Бұл тұрғыда алдымен ауызға ілінетін тұс – Маңғыстаудың мұра-мәдениетіне қатысты. Маңғыстау туралы бүгінгі біз білетін дерек – өлке тарихының болмашы беттері ғана. Тау мен тасты сөйлетіп, алыстағы мұрағаттарды ақтарып, өткеннен сыр тарту жұмыстары толыққанды жүргізілді дей алмаймыз. Ұсыныс бар да, ұмтылыс жоқ, ынта бар да, ыждаһат жоқ. Осы орайда өңірдің тарихын, шежіресін, этнографиясын зерттейтін орталық, әлде ғылыми-зерттеу институтының қажеттігі аңғарылғалы да көп болған. Мұралар бізге тек атауына малдану үшін берілмегендігін ұғынып, оны жеткілікті зерттеу ісіне ден қоятын кез келгенмен, ізгі іспен айналысатын орталық жоқ. Ескерткіштерді тек санап, қорғап қана қоймай оларды тану, олардағы жазуларды оқып-зерделеп талдау, руна тілі – мұның бәрі тұнжыраған күйі әлі тұнып тұр. Маңғыстау табиғи-мәдени қорығы жанынан, әлде тіпті өз алдына арнайы орын ашып, ауқымды істерді сол орталықтағы мамандардың мойнына жүктесе ғой дейсің! Өз алдына әр жерден тиіп-қашып, үзіп-жұлып зерттеп-жазып, бір мәселеге бірнеше түрлі түсінік беріп, оқырмандардың санасын сан-саққа тартқан тарихи-танымдық еңбектерді топтастырып, ізденіс жұмыстарын ғылыми тұрғыда талқылай жүргізіп, бір арнаға тоғыстырса ғой дейсің! Ескерткіштердің де, тұрмыстық қолданыста болған алаша, текемет, бау-басқұр, өзге де бұйымдардың ою-өрнектері, нақыш-мәнері өз сырын бүгінге дейін жеткілікті ашқан жоқ. Сондықтан ұрпаққа ұлттық дәстүрді насихаттайтын, рухани орындар көпшіліктің қызығушылығын тудыратын анық. Кейбір дәстүрлердің бүгінгі кезеңде күнделікті тұрмыста қажеттілігі болмауы да мүмкін. Бірақ оларды халық жадында жаңғырту ескі күнге оралуды көксеу емес, кім екенімізді танып, кешегіні қастерлеу.
Сондай-ақ Маңғыстауда жастар үшін арнайы орталықтар кемшін. Жастың бәрін театрдан табамыз деу қате және Ақтау қаласындағы «Арман» жастар орталығының ауқымы тар. Ол жастар саясатына сай өз жұмысын атқарып отыр, бірақ облыс жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, белгілі бір нәрсемен айналысуына мүмкіндік жоқ. Ізденемін деген жастарға іздегенін тауып, ұлттық-тарихи және заманауи бағдар беріп, қанаттандырып отыратын рухани орданың болғаны дұрыс деп есептейміз.
Маңғыстаулықтар үшін қажетті нәрсенің тағы бірі – мүгедек балаларға арналған мемлекеттік деңгейдегі орталық. Жеке кәсіпкерлік бағыттағы орындар болғанмен, Астанадағы «Ана мен бала» орталығы секілді кешенді, әрі кең көлемді емдеу, оңалту жұмыстарын жүргізетін, психологиялық көмек беретін мамандандырылған мекеме қажет-ақ. Қазір балалар арасында аутизм, дауна, ДЦП сынды сырқат түрлері көп. Оларды емдету үшін немесе уақытымен ем қабылдап тұру үшін ата-аналарға Астана, Алматы қалаларына бару мәжбүрлігі туындайды. Науқас баламен жол жүру, қаржылық жағдай дегендей, аталмыш орынға бір барудан бірнеше мәселе атойлап шыға келетіні белгілі. Маңғыстаудан мүгедек балаларға арналған оңалту, емдеу орталығы ашылса, Ақтаудың өзін алыс көретін ауылдық жерлердегі ата-аналар үшін ауру балаларын Астана мен Алматыға апару арман күйінде қалмас еді.
Экологиялық тұрғыда сөз қозғағанда Каспий теңізінен аттап кете алмаймыз. Теңіздің флорасы мен фаунасы, оған сыртқы күштердің әсері, су асты ағындары, теңіз болашағын қауіпсіздендіру бағытындағы ғылыми-зерттеу орталығы Ақтау түгілі, республиканың маңдайына бітпей келе жатқан бақ.
Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау тапсырмалары негізінде соңғы жылдары өңірде спорттық кешендер көптеп ашылды. Әрбір кешеннің ауласына шоғырланған көліктерге қарап, «осы кешендер ашылғанға дейін халық қайда барып, немен айналысқан?» деп ойлайсың, жаттығып жүрген жастарды көріп қуанасың. Жоғарыда айтылған рухани және медициналық бағыттағы орталықтардың да осыншалықты қажет екені белгілі. Ақтаудың көркін асырған әдемі ғимараттарда орналасқан орталықтарда тұрғындар өзіне қажетті қызмет түрлерін тауып жатса дейсің...
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы