Бүгінгі таңда заманауи қарумен, техникамен жарақтанып, күш-қуат жинаған ол тәуелсіз республиканың мақтанышы әрі берік қалқаны болып отыр.
Осының барлығы қалай басталып еді? Нұрсұлтан Назарбаев өзінің таяуда ғана жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында армияның құрылған кезінен бастап қазіргі күнге дейінгі даму сатыларын егжей-тегжейлі сипаттап береді. Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру» деген тарауда тәуелсіздік алған кезде Қазақстанда әскери құрылысқа байланысты тәжірибе болмады деп атап өтеді.
«КСРО ыдырағаннан кейін ТМД-ға мүше мемлекеттер Достастық елдерінің біріккен Қарулы күштері туралы келісімге қол қойды. Дегенмен іс жүзінде барлық жас тәуелсіз мемлекеттер өз әскерін құруға бағыт ұстанды.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мәртебесі жоғарғы деңгейлі шетелдік меймандардың қатысуымен хаттамалық шаралар жүргізуді талап ететін. Мұндай шаралар іс жүзінде барлық елде құрмет қарауылы бөлімшелері арқылы жасалатын.
Сондықтан 1992 жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысының Жарлығы негізінде Қазақстан Республикасының республикалық ұланы ұйымдастырылды. Оған үкіметтік күзет батальоны, құрмет қарауылы ротасы мен үлгілі оркестр ротасы енді» – деп жазады Президент Қарулы күштерді құрудың алғашқы сатылары жөнінде.
Сол кездері Қорғаныс министрлігінің әскери алқасында әскери басшылық құрамында Президентпен бірнеше рет кездестік, ол біздің әскеріміз қандай болуға тиіс екенін, қандай проблемаларды шешу қажеттігін түсіндіріп берді. Кеңесу мен келіссөздерге толы талай күндер өтті. Соның нәтижесінде Қарулы күштерді құру жоспары жасалып, оған қажет күш пен қаражат есептелді. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы С.Нұрмағамбетовтің басшылығымен осы бір аса қиын әрі күрделі іске бел шеше кірісіп кеттік. Себебі уақыт аялдауды күтпейтін еді.
1992 жылдың қаңтарында бір топ маман елдің әскери доктринасын әзірлей бастады. Сонымен бір мезгілде біз өз аумағымызда қалған бұрынғы КСРО-ның қару-жарағы мен әскери техникасын түгендеуге кірістік.
Қазақстан армиясының ресми тарихы Президенттің «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы шыққан 1992 жылғы 7 мамырдан басталады. Қарулы күштер 40-шы жеке Қызыл тулы жалпы әскери армияның, сондай-ақ Қазақстан аумағында дислокацияланған әскери әуе күштері мен әуе қорғаныс әскері базасында құрылды. Сол жылдың 18 тамызында бұрынғы КСРО-ның Шығыс шекара округі негізінде біздің Шекара әскеріміз жасақталды.
Жағдайдың күрделі екеніне қарамастан, қысқа мерзім ішінде әскерді басқару жүйесін құрып, оның қаржылық, материалдық-техникалық және медициналық жағынан қамтамасыз етілуін жолға қоя алдық. Сөйтіп өтпелі кезеңнің қиындықтары мен сынақтарынан сүрінбей өттік.
Кез келген армия өзінің заңнамалық негізі болуын талап етеді. 1993 жылғы 11 ақпанда Жоғарғы Бас Қолбасшы Қазақстанның алғашқы Әскери доктринасын бекітті. Ол әлемге еліміздің бейбітшіліксүйгіш саясатын паш етіп, қорғаныс сипатында болды. Осы доктринада Қазақстанның ешкімге де қатер төндірмейтіні, әскери үстемдікке ұмтылмайтыны және өзі немесе өз одақтастары әскери басқыншылық объектісіне айналмаса, ешқандай жағдайда да ешбір елге қарсы соғыс қимылдарын бірінші болып бастамайтыны бекітілді.
1993 жылғы 9 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының Қорғанысы және Қарулы күштері туралы» заңда қорғанысты ұйымдастыру қағидаттары, мемлекеттік билік пен басқару органдарының өкілеттіктері бекітілді. Сонымен қатар онда мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесіндегі Қарулы күштердің рөлі, орны мен міндеттері белгіленді. Армия кәсіби кадрларға аса мұқтаж болды. Бір жақсысы, бұл бағытта оң өзгерістер орын алып, офицерлер құрамын даярлау үшін арнайы курстар мен экстернаттар ашылды. Алматы жоғары әскери училищесі және 1994 жылы Азаматтық авиацияның Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесінің әскери кафедрасы базасында құрылған әскери әуе күштері факультеті осы міндетті шешті.
Офицер кадрларын даярлау мен әскери ғылымды дамытуға баса мән берілді. 1997 жылғы ақпанда Алматы жоғары әскери командалық училищесі – Әскери академия, ал кейіннен Ұлттық қорғаныс университеті болып қайта құрылды. Сол жылдары әскери кадрларға білім беру сапасын арттыру бойынша жаңғырту мен реформалар жүргіздік.
1996 жылы Қорғаныс министрлігі жанынан кіші командирлер даярлайтын Кадет корпусы құрылды. 1999 жылы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» әскери мектебі ашылып, онда мектептің 7-11 сынып бағдарламасының пәндерімен қатар әскери пәндер де оқытылды.
Нұрсұлтан Назарбаев өз кітабының «Қарулы күштер реформасы» деп аталатын тарауында осы реформаға тікелей қатысушы ретінде біздің Қарулы күштерімізді құру мен жаңғыртуға, олардың кәсіби даярлығы мен жауынгерлік әзірлігін арттыруға, әскерімізді осы заманғы қару-жарақпен жарақтандыруға ерекше көңіл бөлгенін жазады.
Президент 1997 жылғы 17 қарашадағы «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін реформалау туралы» Жарлығымен Қарулы күштердің құрылымын өзгертіп, армияның өз функцияларын бейбіт кезеңде де, төтенше кезеңде де ойдағыдай орындай алатындай етіп қайта құрды. Жалпы мақсаттағы күштер, Әуе қорғанысы күштері және Мемлекеттік шекараны қорғау күштері құрылды.
Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында біздің Қарулы күштеріміздің халықаралық жағдайдың өзгеруіне қалайша ден қоятынын нақты әрі егжей-тегжейлі түрде сипаттайды.
1998 жылғы 26 маусымда «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңға қол қойылды. Онда жаңа кезеңдегі республиканың ұлттық мүдделері, оларды қорғау қағидаттары, ел қауіпсіздігіне төнетін негізгі қауіп-қатерлер айқындалды. Оның соңғысы шекарамызға жақын жерде ұдайы әскери шиеленіс орын алып отырғанына байланысты болды. Сол кезде Ауғанстанда ұрыс қимылдары өршіп тұрған еді.
1999 жылғы желтоқсанда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстанның 1999-2005 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясы ұсынылды. Бұл құжатта өңірдегі жағдай терең талданып, елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені көзделді.
Мемлекет басшысы кітапта халықаралық әскери-саяси ахуал өзгеріп, жаңа әскери технологиялар дами түсіп, ұрыс қимылдарын жүргізу тактикасының тың түрлерінің пайда болуына байланысты 1993 жылғы бірінші доктринаның кейбір ережелері ескіргенін айтады. «2000 жылы мен, Қарулы күштердің Бас қолбасшысы ретінде жаңа кезеңдегі ұлттық қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі Қарулы күштердің міндетін айқындай түсетін жаңа Әскери доктринаны бекіттім. Сол жылдың шілде айында Әскери реформа тұжырымдамасы мен Әскери құрылымның мемлекеттік бағдарламасы (2005 жылға дейін) қабылданды» деп атап өтеді ол.
2000 жылы Қазақстанның Қарулы күштерін қаржыландыру көлемі арта бастады. Экономиканың өсуі қорғаныс бюджетін қаржыландыруға да оңынан әсер етіп, ол жыл сайын көбейе түсті және ІЖӨ-нің 1 пайызын құрады. Осы кезеңде әскери округтерді құру жұмысы басталып, шекара шебі нықталды. 2002 жылға дейінгі мерзімді қамтыған Әскери құрылымның мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңінде Қарулы күштердің құрылымы оңтайландырылды, ұтқыр күштер құрылды, оның құрамына «Қазбат» бітімгерлік батальоны кірді. Ал 2006 жылы оның негізінде «Қазбриг» бригадасы пайда болды. Әскери округтерді жасақтау мен құрудың аумақтық қағидатына ауысу жалғастырылып, Оңтүстік, Шығыс, Орталық және Батыс әскери округтері құрылды.
Президент 2003 жылғы 7 мамырда қол қойған «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрылымын одан әрi жетiлдіру жөнiндегi шаралар туралы» Жарлық елдің қорғаныс саласын дамытудың жаңа кезеңін бастады. Бас штаб негізінде Штаб бастықтарының комитеті құрылды. Қарулы күштердің Құрлықтағы әскерді, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерін қамтитын үш түрлі құрылымына көшу жүзеге асырылды. Ұтқыр күштер негізінде Жоғарғы Бас Қолбасшының резерві – Аэроұтқыр әскер құрылды. Басқаруды оңтайландыра түсу үшін әскери округтер «Батыс», «Шығыс», «Оңтүстік» және «Астана» атты өңірлік қолбасшылықтар болып өзгертілді.
Кадр даярлау саласы да сапалық тұрғыдан қайта ұйымдастырылды. Әскери академия базасында Шортандыда Ұлттық қорғаныс университеті ашылды. Әскери оқу орындары түрлі сипаттарына орай қайта құрылды, сөйтіп Құрлықтағы әскер институты (Алматы), Әуе қорғанысы күштері институты (Ақтөбе), Әскери-теңіз күштері институты (Ақтау) жұмыс істей бастады.
2014 жылдың шілдесінде білікті кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру және әскери ғылымның дамуына жағдай жасау мақсатында Астанада Ұлттық қорғаныс университеті ашылды. Қарулы күштердегі өзгерістердің басты бағыты әскерді кәсібилендіру болды. Жасақтаудың аралас қағидатына кезең-кезеңімен көшу басталды. Сержант-кәсіпқойлар институты құрылды.
2005 жылғы маусымда «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» заң қабылданып, онда қызметтің жаңа мерзімдері белгіленді, енді ол мерзімді қызмет әскери қызметшілерге – 12 ай, мерзімді қызмет офицерлерге 24 ай болды. 2006 жылы Қарулы күштерді дамытудың 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. 2007 жылы терроризм, экстремизм, заңсыз бандалық құрылымдар тарапынан төнетін жаңа сын-қатерлерге жауап бере алатын жаңа Әскери доктрина бекітілді.
Нұрсұлтан Назарбаев «Қарулы күштер: одан әрі жаңғырту» атты тарауда 2010-шы жылдардың алғашқы жартысында біздің Қарулы күштер жыл сайын далалық жағдайда жедел және әскери дайындық бойынша 250-ден аса іс-шара өткізді деп ерекше атап өтеді. Барлық қиындықтарға қарамастан, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның қорғаныс бюджеті үнемі өсіп отырды: егер ол 1993 жылы сегіз миллиард теңгені құраса, 2015 жылы 390 миллиард теңгеден асты.
2015 жылғы мамыр айында Президент Қарулы күштерді жаңғырту жөнінде жиналыс өткізіп, онда әскери даярлықтың жоғары қарқынын ұстап тұру, күштік құрылымдардың үйлесімділігін және олардың халықаралық деңгейдегі өзара іс-қимылын жетілдіру жөнінде міндеттер қойды.
2010 жылы Қазақстан армиясы ең озық әлемдік зерттелімдерді пайдалана отырып, қайта қаруланды. Елдің әскери-өндірістік кешені тікұшақтарды, әскери оптиканы, радиолокация мен радиоэлектронды күрес жүйесін құрастыруды жүзеге асырды, авиациялық және броньды техниканы жөндеуді жолға қойды. 2012 жылғы мамырда Ресей тарапымен келісім бойынша Орал верфінде жасалған «Қазақстан» зымыранды-артиллериялық кораблі суға түсірілді.
Н.Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында шекараның беріктігі мен мемлекеттің әскери қауіпсіздігі тікелей тәуелді бас институттардың бірі – Ұлттық Қарулы күштер деп атап өтеді. ХХ ғасырдың соңындағы күрделі халықаралық жағдайға байланысты ел басшылығы оның қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше мән беруге тиіс болды. Себебі кез келген жағдайда да мемлекет өзінің әскери қуатына сүйене отырып, өзін қорғай алуға тиіс.
Біздің армиямыздың тәуелсіздік алғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі қалыптасу хронологиясы – бұл ел тарихының жылнамасы. Мемлекетіміз бен экономикамыз үшін аса күрделі сол бір кезеңде әскери салада жүзеге асырылған құрылымдық өзгерістер еліміздің заманауи, ықшам, ұтқырлығы жоғары, жақсы жабдықталған әрі әскери қабілетті Қарулы күштерінің негізін қалауға мүмкіндік берді.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Генерал-лейтенант,
Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі