Әдебиет • 13 Ақпан, 2018

Жабайхан Мүбәракұлы. Философ, ұстаз, қайраткер

826 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ж.Әбділдиннің философияны дамытуға қосқан үлесін айтып жеткізу үшін, оның жазған кітаптарын, ұсынған идеяларын атап, өсірген шәкірттерін санамалап, ұйымдастырған конференцияларын, қатынасқан  лемдік философиялық конгрестерінің (ол 1968 жылдан бастап бес жылда бір өтетін осы конгрестердің бә­ріне қатынасқан бірден-бір қазақ­стандық философ) түсін түстеп жатуға тура келер еді, ал бұл үл­кен кітапқа азық болар әңгіме.

Жабайхан Мүбәракұлы. Философ, ұстаз, қайраткер

Павлодар облысы Май ауданының «Қызыл еңбек» деп аталатын, Ертістің жағалауында орналасқан қазақ ауылындағы он жылдық орта мектепті 1949 жылы үздік аяқтаған Жабайхан Мүбәракұлына философ болуға кеңес берген ұстаздарының көрегендігіне еріксіз таң қаласың! Неге ол философ болуы керек? Философ немен айналысады, не тындырады? Ол кездері бүкіл Қазақстанда философ атаулылар санаулы ғана еді, философтарды дайындайтын оқу орны да жоқ болатын. 

Саналы өмір мақсат-мұратсыз, арман-тілексіз болмайды ғой. Бұл, әсіресе, адамның жалындаған жас шағында оның қиялын сан-саққа жүгіртіп, өмір жолын тап басып таңдауға жетелейді. Өмір жолын дұрыс таңдап, өз ықтиярыңмен, шынайы көңіліңмен алдыңа ізгі мақсат қойып, соған беріле қызмет жасау – жемісті өмір сүру­дің бір кілті осында жатқаны бел­гілі. Он алтыдағы жас түлектің саналы түрдегі шешімді таңдауы, ұстаздарының жорамалына сай философия болып шықты, ал мұның өз реті, өз негіздері жоқ емес еді.

ХХ ғасырдың 30-40-жылдары қазақ хал­­қының бастан кешкен­ қиын­шылықтары бүкіл елді қан­сы­ратып, мүшкіл жағдайға ұшы­ратқаны мәлім. Сол кез­дері зор­лық-зомбылықтың, ашар­шы­лықтың зардабын тарт­қан ауыл тұрғындарының хал-­күйі тым нашар болатын. Жоқ­шылықты көріп өскен Жәкең, өмір­дің ащы-тұщысын терең сезініп, өмірге деген құлшынысы, сергектігі ерте оянып, дербес ой мен іске бейім болып өсті. Әжесі Зылиқаның тәр­биесін көріп, одан халық ерте­гілері мен мақал-мәтелдерін естіп, ба­­тыр­лар жырын оқып, Абай өлеңдерін жаттап, қазақы салт-дәстүрлерді, ұлттық ділді бойына сіңіре машықтанды ол өмірге. Ауыл балаларымен мал бағысып, атқа міне жарысып, Ертісте шомылып, балық аулап, жеміс-жидек терісіп, інісі Ме­йірханды қамқорлығына алып, ба­лалық шақтың қызығы мен шы­жығын да, ауыл өмірінің тынбас күйбеңін де бастан кешті. Мек­тепте сыйлы болды, оқу ко­митетін, комсомол ұйымын бас­қарды, оқу озаты атанды. Есеп шығарғанда, ауызша сабақтарда да, әсіресе, тіл, әдебиет, тарих пән­деріне келгенде алдына жан салмайтын.

Көкірегі ояу, көзі ашық, оқу-­білім ісіне жан-тәнімен бе­ріл­­ген мектеп мұғалімдері жас­тар­ды адамгершіліктің, білімпаз­дықтың, ізгіліктің сара жолына бастап, дұрыс оқытып, жақ­сы тәр­бие беруге ұмтылатын. Сон­дық­­тан адамзаттың алғашқы ұс­таз­дары деп саналатын көне грек философтарының (Фалес, Пи­фагор, Демокрит, Сократ, Платон, Аристотель және т.б.), әлемдік ғылымның жасам­паздары саналатын атақты Нью­тон, Максвелл, Дарвин, М.В.Ломоносов, Д.И.Менделеев, М.Планк, А.Эйнш­тейн және т.б. ғалымдардың, қа­зақ ойшыл­дарының, ақын-жырау­ларының, би-шешендерінің, Шо­қан, Ыбы­рай, Абай сияқты шоқ­тығы биік тұлғалардың есімдері жиі аталып, оқулықтарда да олар­дың ілімдері, айтқан ұлағатты сөз­дері туралы жалпы мәліметтер бері­ліп, даналар, данышпандар, үлгі тұтарлық ғұламалар деп саналатын. Дана­лықтың көзі философияда, ал философ болу дана болумен барабар де­­ген түсінік кең тараған еді көп­ші­ліктің ортасында. Жасынан алғыр Жәкеңді бұл өресі биік, аңызға бергісіз әңгімелер елең еткізбей қоймайтын, қиялын қоз­ғап, ойына салмақ салатын. Осы­ны аңғарған ұстаздары да өз­дерінше жорып, Жәкеңнен зор үміт күтіп, философ болуын тілеп, баталарын берген еді. Дәл сол 1949 жылы бүкіл Қазақстандағы жалғыз университеттің, Алматы­дағы Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің жанынан философия факультеті ашылып, Жәкең сол оқуға түседі. Сөйтіп оның фило­софиялық өсу жолы басталады.

Жабайхан Мүбәракұлы сту­дент кезінде бар күш-жіге­рін жұм­сап, философия классик­тері­нің еңбектерін оқып, конспек­тілеп, түсінбеген жерлерін ұстаз­да­ры­нан сұрап, кереметтей талпынады. Оның еңбекқорлығын бай­қаған ұстаздары, әсіресе, философия ғылымдарының кандидаты, доцент М.Н.Чечин оны қат­ты қолдап, ақыл-кеңес беріп, философиялық ойдың қыр-сы­рына меңзеп, классиктердің еңбек­терін тереңдей оқып-иге­руге бағыттайды. Өзінің ізденім­паздығы, қажыр-қайраты арқа­сында ең үздік нәтиже көрсетіп, оқуын қызыл дипломмен бітіреді.

1955-58 жылдары М.В.Ломоно­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­­верситетінде аспирантурада оқып, белгілі философ Е.П. Ситковскийдің жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шығады. Мұнда да Жәкеңнің дайындығының, білім дәрежесінің жоғарылығын, талпынысының қуаттылығын, алғырлығын аңғар­ған мәскеулік профессор, апта са­йын оны өз үйінде қабылдап, сұрақ-жауапқа негізделген екі жақты сұхбат құрып, білімін шыңдай түседі, әлемдік философияның жас ға­лымға беймәлім тұстарынан хабардар етеді, Мәскеудегі фило­софиялық ахуалдың мән-жайын ашып береді.

Алматыға қайта оралған Жә­кең сол 1958 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының жаңа ашылған Философия және құ­қық институтына кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасады. Институттың алғашқы директоры әйгілі қазақ заңгері, соғыс ардагері Салық Зиманов талантты жас ғалымдарды жинастырып, жан-жаққа білімін жоғарылатуға жіберіп, маман­дарды даярлап, ғылыми-зерт­теу жұмысын білгірлікпен ұйым­дастырып, Республикада философия мен заң ғылымдарының дамуына зор үлес қосқан білімді де іскер, батыл, жаңашыл азамат еді. Ол бірталай жас философтарды жұмысқа қабылдап, олардың сөз саптауына, философиялық көз­қарастарының сындарлығына көз жеткізіп, Жабайханды бас қылып, диалектика теориясының мәселелерін зерттейтін шығар­машылық топ құрып береді. Бұл топтың құрамына М.И.Бака­нидзе, А.Х.Қасымжанов, Л.К.Нау­­мен­ко және Г.А.Югай кіре­ді. Жас жағынан қатарлас бұл жігіттер бірнеше монография­ жариялап, тез арада бүкіл Одақ көлемінде атышулы «Диалектикалық ло­гиканың алматылық мектебі» деген атаққа ие болып шыға келді.

Диалектика теориясының іш­кі арқауы болып табылатын абс­трактылықтан нақтылыққа өрлеу әдісінің негізгі бір мәселесі: «Неден бастау керек?» деген сұ­раққа келіп тірелетін. Осы өзекті мәселенің жан-жақты шешімін Ж.Әбділдин «Проблема начала в теоретическом познании» (1967 ж.) деген монографиясында берген болатын. Бұл классикалық туынды деп мойындалған еңбек­тің негізінде оның авторы Мәс­кеуде КСРО ҒА Философия инс­титутының диссертациялық кеңе­сінде докторлық диссертациясын қорғап, отыз бес жасын­да ғылым докторы атанады. Сол 1968 жылы қыркүйек айын­да «Диалектикалық логи­каның өзекті мәселелері» деген тақырыпта Бү­кіл­одақтық бірінші симпозиум өткізіліп, Ал­маты қаласы Одақ бойынша­ диалектика теория­сының мә­­се­лелері бойынша зерттеулер жүргізетін орталықтың бірі ретін­де мойындалады. Бұдан кейін 1977 және 1990 жылдары екін­ші және үшінші симпозиум­дар өткізіледі. Ж.М.Әбділдин бас­қарған философтар кешенді-бағдарламалық зерттеулер жүр­гізіп, Одақта бірінші болып диалектика категорияларының ғы­лыми негізделген жүйесін құ­рып береді.

1983 жылы Жәкең басқарған философия және құқық институты бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы ретінде СОКП ОК мен ВЦСПС-тің ауыс­палы Қызыл Туымен, 1984 жылы оның бір топ әріптестері ғылым мен техника саласы бойынша Қазақ КСР Мемлекеттік сый­лы­ғымен марапатталады. Қазақ­стандық диалектикалық-логи­калық философиялық мектептің атақ-даңқы Одақ көлемінен асып, Еуропа мен Азияның көп­теген елдеріне жайылады. ХХ ғасырдың 60-жылдарынан басталған фи­лософиялық өрлеу Қазақстанда осы күнге дейін өз жалғасын тауып,­ қазақ философиясының бойын тіктеп, оның болмысына терең мән бере жалғасып келе жат­қаны анық.

Ж.Әбділдиннің философияны дамытуға қосқан үлесін айтып жеткізу үшін, оның жазған кітаптарын, ұсынған идеяларын атап, өсірген шәкірттерін санамалап, ұйымдастырған конференцияларын, қатынасқан әлемдік философиялық конгрестерінің (ол 1968 жылдан  бастап бес жылда бір өтетін осы конгрестердің бә­ріне қатынасқан бірден-бір қазақ­стандық философ) түсін түстеп жатуға тура келер еді, ал бұл үл­кен кітапқа азық болар әңгіме. Тоқетерін қысқа қайырып қорыта айт­қанда, міне 60 жылдай уақыт қазақ даналығын жер бетіне жа­йып, Қазақстанның философиялық мектебін тікелей басқарып, оның болмыс-тір­ші­лігіне жан бітіріп, бүкіл әлем­дік философияның дамуы­на өз үлесін қосып, Тәуел­сіз Қа­зақ­­станның атағын өз шәкірт­терімен, қызметтес әріптес­тері­мен бірге жоғары көтеріп келе жат­қан абзал ағамыз Жабайхан Мү­­бәрәкұлына айтар алғысымыз шексіз.

Ж.Әбділдиннің ғалым-аза­­мат ретіндегі ерекше атап көр­­се­тер­лік бір қасиеті оның әлеу­мет­тік-қоғамдық істерге белсене қатысуында. Бұл оның фило­софиялық өмір салтының мыз­ғымас бір кредосы десе де болады: қоғамда өмір сүре отырып, онда болып жатқан оқиғаларға, саяси-мәдени өзгерістерге бейжай қарауға болмайтынын, қоғамдық өмірдегі қарым-қатынастардың бәрі дерлік адамға байланыс­ты екенін терең түсінген ол, әр­дайым қоғамдық шаралар мен іс-әрекеттерге белсене қа­ты­насып, өз міндеттерін адал ат­қа­­­рып, нәтижелі қолғабысын тигізетін. Мысалы, ХХ ғасырдың 70-80-жылдары ол академиялық ғылыми қызметтерімен (институт директоры, Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-секретары, Ғылым академиясының вице-президенті, Президиумының мүшесі, әртүрлі ғылыми журнал­дарының редколлегия мүшесі, диссертациялық кеңестің төраға­сы және т.б.) қатар, Алматы қа­ла­сы Халық депутаттары Ке­ңесінің депутаты, КСРО философия қоғамы Президиумының мүшесі әрі Қазақ бөлімшесінің төрағасы, Республикалық «Білім» қоғамының философия бойынша әдістемелік кеңесінің төрағасы, Совет-Қытай достығы қоғамының Қазақ бөлімшесі басқармасының төрағасы, КСРО лениндік және мемлекеттік сыйлықтары жө­нін­дегі комитеттің мүшесі, Қа­зақстан Республикасының халық депутаты және т.б. қоғамдық-әлеуметтік маңызы зор міндет­терді қоса атқарады. Кезінде Шәкә­рім­­ Құдайбердиевтің, Мағ­жан Жұ­мабаевтың, Ах­мет­ Бай­тұр­сы­новтың, Мір­жа­қып­ Ду­латовтың шығар­ма­шы­лық мұрасын зерттеу жөніндегі Қазақ­стан КП ОК ко­мис­сия­ларының төрағасы болып, оларды ақтау ісіне айрық­ша үлес қосқаны тағы бар. Тә­­уел­­­­сіздік алған жылдары Ж.М.Әб­діл­­дин асқан саяси-әлеу­­­­мет­­тік белсенділік танытып, Жо­ғар­ғы Кеңес депутаты, Пар­ла­мент Се­натының депутаты, Ха­­лық­аралық істер, қорғаныс жә­не қауіпсіздік Комитетінің тө­рағасы, Президент жанындағы адам құқықтары жө­ніндегі ко­миссияның төрағасы болып сайланды. Көптеген халық­аралық дең­гейдегі саяси, саяси-әлеумет­тік, тарихи-мәдени мәні бар іс-ша­ра­ларға қатынасып, сая­сат­кер әрі ғалым ретінде Қазақ­­стан Республикасының Консти­туциясын, тіл, мәдениет, қауіп­сіз­д­ік, адам құқығы мәселе­ле­­ріне қатынасты заңдарды қа­был­­дау­ға, қазақ мәдениеті мен ғы­лы­мы­­ның жетістіктерін шет елдерде насихаттауға айтарлықтай қо­мақ­ты үлес қоса білді.

2007 жылдан бері академик Ж.Әбділдин Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразиялық универ­си­тет­тің профессоры ретінде пе­да­гогикалық қызмет атқаруда. Осы кейінгі он жылдан астам уа­­қыт бедерінде ол студенттерге дәріс оқуымен, жаңа сапалы оқу­­лықтар жазуымен бірге, оқу-білім ісін ғылыммен ұштастыру идеясын практика жүзінде іске асыруға бет алып, бірнеше қос­тараптық (ғылыми-зерттеулік және педагогикалық) мәнге ие монографияларды жариялап үл­герді.

Жәкеңнің рухани әлемі өте кең әрі бай, соған орай шығармашы­лығының көкжиегі де ерекше фи­ло­софиялық бояуларға қанық. Ол бірде әлемдік философияның әй­гілі шыңдары саналатын И. Кант пен Г.В.Гегельдің философиялық-логикалық ілімдеріне бойлап, со­лар­дың ой әлемін еркін шарлай шарықтаса, келесі бірде қазақ фи­лософиясының Шоқан, Абай сынды алыптарының өмірі мен шығармаларына ойлы көз тас­тап, өзіне тән диалектикалық-логикалық сарында тарқатады, тағы бірде әлемдік әдебиеттің Л.Толстой, М.Әуезов, Ш.Айтма­тов­ сияқты пірлерінің туындыла­рына орай бейнелі сөздің құдіре­тіне бас ие отырып, философиялық ой ұшқынын қазбалап, өзінше маздатады. Бұл асқан шеберлікпен ағытылған ой ырғағына еріксіз мойынсұнасың, көркем әдебиет пен философиялық ойдың тоғысу арнасын тап басып, бетпердесін ашқан ұстазға әбден разы бола­сың.

Жәкеңнің тағы бір ерекше­ қасиеті – оның қарапайым­ды­лы­ғында. Ол ешқашан де кеу­десін қағып мақтанбайды, өз ісіне мығым қалпында, сонымен бір­ге шындықты сыни талдап, болашаққа сеніммен қарап, әрқа­шанда ой үстінде жүреді: өйткені ол – нағыз философ!

Мұрат СӘБИТ,
философия ғылымдарының докторы, профессор