Герцоговиня, Марокко, Палестина, Иран, Жапония, Катар, Қазақстан, Кипр, Ливан, Малайзия, Мысыр, Польша, Сербия, Судан, Йордания қатарлы 40 елден келген садақшылар қатыстырылды. Бұлар қаланың ескі тарихи ауданы Ок Мейдандағы жаттығу айлағына орналасып, жүйелі дәріс үйренеді.
– Шетелдік садақшыларды жоғарыдағы тренинг-курсқа тартудың шарты қандай?
– Шетелдіктерді жоғарыдағы садақшылар курсына қатыстыру ісімен сол мемлекеттегі Юнус Эмре институтының бөлімшелері айналысады. Дәл қазір әлем бойынша этникалық түрік садақ ату өнерін үйренуге 550 адам ниет білдірсе, осының 200-і әйелдер. Ал Қазақстаннан 3 садақшы жоғарыдағы курсқа қатысты. Курс бітірушілерге арнайы сертификат берілді.
Келесі бір айта кететін дүние жоғарыдағы жобаның шарты бойынша қазір әлемнің 16 елінде этникалық садақ ату курсы ашылуда. Жаттығуға қажет – садақ, жебе, қорамсақ, нысана сияқты материалдық жабдықтар қор есебінен толықтырылуда.
– Астана қаласында ашылған садақ ату курсы да жоғарыдағы жоба аясында іске асып отырған дүние ме?
– Дәл солай. Қазірдің өзінде курсқа 40-тан астам астаналық тіркеліп үлгерді. Елордамыздағы «Алатау» спорт кешенінде аптасына екі дүркін, әрбірінде біржарым сағаттан сабақ өтіп жатыр.
– Курстың бағдарламасы жайлы айтып өтсеңіз?
– Курстың бағдарламасы барлығы 36 сағатты құрайды. Дәріс кезінде садақтың құрылымы, садақ тарту техникасының қыр-сыры үйретіледі. Сонымен қатар Анадолыдан білікті мамандар келіп, шеберлік сағаттарын, семинар, көрме өткізеді.
Одан кейін курсқа қатысушылар арасында сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар шет елде өтетін халықаралық жарысқа жолдама алады. Әрі қарай шеберлігін жетілдірем десе, Түркияға барып, нағыз майталман ұстаздардан дәріс алуға мүмкіндік бар.
– Жоғарыдағы курсқа қатысам деушілер кімге, қайда хабарласады?
– Курсқа қатысуға ниет білдірушілердің жасы 18-ден асқан болуы шарт. Жыныстық және әлеуметтік тұрғыдан шектеу жоқ. Толық мәліметті Юнус Эмре институтының Астанадағы бөлімшесіне хабарласып алуға болады.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА