Медицина • 08 Ақпан, 2018

Хат қоржын (08.02.2018)

787 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Хат қоржын (08.02.2018)

...ой қосады

Мал көбеймей, өнім көбеймейді

«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Айқын аграрлық сая­сат қажет» атты мақалаға үн қосайын деп отырмын. Өзім ұзақ жыл Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінде, ауылшаруашылық басқар­масында жауапты қызмет атқарған соң бұл саламен жақсы таныспын.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы әлдеқашан өтті, сонда да болса ауыл шаруашылығы әлі еңсесін тіктей алмай келеді. Дүкенде сапасы күмәнді шетел өнімдері қаптап тұр. Мұның себебі «беталды жүгіріс көп, нәтиже аз» деген автордың пікірімен келісе отырып, дұрыс бағытта, кешенді жұмыс істеудің орнына сырт көзге көрсетуге арналған, «соңы не боладыға» жаны ашымайтын, қысқа мерзімді шаруалар жасау деп нақтылар едім.

Шаруаны ойлайтын маман қыруар ақшаға ұрғашы мал сатып алмайды. Керегінше аталық мал алып, қолдағы малын асылдандырумен айналысады. Өз отанында етті ірі қара малы бола тұра, шетелден өзінікінен кем болмаса артықшылығы жоқ өзге етті тұқымды мал сатып алмайды! Шаруаны ойлайтын маман өзімізде жетпесе де алыс-жақын шетел бізге әкеліп береді деген жауапсыз есеппен, қозы соятын ірі комбинат салмайды! Және ол ешкі басын өсіріп алмай тұрып ешкі сүтін өңдейтін цех салмайды!

Жалпы, соңғы уақытта өңдеу цехтарын салу сән болып бара жатқан сияқты. Мал басы көбейіп, оған мал азығын өсіріп, дайындайтын кәсіпорындар ашылып жатыр, олар жаңа технология пайдаланып жатыр деген хабар естімейміз. Сонда бұл төрт түлік даладағы киік сияқты өзінен өзі өсіп, енді тек шетінен ұстап, соя беруге цех жетпей жатыр екен-ау деген ой келеді.

Қуаныш ҚҰСАЙЫНОВ,

зейнеткер

Орал

 

...үлгі етеді

Кітап оқитын оқушылар артып келеді

Бүгінгі оқушылар кітаптан гөрі ғаламторды парақтағанды тәуір көретіні рас. Осы ретте біздің мектеп ұжымы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін басшылыққа ала отырып жаңа жобаны қолға алды. Бұл жобаның мақсаты – оқушыларға көркем әдебиетті оқыту, сол арқылы олардың ой-өрісін кеңейту. Жоба аясында шәкірттерімізге орыс және ағылшын тілдерінде де 3 кітапты оқытып, мазмұнын айтқызып, еліміздегі үштілділік бағдарламасын да қамтып жатқан жайымыз бар.

Мектеп кітапханашысы Қ.Құмарсағитова мен мектеп директо­рының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Бейсенбин бірлесе отыра оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай көркем шығармалардың тізімін жасап, іс-шаралар жоспарын әзірледі. Осының нәтижесінде оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығы артты, кітап оқитын оқушылардың қатары көбейді. Жоба шеңберінде «Мектепке кітап тарту етеміз» акциясы жүргізілуде, алдағы уақытта «Ата-ана мен бала­сының бірлесе оқуы» байқауын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оқырмандарды ынталандыру мақсатында «Ай оқырманы» атты ауыспалы белгі әзірлеп, кітапсүйгіш оқушыларды марапаттамақ ойымыз бар.

Т.БАЖАЕВА,

К.Шәкенов атындағы орта мектеп мұғалімі

Шығыс Қазақстан облысы,

Жарма ауданы,

Жаңаөзен ауылы

 

...өкініш білдіреді

Жұмыссыздықпен жұмыла күресейік

Үкімет жұмыссыздықты жою үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, оның жүзеге асуын жіті бақылап отыр. Нәтижесінде жұмыссыздық бұрынғыға қарағанда едәуір қысқарды, халықтың тұрмысы біршама жақсарды. Алайда жұмыссыздық толық жойылды деп айта алмаймыз. Соның салдарынан қоғамда тұрмысы төмен, халықтың әлжуаз тобы азаймай отыр.

Бүгінде жұмыс жасындағы жастардың едәуір бөлігі әр нәрсені бір сылтау етіп, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүргенді қалайды. Сонымен қатар қолынан келетін кәсіп іздеп, бір кәдеге жарауға ынта-жігер таныта бермейді. Жастардың бәрі осындай бағытта десем, артық айтқандық болатын шығар. Ауылда туып, ауылда өскендіктен көптеген ауыл балаларының өз бетінше нан табуға құлықсыз екендіктерін айқын байқап жүргендіктен, осы жайлы атап айтқым келеді. Қоғамымызда қандай да бір адам тағдырын тәлкек ететін, өкіндіретін келеңсіз жағдайлар етек алып жатса, соның бәрі жұмыссыздықтың, жатыпішерліктің салдары екендігі күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Жұмыссыздық белең алған сайын қоғам дамуына кедергі келтіретін кесапаттар көбейе беретіндігіне талас жоқ. Меніңше, жұмыссыздық мәселесі ел болып қолға алатын үлкен шаруа. Бүгінгі күнге дейін осы мақсатта атқарылып жатқан істерімізден ілгерілеушілік аса байқалып жүрген жоқ. Сондықтан жұмыссыздарға қажетті жағдай жасауға қамқорлықпен қарайтын уақыт жетті деп ойлаймын.

Қазақбай БАЙЖҰМАНҰЛЫ,

Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Жамбыл облысы

 

...батасын береді

Балабақшаға ата-аналар риза

Өткен күз айында Петропавлдағы «Юбилейный» шағын ауданында 90 орынға арналған «Нұр бала» балабақшасы ашылып, ата-аналар ризашылығына бөленген болатын. Балабақшада 3-6 жас аралығындағы балалар үшін 4 топ құрылып жұмыс істейді. Бұл шағын ауданда халық көп қоныстанғанмен бұған дейін мектепке дейінгі ұйым болмады. Жалпы, Петропавлда 3-6 жас шамасындағы балалардың көпшілігі мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілген. Осындай игілікті істі қолға алып, жүзеге асырған азаматтарға тұрғындар батасын беріп, ризашылықтарын білдіреді.

«Нұр бала» балабақшасы «Егоровские склады» ЖШС-мен келісім­шарт бойынша салынған. Бұл аталмыш компанияның Петро­павлда салған екінші мектепке дейінгі мекемесі.

Аман БОЛСЫН

Петропавл

 

...пікір айтады

Әділет жолындағы арпалыс

Мұқадас Балажановтың «Зонадағы тағдыр» атты шығармасындағы бас кейіпкер – Мұхит әділет үшін күресемін деп темір торға түседі. Қыздың арын қорғап, арсызға дене жарақатын салғаны үшін сотталып кетеді.

Кітапта тек қана қазіргі түрме жайы емес, бұрынғы темір тор жайында да басылымдарда айтылмаған тарихи шындық айтылады. Қазақстанда 1930-1950-ші жылдарда қандай, қанша түрмелер мен лагерьлер болды, алғашында олар қалай аталды бәрі тарихи атымен аталады. Бұл түрмелер мен лагерьде КСРО бойынша алаш зиялылары бастатқан көрнекті қоғам, мәдениет, әдебиет қайраткерлері, ғалымдар және соғыс өнерін меңгерген әскери қолбасшылар, олардың әйелдері аты-жөнімен нақты айтылады.

Мұқадас Балажанов 25 жылдай қылмыстық-атқару жүйесінде еңбек еткен. Осы жылдардың ұзақ уақытында қатаң режімдегі түзеу мекемелерінде басшы болған. Қазір запастағы ішкі қызмет полковнигі. Мұқадас Тұмабайұлының зонадағы тағдырлар туралы жақсы білетіні осыдан. «Зонадағы тағдыр» атты кітапты оқып шығып, әділеттің әрқашан да жеңетініне көзің жетеді.

Назрахмет ҚАЛИ

АЛМАТЫ