Аймақтар • 09 Ақпан, 2018

Зейнолла Серікқалиұлы ардың өлшеміндей азамат еді

1737 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Зейнолланы еске алмай тұра алмайсың. Оны көп нәрсе еске түсіреді. Жақында профессор Жұбатқан Ниетқалиевпен кездейсоқ кездесіп, біздің журналист екенімізді білген соң, ол сұрақтың астына алды: «Зейнолла Серікқалиұлын білетін бе едіңіз?» деді. Білгенде, университетте бірге оқығанымызды, жарты ғасырдай жақын араласып жүргенімізді айтқанда, ол «Ал мен мектепте бірге оқығанмын» деп әңгімені ағытқаны-ай! Менің көз алдыма періштедей бала Зейнолла көлбеңдеді. 

Зейнолла Серікқалиұлы ардың өлшеміндей азамат еді

Жақында Семейдің «қара шалы» – отыз жылдан астам уа­қыт Абайдың музей-үйінің шырақ­шысы болған Төкен Ибрагимов дүниеден озғанда да, бірден Зей­нолла ойға оралған. Сол «қара шал­дың» Зейнолланы Жазушылар үйі­нен шығарып салғалы жатқанда Се­мейден жетіп, аңырап дауыс салып келгені қазалы қауымның есінде. Жайшылықта да сол Төкең: «Бұл Серікқалиев тек жақсылық­тан ғана жаралған жан ғой» деп сыр төгер еді.  
Иә, наурыз айы келгенде де біз Зей­нолланы еске аламыз. Сонда жұрт наурыз мерекесін тойлағалы жатқанда, жайсаң жанның демі таусылып, сол Ұлыстың ұлы күні оны ақырғы жолға шығарып сал­ған­быз. Жазушылар үйіне онымен қоштасуға қаншама адам жиналды десеңізші! Туған қызындай бол­ған Қымбат қарындасымыз: «Са­ғынады сан жүрек, сағынады, Ғұмыр кешу бақыт қой мағыналы, Қа­занаттай қазақтың азаматы, Қас­қайып жүре тұрса неғылады!» деп жоқтау айтқанда, жұрттың сай-сүйегі сырқырағаны да еске түседі. Жүре тұрғанда, Зейнолла Серікқалиұлы бүгін 80-ге келер еді-ау. Ал ол бұдан 14 жыл бұрын дү­ниеден өтті. 

Уақыт – емші. Қайғыны да жа­зады екен. Ол туралы мұңды ой бірте-бірте сағынышқа айналып, оның азаматтық келбетін, мінездерін еске алып, жақсы доспен қайта кезіккендей болады екенсің. Мұңды сағыныш үнемі оны іздетеді. Бір жақсылық болғанда, осыған Зейнолла қалай қуанар еді дейсің. Көңіліңді құ­лазытқандай кемшілік кезіксе, әл­дебір сорақы қылыққа куә бол­ғанда, осы сәтте Зейнолла не дер еді, қандай әрекетке барар еді дей­сің. Ол ардың өлшеміндей азамат еді ғой.

Әрине Зейнолла Серікқалиұлы ту­ралы айтқанда, ең алдымен оның шығармашылығына, соңына қал­дырған мұрасына, еліміздің рухани өмірін кемелдендіру мақсатында атқарған қызметіне тоқталған жөн. Ол университеттің журналис­тика факультетін бітіргендіктен де, еліміздің біршама баспасөз орын­дарында жемісті еңбек етті. «Пио­нер», «Жұлдыз» журналдарында, «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Қазақстан», «Раритет» баспаларында оның айшықты із­дері қалған. М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­­титутындағы жауапты жұмыс­тарымен бірге, Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде ұзақ жыл қызмет атқарып, ұлы жазушының толық шығармалар жинағын шығаруға то­лымды үлес қосты. Баспа, по­лиграфия және кітап саудасы комитетіндегі басшылық қыз­метінде де, Парламенттегі қыз­меттерінде де талай игі істердің ба­сында жүрді. Мұның бәрін қан­шалық жақсы атқарғанымен, жалақы алып, күнкөрістің қажетін өтеген ісі десек, қоғамдық негіздегі Жазу­шылар одағы басқармасының мү­шесі, Сын кеңесінің төрағасы, Жазу­шылардың халықаралық қа­уым­дастығы тексеру комис­сия­сының мүшесі, БҰҰ-ға жәр­демдесу қауымдастығы бас­қар­масының мүшесі, Үкімет жа­нындағы Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комис­сияның мүшесі ретіндегі атқарған жұмыстарының да өзі не тұрады?!

Қалдырған мұрасы деген­де, ғылыми-зерттеу, сын кітап­тары, тамаша аудармалары, мә­де­ниет, өнер жайындағы таным­дық жинақтар үлкен сөрені тол­ты­рар еді. Әсіресе сын кі­тап­­тарында әдебиетіміздің, өне­ріміздің, мәдениетіміздің келелі мәселелері терең ғылыми негізде, философиялық пайымда талданды. Кітаптарының бір ерекшелігі – олардың мазмұны, көтерген мәселесі қосалқы атауынан айқын аңғарылып, оқырманды ойға шақырып тұрар еді. Қараңыз: «Ой­лар, толғаныстар. Қазақ әде­биетінің қазіргі мәселелері» (1967), «Жылдар сазы. Әдеби сын, зерттеу» (1971), «Ақыл тара­зысы. Ғылыми және көркемдік та­ным ерекшеліктері» (1976), «Ақ жол. Сын кітабы: мақалалар, зерт­теулер» (1990), «Дүниетану да­налығы. Жоғары оқу орындары ұстаздары мен студент жастарға арналған оқу құралы» (1994), «Тағдыр және біз. Әде­би-сыншылдық көзқарастар, тол­ғаныстар, эссе» (1997), «Алтын жамбы. Қазіргі көркемдік ой танымдарына көзқарас: талдау, тол­ғаныстар» (2001). 

Негізгі кітаптарын атасақ та, оған талдау жасауға жүрегің да­­уа­ла­майды. Тым күрделі. Ауқым­ды. Бір-екі ауыз сөзбен олар­­ды­ тұжырымдай алмайсың. Ай­тар­ кеңесің – оларды оқу керек. Өкін­бейсің. Санаң байиды. Бұл кітаптарға халықаралық «Алаш» сыйлығы, Мемлекеттік сый­лық жайдан-жай берілген жоқ. Сол асыл дүниелерден Зекеңнің өзін, оның азаматтық келбетін тапқан­дай боласың. 

Енді оның сол азаматтық кел­бетіне ойысайықшы. Мұны оның әр қадамынан, басқалармен қа­рым-қатынасынан, жай жүріс-тұ­рысынан да аңғарар едің. Зей­нолла қуана да білетін, арға тиетін әрекетке кезіксе ренжи де ала­тын. Қуанатын кезі көп еді. Жол­дастарының, таныстарының қуанышы оның да қуанышы болар еді. Қуанғанда, ерекше қуанар еді. Өзінше, Зейноллаша қуанар еді. 

Оқуды бітіргеннен кейін мен сыртта біраз жыл жүріңкіреп, Ал­матыға кейінірек оралдым. Зей­нолла алдымнан шықты. Өзі жақын араласатын ортаға кіргізгісі кел­ген. Асқар Сүлейменовпен та­ны­суым есте қалыпты. Зейнол­ланың қалағанына қара­май, етене жақындасып кете ал­мадық. Үшеуіміз бір отырғанда: «Мынау нахальный, өз дегеніне бас­қаның көнгенін қалайды. Сен оған көнбессің. Тек ренжісіп қал­­маңдар» деп күлген. Рас, жа­қын табыса алмадық. Сыйлас­тық­пен шектелдік. Оның есесіне, Ай­тоты-Қымбат апамызбен тіл табыс­қанымыз ешқашан ұмытыл­майды.

Асқар дүниеден өткеннен кейін оның анасы жайында Зейнолла аңыздай әңгіме айтты. Апамызға сәлем беріп қайтайықшы деп өті­ніш айттым. Сөйтіп Зейнолла екеу­міз Үлкен Алматы өзенін бой­лап, тау жаққа қарай жаяу тарт­тық. 5-6 шақырымдай жүріп жет­тік. Қымбат апамыз Асқардың баласы, өзінің немересі Әлішердің үйінде тұрады екен. Қандай кездесу болды десеңізші! Айтоты-Қымбат апамызбен кездесуіміз, ол кісімен сұхбаттасу өз алдына әңгіме. Қазіргі менің айтпағым – Зейнолланың өз достарының туыстарымен қарым-қатынасы. Мұн­дай қарым-қатынас адамдарына қарай қалыптасатын шы­ғар. Асқардай ұл өсірген адам да тегін емес. Зейнолла – сол ұл­д­ың досы.  Жиірек кездесетін ай­налып-толғану, көзге алып, жас елжіреп жату емес, біртүрлі он­дай күйректіктен жоғарылау, дег­дарлық қарым-қатынас. Көңілді кө­теретін, адамды өзімсітіп жа­қын­дата түсетін жұмсақ, әдемі қал­жыңдар қандай! Асқар анасымен қатты қалжыңдасады екен.  Зейнолла да қалжыңға басты. Асқар қандай болса, мен де сондаймын дегенді сөзбен емес, осындай қа­рым-қатынаспен аңғартты. Кейін Зей­нолла дүниеден озғанда Айтоты апамыз оның отбасына келіп, туған баласынан айырыл­ғандай жоқтады. 

Жолдастыққа мәрттік, дос­қа адалдық оны айрықша ерек­шелендіріп тұратын. Бұған қа­тысты әңгіме көп. Зиялы қауым­ға белгілі азамат, телевидение және баспа ісінің белгілі қай­рат­кері Мақсұт Әубәкіров бәрі­міз бірге оқыдық. Жан-жақты шы­ғармашылық қабілеті бар азамат біраз жыл түрлі әкімшілік қызметте жүрді де. Өзінің шы­ғармашылық мүмкіндігіне он­ша көңіл бөлмеді, әйтпесе төгіл­тіп-төгілтіп өлең де жазатын, мөл­діретіп көсемсөзді де жазып тас­тайтын. Бірақ сол қабілетіне көп мән бере қоймайтын. Соған бәріміз де, әсіресе Зейнолла көбі­рек ренжігендей болатынбыз. Жаз­сайшы дейтінбіз.

Мақсұт біршама жазып та жү­ріп­ті. Сол жазғанынан үзінді­лерін кейін газет-журналдарға да бастырды. Өкінішке қарай, ат­пал азамат өмірден ертерек оз­ды да, жазып жүрген үлкен шығар­масы аяқталмай қалды. Сол дүниені Зейнолла қолға ал­ды. Біраз шаруа­сы бар екен. Тіп­ті біткен дүниені автордың қай­та қарайтыны да бар ғой, ал біт­пеген нәрсені аяқтау оңай емес. Соған Зейнолла бірнеше айын арнап, тапжылмай отырып бітіріп шықты. Ол өзі қағазы жоқ, кітап шығарудың қиыннан қиын кезеңі еді, тағы да бір баспагер Нұр­махан Оразбектей жомарт азамат араласып, роман жарық көрді. Мақсұтқа үлкен ескерткіш тұрғызылды. Зейнолла болмаса, сол кітаптың шығуы екіталай еді. Оған Зейнолланың жазушылық таланты, жан жомарттығы керек еді. Мұндай қасиеттердің бас­қалардан табыла беруі де сирек қой.

Әйтпесе оның ақын Өмірзақ Қожа­мұратовтың шығармашылық мұра­сына қамқор болуы – азамат­тықтың биік өнегесі. Жұрт өз кіта­бын шығара алмай жатады.­ Ал Зейнолла осынау ақын­ның қол­жазбаларын іздеп Өзбек­стан­ға барып, басын құрап, екі кі­тап шығарды. Бір ақынды қай­та ті­рілтті десек болады. Бұл Зейнол­ладай үлкен жүректі азаматтың ғана қолынан келеді. 

Адамдардың танылатын нәр­сесі көп қой. Тіпті қалай демалатынына қарап та олардың кім еке­нін аңғара аласың. Зейнолла тауға шығып демалғанды жақсы көре­тін. Тауға бірге шығып жүр­дік. Бастаушымыз – фотошебер Нұрғожа ағамыз Жұбанов. Үлкеніміз – 80 жастағы академик Бүр­кітбай Айдарханов. Бәріміз Табиғат-анаға баладаймыз. Сонда Зейнолла: «Керемет қой! Қандай сурет! Мұны ешқандай сурет галереясынан таба алмайсың. Жұрт осыны неге түсінбейді, неге тауға шықпайды? Бәріміз бір-бір адамды ертіп шықсақ, одан кейін өз кезегінде олар да басқаларды ертіп шықса, қанша адам ғажайып дүниемен қауышар еді!» деп армандап та кететіні болушы еді.

Сол тауға шығып жүргенде, бізге бір ой келді де, соны Зейнол­ла­мен бөлістік. Халқымызда әу­лие­лердің, атақты адамдардың басына барып зиярат ететін дәстүр бар. Соны жаңаша жаңғыртып, ұлы­ларымыздың басына жаяу сапармен барып құрмет көрсетсек, жұртқа ой салғандай іс болмай ма дедік. Зейнолла бірден қолдады. «Сол сапарларға қалайда мен де қатысамын» деді. Кейін «Егемен Қазақстан» газетінің дәстүрге айналған «Ұлылыққа тағзым» жаяу ­сапар акциясын өткізу идея­сы осылай дүниеге келген. 

Бұл идеяның өзі ұлы Абайдың 150 жылд­ық мерейтойына байланысты туған еді. Редакция басшы­лығы оны қолдады. Семейден Қа­рауылға дейінгі 181 шақырым жол­ды бір топ адам бес күнде жаяу жүріп келгенімізді аудан жұрт­шылығы ұлы жерлестеріне көр­сетілген ерекше құрмет, тәрбиелік мәні жоғары шара деп қабылдап, бізге біраз қошемет көрсетті. Са­­­пар­­ға қатысқан төрт адамға «Абай ауданының құрметті азама­ты»­ атағын берді. Соның бірі – Зейнолла. 

Бұдан кейінгі сапарлардан Зей­нолла қалған емес. Тіпті бір жо­лы басшылығы жұмыс көп деп, оны босатқысы келмегенде, сонда ол Жоғарғы Кеңестің ап­пара­тында істейтін, онда жұ­мыстан да кетемін деп шарт қо­йып, сапарға қатысқаны бар. Зей­нолламен бірге Жамбылдың 150 жылдығы, Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевтың, кейінірек Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық, сон­дай-ақ Түркістан қаласының 1500 жылдық мерекелері қар­саңын­дағы жаяу сапарда бірге жүрдік. 

Сол сапарларымызды Зейнол­ла ерекше бағалайтын. Оған ай­­­рық­ша әзірленетін де. Жол-жө­некей халықпен кездесулерде тебірене сөйлер еді. Оның әңгі­мелеріне халық та өзгеше ықылас білдіретін. Әр сапарымыздан бәрі­міз де желпініп қайтушы едік. «Керемет болды. Енді мұны тоқтатпай, жалғай берейікші» дейтін Зекең.

«Ұлылыққа тағзым» жаяу сапарын Зейнолла барда жеті рет өткіздік. Соңғысына ол қатыса алмады. Дәл осы сапарға қатыссам деп армандайтын. Ұлыларымызға құрмет көрсеткеніміз өз алдына,­ осынау сапарлар кезінде біз елі­міздің шығысында, оңтүсті­гінде, сол­түстігінде, Ертіс өзені­нің, Сыр­­дария өзенінің бойында бол­ға­нымыз бар еді. Енді еліміздің ба­тысында, Зейнолланың туған өңірінде, Жайықтың бойында болмақ едік. Бізге туған өлкемді таныстырсам дейтін.

Ұлы Махамбеттің 200 жылдық мерей­тойы қарсаңында ол ауру­ханада жатты. Алматыдан аттанар сапаршылар Зекеңе кіріп-шық­қанбыз. Әдетінше елжіреп, күліп қар­сы алып, күліп шығарып сал­ған. «Келесісіне қатысамын ғой» деген. Оған дәм жазбады ғой. 

Зекең туралы, оның азаматтық кел­беті туралы айтатын әңгіме көп. Оның қайсыбірін айтып та­уы­сасың. Жаны жомарт азамат. Жақсы жолдас. Адал дос. Сү­йікті жар. Мұның бәрі пендеге тән қасиеттер. Өмірде тым көп бол­маса да, кездесіп жатады. Ал Зейнолла ең алдымен, үлкен қай­раткер. Белгілі әдебиетші. Бұл енді көп адамға емес, таңдау­лылардың ғана пешенесіне жазылатын үлес.

Әдебиетке айрықша адал адам еді ғой. Мынадай бір жайт көңілге ора­лады. Мемлекеттік сыйлыққа бі­раз адамдар ұсынылып, біраз жұрт алашапқында жүрген кез еді. Зейнолла Серікқалиұлы – сол сыйлықтар жөніндегі комис­сия­ның мүшесі. Бір үміткер, ортақ танысымыз қолқа салды. Зейноллаға айту керек. Өзі де жақсы таниды. Сөйтсе де, жақындау жүрген мен айтсам, әсерлілеу болар да еді-ау. Айттым. Зекең күмілжіп, ың­ғайсыздана сөйледі: «Өзім де оны жақсы білемін ғой, өзіме-ақ айтпады ма... Түсіндірер едім ғой. Бұл жо­лы Қалиханға дауыс бермесем, әде­биетке обал болады ғой» деді. «Жарайды» десе, кімнің кімге да­уыс бергенін кім біліп жатыр. Мен де риза, үміткер танысымыз да риза. Зейнолла өйте алмайды. Шынын айтып, азаматтығын біл­дірді. Қалихан Ысқақовты таң­дап, әдебиетке адалдығын біл­­дірді.

Бірде Зейнолла «Уақыт және тал­ғам (қазіргі көркемдік ой та­ны­мына көзқарас)» деп аталатын көлемді мақаласының қол­жазбасын редакцияға алып кел­ді. Машинкаға бастырдық. Оқып шығып, пікірімді білдір­дім. Қатқылдау көрінді. Зекең жұм­сартқысы келмеді. Газетке тым ұзақтау көрінді. Зекең қысқарт­қысы келмеді. «Әңгіме менің же­ке басыма қатысты болса, тіп­ті осыны жазбас та едім ғой. Әңгі­ме әдебиет жайында болып тұр ғой, қайтіп жұмсартам, қайтіп қысқар­там?!» деп шырылдады Зекең. Әде­биет үшін. Кейін сол мақала оның Мемлекеттік сыйлық алған «Ал­тын жамбы» кітабына бет­ашар мақала боп кірді.

Кіммен араласса да, қайда жүр­­се де адалдықтың ақ туын көте­ріп жү­ре­тін азамат арамыздан кетпеген сияқты көрінеді де тұра­ды. Оны біз үнемі іздейміз. Қуан­ғанда із­дейміз, ренішті жағдай шар­­шат­қанда іздейміз, сонда ол әдемі са­ғы­ныш болып оралады. Жақсы адам­ның оралғаны қашан­да жақсы. Зей­нолла әрқашан біз­бен бірге. 

Мамадияр ЖАҚЫП, 
Қазақстанның құрметті журналисі