Рашид Құлбатыров – сурет өнерінде өзгелерге ұқсамайтын, өзіне ғана тән әдемі иірімдерімен ерекшеленетін дарын иесі. Өнердегі әріптестері оны «табиғат ландшафтары мен қала ансамбльдерінің жыршысы» деп бекер айтпаса керек. Қылқаламын аса шеберлікпен жеңіл тартатын оның кенебінен Қазақстан мен Еуропаның үлкенді-кішілі қалаларының панорамаларын, қазақ даласының шетсіз де шексіз жазирасын, Іле Алатауындағы жоталардың биік шыңдарын, Каспий теңізінің әсем көрінісін, көшпенділердің дәстүрлі ауылдарының тұрмыстық композицияларын көптеп кездестіруге болады. Суретшінің картиналары Канада, Америка, Германия, Франция, Түркия, Грекия және Чехияда жеке коллекцияларда сақтаулы.
«Шабыт» автордың ауқымды жеке көрмесінің ғана емес, оның шығармашылығын біріктіретін тұжырымдаманың да атауы іспетті. Құлбатыров шығармашылығын қадірлеушілер кескіндемешінің акварельдің күрделі әрі талғаулы техникасын аса шеберлікпен меңгергенін айтады.
– Суретшінің шығармашылығында қала пейзажы жанрының алар орны үлкен. Рашид Алматының жаңа даңғылдары мен ескі көшелерін ғана суреттеп қоймайды. Оның қала пейзаждары галереясында Алматыдан басқа Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ыстанбұл, Рим, Руан сияқты қалалар мен қала маңының және өзі саяхаттап барған жерлерінің көрініс-келбетін суреттейтін пейзаждары да бар. Рашид Құлбатыров жұмыстарын көбінесе пленэрге шығып, табиғат аясында жазғанды жаны сүйеді, себебі бұл – оның шығармашылығына дем беретін қуат көзі. Қала мен оның маңын жазғанда Рашид жорамалға жол бермейді, яғни далалы жер мен таулы жердегі ауылдарды, олардың өмір тіршілігінің ерекшелігін қоса баяндаған кезде, шығармашылық процеске толығымен беріліп, ендігі жерде қылқаламымен емес, жанымен жаза бастайды. Адам жүрегінің генетикалық жады бар деседі. Көшпенділер ұрпағының бойындағы қан дала адамдарының тыныш әрі емін-еркін өмір ырғағын рахаттана баяндайтын кескіндемешінің шығармашылық ойымен бірге жылжи ағады, – дейді көрме жетекшісі Оксана Танская.
Жоғарыда айтқан қала пейзаждары мен дала ландшафтары, көшпенділер тұрмысы мен адам тағдыры жайлы шағын баяндаулар оның әлемінде мүлде бөлек қырынан көрініс табады. Ашық, қанық түстер көктем мен күзге өзгеше рең беріп көрерменді өзіне тарта түседі. Ақпан айының соңына дейін жалғасатын көрмеге қойылған әр шығарма автордың сурет өнеріне деген биік пайымын аңғартатындай.
Пайыммен жазылған пейзаждар...
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ