Спорт • 08 Ақпан, 2018

Байрақты бәсекеден медаль күтеміз

530 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ертең Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIIІ Қысқы Олимпия ойындары салтанатты жағдайда ашылады. Бұл Оңтүстік Кореяда өтетін алғашқы, Азия құрлығында Саппоро (1972) мен Наганодан (1998) кейінгі үшінші Ақ Олимпия ойындары болмақ. 

Байрақты бәсекеден медаль күтеміз

Дерек үшін айта кетсек, Қысқы Олимпиадаға қатысатын құрамалар арасында спортшылар саны бойынша АҚШ алда тұр. Бұл елден спорттың барлық түрі бойынша 242 спортшы қатысады. Канада – екінші орында. Үйеңкі жапырақты елден Пхенчхандағы додаға 226 спортшы қатысады. Ал Олимпия ойындарына алғаш рет қатысайын деп жатқан алты мемлекет бар. Олар: Эквадор, Эритрея, Косово, Малайзия, Нигерия және Сингапур.

Олимпиада бәсекелері екі кластерде, яғни Пхенчхан тау кластері мен Каннын жағалау кластерінде орналасқан 12 спорт кешенінде өтеді. Биылғы ақ қар, көк мұз үстіндегі аламанда әлемнің 92 елінен 2925 қысқы спорт­тың небір хас шеберлері бақ сынайды. Мамандардың айтуынша, биыл Олимпия ойындарына қатысушылардың саны рекордтық көрсеткішке жеткен.

Әр төрт жыл сайын өтетін байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасы сапынан 46 спортшы қатысатынын, олар спорттың тоғыз түрінен жалпы саны 57 жолдама алғанын газетіміздің өткен сандарында кеңінен жазған болатынбыз.

Еліміздің шорт-трек құрама командасы Олимпиада ауылына төрт күн бұрын орналасып, елдің климат жағдайына бейімделіп қалған. Шорт-трек­­шілер Олимпиадаға де­йін Жапонияда дайындалып, Пхенчханға сол елден барған. Олар төртінші ақпаннан бері Кан­нынның негізгі және қо­сымша мұз айдындарында Нидерланд спортшылары­мен бірге жаттығып жатыр. Естеріңізге сала кетейік, қазақ­стандық шорт-трекшілер негізі әу баста он лицензияны жеңіп алған. Кейінірек оған тағы екі квота қосылды. Өйткені Швеция ұлттық олимпиадалық комитеті 1500 метр қашық­тықтағы лицензиясынан бас тартқандығын мәлімдеді. Сон­дай-ақ Халықаралық Олим­пиада комитеті ресейлік шорт-трек­шілерді Пхенчхан ойындарынан шеттетіп тастаған. Сөй­тіп Қазақстан құрамасының қор­жынына тағы екі жолдама түскен-ді.

Олимпия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің көк туын ұстап шығатын Аб­зал Әжғалиев Олимпиада ал­дында аздап қобалжу бар еке­нін айтады. Себебі туды ұс­тап шығумен қатар, елге көк ту­ды биікке көтеріп, медальмен оралу міндеті жүктелгенін де сезінеді. «Аздап қобалжу бар еке­нін жасырмаймын. Бай­рақ­ты ұстап шығумен қатар, оның жауапкершілігі деген бар. Барлық қазақстандық жан­күйер­лер бізге үміт артып, медаль күтіп отыр. Осы жарысқа тыңғылықты дайындалып, Олимпиада барысында жоғары жетістіктерге жетемін деп ойлаймын», деп ағынан жарылды Абзал Әжғалиев.

Шетелдік «Gracenote» статис­­тикалық агенттігі Пхен-ч­хан­да басталатын ХХІІІ Қыс­қы Олимпия ойында­рында Оңтүстік Корея жерінде Гер­мания құрамасы жалпы­коман­далық есепте бірінші орын алады деп болжауда. Агент­тік сарапшылары неміс спортшылары 15 алтын, 10 күміс, 14 қола медаль еншілейді деп топшылап отыр. Екінші орын­ға Норвегия спортшыларын қойған. Скандинавия түбегінің өкілдері 13 алтын, 14 күміс, 13 қола медаль жеңіп алу­ға қау­қарлы екен. Үздік үштікті АҚШ құра­масы (11 алтын, 6 күміс, 12 қола) түйіндейді деп болжанып отыр.

Қорыта айтар болсақ, алдағы аламаннан еліміздің спортшылары нақты қанша медаль алатынын біз де, сіз де тап басып болжай қоймаспыз, бірақ спортшыларымыздың дайын­дығы өте жоғары деңгейде еке­ніне көзіміз жетіп отыр. Қа­зақта баласы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақым қысады дейді ғой. Байрақты бәсекеде сынға түсетін сайыпқыран саң­лақтарымызға сәттілік тілеп, елге медальмен абыройлы оралуын тілейміз.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»