Тарих • 09 Ақпан, 2018

Астанада қазақ қоғамы үшін маңызы зор бірнеше кітаптың тұсауы кесілді

542 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше елордамыздағы ұлттық академиялық кітапханада қазақ қоғамы үшін маңызы зор бірнеше кітаптың тұсауы кесілді. 

Астанада қазақ қоғамы үшін маңызы зор бірнеше кітаптың тұсауы кесілді

Атап айтқанда, Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығы туралы «Қазақ жерінің жоқшысы», «Собиратель казахских земель», «The Unifier of Kazakh Lands» және «Аліхан Букейхан. Син Великого степу» деп аталатын төрт тілде жарық көрген тұңғыш монография, «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы», «Алаш қайраткері, халық ақыны Жақсылық Төленұлы. Өмір жолы, шығармалары», сондай-ақ «Досалы сұлтан Бұлқайырұлы» атты кітаптар оқырман қауымның орасан олжасы деуге болады. Салтанатты шараға Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, Қазақстан Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты. Кітаптардың тұсауын есімі елге белгілі қос бірдей академик Сейіт Қасқабасов пен Ғарифолла Есім бастаған зиялы қауым өкілдері кесті.

Бұл кітаптар Мәдениет және спорт министрлігі мен «Ақ жол» демократиялық партиясы жетекшілерінің қолдауымен жарық көрген. Аталмыш еңбектердің көбін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу институты дай­ындаған. 

Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар еңбектерге қысқаша тоқтала кетсек, «Алаш» партиясының жетекшісі Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығы туралы төрт тілде жарық көрген Сұлтан­ха­н Аққұлының тұңғыш моногра­фия­сы­ның ағылшын тіліндегі нұсқасын ға­лымның қызы Әсем Аққұлы дайындапты. Сондай-ақ монографияның бір бөлімін Дарья Белкина ағылшын тіліне аударған. Ал оның «Аліхан Букейхан. Син Великого степу» деген атпен украин тілінде жарыққа шыққан нұсқасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне арнайы шақырылған профессор Петро Васильевич Токарьдің ұсынысы әрі тікелей басшылық етуімен жарық көрген. «Біз Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты мен «Алашорда» қоғамдық қо­ры осыншама орасан еңбектердің ел игі­­лігіне жарауына мұрындық бол­ған Мә­­дениет және спорт министрі Арыс­тан­бек Мұхамедиұлына, «Ақ жол» де­мо­­кратиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев мырзаға зор алғыс айтқымыз келеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 5 мың данамен әр өңірдің кітапханаларына жол тартқан жаңа кітаптардың іші мазмұнды, мағыналы, тарихқа бай дер едік. Сонымен қатар Әлихан атамыз туралы аталмыш монография дәл қазіргі уақытта түрік тіліне де аударылып жатыр. Алдағы сәуір айында оның тұсаукесері Анкара қаласында өтпек», дейді С.Аққұлы.

Ал «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» атты еңбекке келер болсақ, кітапқа жауапты редактор болған, филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі Орынай Жұбаеваның бұл еңбегінде Ахмет Байтұрсынұлының 1914-1928 жылдар аралығында жарық көрген «Тіл – құрал» атты тілтанытқыш кітаптары, «Әдебиет танытқыш» атты еңбегі және ғалымның тілге қатысты мақалалары, жиын-конференцияларда сөйлеген сөздері, пікірлері, Орталық архивтен табылған құжаттар берілген. Осы уақытқа дейін жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің жинағын құрастырушылар А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» атты еңбегін бір-бір ғана нұсқадан шығарумен шектеліп келген болатын. Соның салдарынан А.Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы жөнінде оқырмандардың танымы сол жинақтың төңірегінде ғана қалып отырды. Алайда ғалым 1914 жылдардан 1929 жылға дейін шығарған «Тіл – құралдарын» жыл сайын толықтырып, өңдеп, жетілдіріп отырған. Бүгін жарыққа шыққан жинақта ғалымның тілтанымдық мұрасы алғаш рет топтас-
тырылып, түпнұсқамен салыстырыла отырып берілген. 

Жас зерттеуші Арман Ахметовтің «Досалы сұлтан Бұлқайырұлы» атты еңбегіне келсек, Шыңғыс ханның ұрпақтары төре-сұлтандар, жекелеген хан-сұлтандардың әулеті, тарихи тұлғалардың өмірінен сыр шертетін, ғылыми маңызы зор алғашқы ғылыми жұмыс. Арман Ахметовтің бұл кітабы Шыңғыс ханның ұрпағы, Досалы хан әулетінің тарихына арналған. Алдағы уақытта зерттеуші ғалым толымды «Қазақ сұлтандары» атты еңбегін, Абылай хан, Барақ сұлтан, Әбілмәмбет сұлтан сынды төре әулеттерінің жеке-жеке тарихы туралы кітаптарын мемлекет деңгейінде жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Сол арқылы Арман Ахметов ұлттық тарихнамада жаңа сүрлеу салып, Шыңғыс хан әулетінің тарихын тың, соны фактілермен толықтырмақ.

Өткен жылы Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған «Алаш» авто­но­мия­сының құрылғанына 100 жыл толуына орай, Алаш қайраткерлері турасында сан-алуан кітаптар, монография, жинақ, энциклопедиялық анықтамалықтар жарық көрді. Алайда бірде-бір кітапта Жақсылық Төленұлының есімі кез­деспейді. Оның негізгі себебі – тарихи құжаттарда, мұрағат деректерінде қайраткердің аты-жөні «Дж. Тюленев» түрінде берілген. Осыған байланысты С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы, қайраткердің тікелей ұрпағы Мерхат Сүйіндіков даярлаған «Алаш қайраткері, халық ақыны Жақсылық Төленұлы. Өмір жолы, шығармалары» атты бүгін жарық көрген еңбек тарихымыздың осы олқылықтың орнын толтырмақ.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»