Қазақстан • 13 Ақпан, 2018

GetContact қосымшасынан қандай қауіп бар?

970 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Телефонда сақталған мәліметтерді жинап, бөтен нөмірлердің кімге тиесілі екенін анықтау мақсатында жасалған GetContact қосымшасы бірнеше күннен бері желі қолданушылары арасында кең таралды. Алайда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бұл қосымшаның заңға қайшы екенін анықтап, оны Қазақстанда ресми түрде бұғаттады. 

GetContact қосымшасынан қандай қауіп бар?

«Қазақстан Республикасы аумағында GetContact қосымшасына шектеу қойылды, се­бе­­­бі жеке мәліметтерге қатысты заң бұзушы­лық де­ректері анықталды. Министрлік «Байланыс туралы» заңның 41-1-бабына сәйкес шектеу қоюға бұй­рық шығарды», деді министрлік өкілдері.   Олар­дың айтуынша, қосымша Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңға қайшы жұ­мыс істейді.

Бір айта кетерлігі, қосымша 8 ақпанда Қазақ­станда кең таралып, Ақпарат және ком­му­ни­кациялар министрлігі келесі күні заң бұзу­шылық дерегін анықтап, бірден тыйым сал­ды. Бұған дейін қосымша Әзербайжанда, Арменияда бұғатталған.

Интернеттегі мәліметтерге сенсек, қосым­ша­ны жасаған GetContact LLP компаниясы Ұлыбританияда 2017 жылдың қараша айында құрылған. Компания өкілдерінің айтуынша, компанияның технологиялық өнімдері 148 мемлекетте жұмыс істейді. Қосымша арқылы қолданушылар таныстарының нөмірлерін тексеріп, оларға қатысты жеке мәліметтерді білген. Сонымен қатар GetContact арқылы кез келген бейтаныс нөмірді теріп, нөмір иесінің аты-жөнін, жеке мәліметтерін, таныстарының телефонында оның қандай атпен сақталғанын анықтай алған. Яғни бағдарламадағы іздеу жүйесіне кез келген нөмірді теріп, нөмір иесінің аты-жөнін ғана емес, жеке тұлғаның мекенжайын, ав­токөлігі туралы ақпаратты, отбасы мен банк кар­тасы туралы мәліметтерді де анық­тауға мүм­кіндік берілген. Бірақ қоғамдағы кикіл­жің­дерден соң бағдарлама авторлары кейін бұл алгоритмдерді өзгертіп, қосымшаны бейтаныс нөмірлер иесінің аты-жөнін білу үшін ғана құрастырғанын айтты.

«Біз қосымшаның кейбір функцияларын өзгерттік. Сонымен қатар кез келген адам бағд­арламадан өз мәліметтерін өшіре алатын қыз­мет қостық. Сол арқылы тұтынушы өз нө­мірін базадан өшіре алады», дейді бағдар­ла­маны құрастырушылар. Олар кез келген мемлекеттің заңына құрметпен қарайтынын, бірақ Әзербайжан мен Қазақстан билігінен ресми талап алмағанын айтып, бұл мемлекеттердің заңдарына қайшы әрекет етпедік деп мәлімдеді. Дегенмен, қосымшаның кемшіліктері көп екенін әрі дербес мәліметтерге қауіп төндіретінін тек Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ғана емес, қазақстандық сарапшылар да айтты.

Мысалы, Кибершабуылдарды зерттеу мен сараптама жасау орталығының президенті Олжас Сәтиев бүгінгі күнге дейін алынған мә­лі­мет қосымша базасында сақталып қала­ты­нын айтты. «Осы қосымшаға тіркелген кез кел­ген адамның телефонындағы нөмірлер тұ­ты­­нушы өз мәліметтерін қосымшадан өшір­ген жағдайдың өзінде GetContact базасында сақ­талып қалады. Барлық мәліметтерді жою үшін тіркелген таныстарыңыз да қосым­ша­дан өз нөмірлерін өшіргені жөн», дейді Олжас Сәтиев. Сонымен қатар IT технология­лар са­ла­сындағы сарапшылардың бірі Әлібек На­рым­бай да GetContact қосымшасы Қазақ­станда бұ­ғат­талғанына қарамастан, онда мил­лилон­да­ған адамның деректері сақталып қал­ғанын жә­не олардың түрлі мақсатта қолданылуы мүмкін екенін айтты.

«ІТ мамандар командасы қосымшаның бірнеше кемшілігін анықтады. Біріншіден, телефон нөмірі арқылы дербес ақпарат қолжетімді болады. Яғни кез келген адамның нөмірі арқылы ол туралы барлық мәліметке қол жеткізуге болады. Екіншіден, қосымша арқылы біреудің абыройына нұқсан келтіру оңай болады. Тіпті сол үшін адам абырой-беделінен айырылып қана қоймай, жұбайымен ұрсысып, тіпті ажырасып кетуі мүмкін. Үшіншіден, кейбір компаниялар GetContact арқылы кез келген нөмірлер турады мәлімет алып, коммерциялық мақсатта қолданылуы мүмкін. Ал бұл деректер миллиондаған ақша тұрады. Кез келген компания телефон нөмірі арқылы қандай да бір ақпарат алу үшін мыңдаған доллар төлеуге дайын», дейді ол.

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»