Аймақтар • 09 Ақпан, 2018

Атырау облысында аймақтағы балық шаруа­шы­лы­ғының жай-күйі талқыланды

576 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бес жыл бұрын Атырау облысындағы балық аулау көлемі 15 мың 750 тонна болған еді. Қазір 10 мың 900 тонна. Кәсіптік балық аулауға бөлінетін лимит екі есеге дейін азайды, солай бола тұра әлі күнге толық игерілген емес. 

Атырау облысында аймақтағы балық шаруа­шы­лы­ғының жай-күйі талқыланды

Облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Ерболат Қадимов Жайық-Каспий бассейнінде балық аулау маусымының кеш басталуы осы саладағы кәсіпшілік лимитті уақтылы игеруге салқынын тигізіп отырғанын айтады. Мәселе осында ғана ма? 

Өткен жылы ауланған 9,8 тонна балықтың басым бөлігі Ресейге, қалғандары Әзербайжан, Өзбекстан, Грузияға экспортталды. Бұл тізімде Франция, Германия, Польша секілді Еуропа елдері де бар. Бірақ қанша айтылып жүрсе де шешімін таппай жүрген бір жайт – балықтың ешқандай өңдеуден өтпей, шикізат күйінде шетел асып жатқаны. Мысалы, Ресей біздің балығымызды өңдеп, өзімізге екі есеге бағаға қайта сатып, пайда тауып отыр. Мәселе бұл ғана емес.

Су маржандарының, әсіресе бекіре тұқымдас балық қорының жыл санап азайып бара жатқанын мамандар жиі айтады. Тіпті балықтан балықшы көп деген де сөз бар. Осы ретте Қазақ балық шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институты Атырау бө­лімшесінің басшысы Әбілқайыр Мұқ­санов қазіргі қолданыстағы жүйе­мен балық аулау жалғаса беретін бол­са, енді бірер жылда өзенге салған қар­мақтың бос қайту қаупі бар дейді. Атыраулық ғалым-ихтиологтар та­би­ғат байлығын сақтап қалу үшін су ай­дынының екі жағынан да сағасынан 50 шақырым аумақта және үш метр­ден төмен тереңдіктен кәсіпшілік балық аулауды шектеу керек деп есептейді. «Амангелді» ӨК басшысы Санат Тілепбергеновтің ойынша да бұл орынды ұсыныс. Тек жаб­дық­талған флот пен кемелер болса, үш метрден асатын тереңдік алыс та емес.

Аймақтағы балық шаруа­шы­лы­ғының жай-күйі талқыға түскен мә­жілісте облыстық аумақтық орман ша­руашылығы және жануарлар әлемі инс­пекциясының басшысы Данияр Баймағамбетов күзгі балық аулау мау­сымында барлық су айдындары мен балық қабылдау бөлімшелері қатаң бақылауда болғанын айтқан еді. Соның нәтижесінде балық шаруа­шы­лығы субъектілерінің квотаны игеруі соңғы 8 жылда алғаш рет 87,3 %-ға жеткен. «Алға қа­рай да браконьерлікпен күресті тиім­ді жүр­гізу үшін балық аулауға мем­ле­кеттік бақылау механизмін жетіл­ді­ріп, заңсыз балық аулаушыларды еркімен жіберетін амал-айлаларды болдырмау керек. Салада «болмашы» квотамен жүру секілді ұйым­дас­тырушылық-құқықтық проблемалар бар. Екі жыл қатарынан квотаның 50%-ын игермегендерге қайтіп мұн­дай мүмкіндік берілмеуі тиіс», дейді Данияр Баймағамбетов. 

Құрманғазы ауданында болған көшпелі мәжілісте облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қазір ресми ауланған балық көлемі 10 мың тонна делінгенмен, бейресми мәлімет бұдан көп екеніне тоқ­талды. «Мен кооперативтердің заңсыз балық аулауды қолдап отыр­ға­нын нақты айта аламын. Сіздер заң­ды қатайту қажет дейсіздер, бірақ бра­ко­ньерлердің қылмыстық жолмен ау­лаған балықтарын қабылдайсыздар. Бұлай болмайды. Жауапты адамдар аймақтағы барлық балық аулайтын мекемелерге бақылауды күшейтулері керек», деген аймақ бас­шысы браконьерлерді тоқтатып, адал балықшыларға жағдай жасалу керектігін қаперге салды. 

Салада маман тапшылығы да жоқ емес. Қазір Атырауда ихтиолог мамандар жетіспейді. Сондықтан да облыстық әкімдік тарапынан осы ма­мандық бойынша оқығысы келетін жас­тарға грант бөлу қарастырылып жатыр.

Тағы бір мәселе браконьерлерден тәркіленген көлік құралдарына қа­тыс­ты. Тәркіленген көліктерді заң­сыз деп тауып, жою жайы әлі күнге дейін заң­ды тұрғыда реттелмей келеді. Сан­дарды сөйлетсек, өткен жылы су по­лициясы мен облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы екі мыңнан астам заң бұзушылықты анық­таған, 125 қылмыстық іс жүр­гізіліп, 35 млн теңгеге жуық айыппұл төленді. Заңсыз айналымнан 107 тонна балық алынды, оның 2,735 тоннасы бекіре тұқымдас балықтар.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жауапты адамдарға су полициясы мен балық инспекциясының қосымша бөлімдерін ашу мәселесін шешуді тапсырды. Алайда браконьерлікпен күрес қанша қатайса да, ебін тауып екі асағысы келетіндер қатарының азаяр түрі жоқ. 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ