Ұлттық Банк Төрағасы Данияр Ақышев Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің отырысында Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді.
Бағдарламаның бірінші бағыты.
"Үкіметпен бірге өткен жылы БТА Банкпен біріктірілгеннен кейін көп проблемаларға ұшыраған жүйе құраушы банк - Казкоммерцбанк толығымен қалыпқа келтірілді. Нәтижесінде БТАБанкке берілген кредитті Проблемалық кредиттер қоры сатып алды, ал Казкоммерцбанктің өзі қайта капиталдандыру бойынша міндеттемелерге айырбасталып, стратегиялық инвесторға сатылды. Мемлекеттік қолдау арқасында халықтың депозиттері, 4,5 триллион теңге сомадағы мемлекеттік және жеке компаниялардың қаражаты сақталды", - деді Ақышев.
Бағдарламаның екінші бағыты.
«Әлеуметтік маңызды және нарыққа біршама үлесі бар ірі банктерді қолдау. Ұлттық Банк барлық банк жүйесі активтерінің 28 пайызын құрайтын 5 банктің қатысуын мақұлдады. Оларға халықтың 2 триллион теңгеден астам депозиттері және квазимемлекеттік компаниялардың 2,2 триллион теңге депозиттері мен шоттары орналастырылған.Бағдарламаның шеңберінде банктерді үстеме капиталдандыруға мемлекет пен акционерлердің ортақ қатысу схемасы іске асырылды. Мемлекеттік қолдау 653 миллиард теңге болды. Аталған банктердің акционерлері 421 миллиард теңгеге банктерді үстеме капиталдандыру бойынша және нашар кредиттерді 1,2 триллион теңгеден астам сомаға төмендетуге міндеттеме қабылдады. 665 миллиард теңге есептен шығарылды», - деп айтып берді қаржы реттеушісінің басшысы.
Ақышевтың айтуы бойынша, бағдарлама іс жүзінде банктердің орнықтылығын арттырды және экономиканы кредиттеуді кеңейтуге айтарлықтай әсер етті. Экономикаға Казкоммерцбанкті қоса алғанда, үстеме капиталдандыру алған банктерге жаңа қарыздар беру 781 миллиард теңге болды. "Алайда, қолдау көрсету бағдарламалары елдегі қаржылық тұрақтылық үшін мәні бар ірі институттарды ғана қамтуға тиіс екендігін халықаралық тәжірибе растап отыр. Оның үстіне, мемлекеттен жеңілдетілген ресурстар ұсыну опциясы қаржы институттарының акционерлері арасында масылдық көңіл-күйді дамытуға жол бермеу мақсатында тек қысқа мерзімді сипатта болуға тиіс", - деді Ақышев.
Ол мемлекеттің тұрақты қолдау желісі барлық банк үшін олардың банк жүйесіндегі рөлі мен мөлшеріне қарамастан мемлекеттен арзан ақша алуын ынталандыратынын айтып берді: "Біз ахуалы жалпы қаржы тұрақтылығына ешқандай қауіп төндірмейтін шағын банктер бағдарламаға қатысатынына сеніп отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан Ұлттық Банк Басқармасы 2018 жылғы 6 ақпанда Бағдарламаны ірі банктерді үстеме капиталдандыру бойынша шаралар бөлігінде іске асыруды аяқтауға шешім қабылдады. 2018 жылғы 7 ақпаннан бастап банктердің өтінімдерін қарау тоқтатылды, ал осы мерзімге дейін келіп түскен өтінімдер қаралмайды".
Бағдарламаның үшінші бағыты.
"Банктерді қолдаудың дағдарысқа қарсы шараларын іске асырғаннан кейін секторды орнықты дамыту шараларына көшеміз. Бірінші кезекте, бұл болашақта кредиттеу кезінде қаражатты мақсатсыз пайдалану проблемаларына жол бермеу. Банктер тарапынан аса сақтықпен саясат жүргізу. Біз реттеуші провизиялар тетігін қалыпқа келтірдік. Банктердің жаңа № 9 қаржылық есептілік стандартына бейімделуі бойынша жұмыс жүргізудеміз. Екіншіден, Ұлттық Банктің қадағалау мандатын күшейту. Тәуекелі жоғары саясат жүргізетін банкке қатысты реттеушінің алдын ала ықпал ететін мүмкіндіктері болуға тиіс. Бұл тәуекелге бағдарланған қадағалау деп аталады. Ол банк секторында осындай проблемалардың қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүддесін қорғауды күшейтеді", - деді Ақышев.
Ол bail-in тетігін заңнамалық бекіту арқылы банктің тәуекелдерін оның ірі кредиторлары арасында бөлу көзделетіндіктен, бұдан мемлекетке де пайда келетіні туралы атап өтті. Ол үшін Үкіметке енгізілген Ұлттық Банк туралы заңға және салалық заңнамаға түзетулерді жылдам қабылдау қажет. Ақышев Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Парламентіне түзетулерді жылдам қарауды қолдау туралы өтініш білдірді.