Бұл жөнінде Елбасы прагматизмге қатысты ойында көзқарасын ашық білдіреді. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.
Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлық прагматизмі деген осы».
Міне, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өзге көптеген мәселелермен қатар, болашақта қазақ ұлты қандай болуы керек, неге ұмтылуымыз қажет деген сұрақтарға байыпты жауаптар айтылады.
Қазақ елі мықты мемлекет болу үшін – біртұтас ұлт болуға қадам басуы қажет. Бәсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы мәселелері кеңінен қозғалады. Осындай келелі жайларды айта келіп, Елбасы таяу жылдардағы міндеттер дегенде, алдыңғы кезекте қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын жүргізу керектігін қояды.
Неге?
Мұның басты бір жауабы, біздіңше, мынада. Тарихтың шындығын жасыруға болмайды. Анығында, біз отарланған, отаршылдық езгіге түскен халықпыз. Кезінде кеңестік дәуірде «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы» деп айтылып, жазылып, үлкен мерекелік іс-шаралар болды. Көптеген ақындар өлеңдер жазды, көптеген прозалық шығармалар дүниеге келді. Ал ақиқатына келгенде, қазақ даласын Ресей империясының отарлауының 250 жылдығы еді. Әйгілі жазушы Мұхтар Әуезов кезінде «Зар заман» ақындары деп атаған ақындардың тарих толқынына келуі бекер емес болатын. Отаршылдықтың басты мақсаты – жерді, суды, бүкіл байлықты тартып алу. Халық атақонысынан, шұрайлы жерінен айырылып жатса, неге зарламасқа?! Неге «зар заман» ақындары тарих бетіне шықпасқа?!
Сол сияқты отаршылдық езгі халықтың сана-сезіміне өзгерістер әкелді. Ат үстіндегі батыр халықтың мінез-құлқы өзгерді, майдаланды, ұсақшылдыққа айналды. Абай айтқандай: «Елдің іші Тобықты, көп пысыққа молықты». «Пысық» деген кім десе, оған да Абай тамаша жауап береді. Біреуді біреуге жамандаса, қалаға арыз тасыса, ар ойламай, пайда ойласа, ұлық алдында шыбындаған ат сияқты жағымпазданып басын үсті-үстіне шұлғыса, тағы басқа болып жалғаса береді. «Өтірік, өсек, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ». Мұның бәрі заман туғызған жағымсыз мінез-құлықтар болатын. Әсіресе, отаршылдық заманында өрістеп кетті. Билік жасаушыларға бұл керек болды. Маскүнемдік, арақ деген пәле бұрынғы бабаларымыздың тұрмыс-салтында болып па еді. Отаршылдық заманында өз билігіміз өзімізде болмады. Бұл бағыт кешегі кеңестік дәуірде де жалғасты. Ұлт деген атауды жойып, бәріміз «совет халқы» боламыз деген кездер де қылаң берген.
Міне, Тәуелсіздігімізді алдық. Өзімізге өзіміз келдік. Саяси-экономикалық жағдайымызды бекемдедік. Осы ретте біздің енді отарсыздануға бет алуымыз күн тәртібіне шықты. Отарсызданудың ең бастысы – ой-сананың отарсыздануы. Біреуге деген тәуелділік, құлдық мінез-құлықтан арылу, ой-сананың азаттығы. Бұл жөнінде Елбасының өз еңбектерінде жеткізе айтты.
«Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады», «Қазақтың ұлттық рухы оның ерлігінде жатыр», «Намыссыз азамат өзгелердің түгілі өзінің көсегесін де көгерте алмайды», «Бүгінгі қазақ қауымына аса қажет нәрсе – өзіміздің намысшылдық дәстүрімізді дамыту», «Кез келген халыққа бәрінен бұрын асқақ рух керек», «Бойымыз да, ойымыз да азат болсын», «Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы керек» – деп келетін терең пайымды ой-толғаулар қазіргі әрбір азаматтың жан-жүрегінен берік орын алып жатса, қанеки.
Біздіңше, Елбасы айтып отырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мәселесі осындай қажеттіліктен – жаңа заман талабына сай өзгеруден, жаңарудан туындап отыр. Ол үшін тілінің тазалығын, дұрыс дыбысталуын, құнарын сақтаған, туған елінің тарихын, өлке тарихын жақсы білетін, жақсы дәстүр-салтын дамытқан, білімді, бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз керек. Біз Тәуелсіздігіміз өз қолымызға тиген заманда енді бір ұлттың көлеңкесінде қалған, көлеңкесінен шыға алмайтын дәрменсіз ұлт болуға тиісті емеспіз. Жапон халқы, ағылшын халқы, басқа да халықтар әлемде дараланып, өзіндік ұлттық кодымен, менталитетімен көрінетін болса, біз де өзіндік ұлттық даралығымызбен танылуымыз қажет. Ол үшін ұлттық болмысымызды, рухымызды жаңаруға тиістіміз.
Ал жаңаруымыздың бір шарты – жазуымызды уақыт талабына сай өзгерту болып табылады. Өзге ұлттың әсер-ықпалында, шылауында қалмай, қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін сақтайтын латын әрпіне негізделген қазақ жазуын қалыптастыру – уақыт талабы. Латын қарпі бір ұлттың меншігіндегі қаріп емес. Латын тілі – өлі тіл. Бірақ оның таңбасы, қарпі дүниежүзінің көптеген халықтарының жазуына айналып отыр. Практикалық өрісі кең. Сондықтан алдымен қазақ жазуының латын графикасына көшу қажеттілігін бажайлап түсінуіміз керек тәрізді. Оймызды түйіндесек, қажеттіліктің мәні неде?
Біріншіден, отарсыздану. Яғни отаршылдық кезеңде батпандап кірген өктемдіктен, жосықсыздықтан бірте-бірте арылу. Бұл ретте қазіргі жазуымыз қазақ тілінің жазылу, дыбысталу ерекшеліктерін барынша дәл сақтап, қызмет жасап тұр дей алмаймыз.
Екіншіден, қазақ тілінің өзіне тән дыбыстарын дәл бейнелеу, сол арқылы тіліміздің айтылу, дыбысталу әуезділігін бірте-бірте қалпына келтіру жайы. Шындығына келгенде, бұл өте күрделі мәселе. Қазіргі уақытта қазақ тілі өзінің айтылу әуезділігінен, көркемдігінен айырылып бара жатқаны сөзсіз.
Үшіншіден, әлемдік өркениетке жолдың ашылуы. Бұл жөнінде Елбасы: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп жазды.
Төртіншіден, қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді. Яғни шетелдіктер бұрын қазақ тілін үйренуге кирилица қарпі арқылы келетін болса, енді өздеріне жақын, көздеріне қанық латын графикасы арқылы тікелей келеді.
Бесіншіден, латын қарпіндегі қазақ жазуына көшуіміз әлдекімнің өктемдігімен, бұйрығымен жүзеге асып жатқан жоқ. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасыр өткендегі тәуелсіз шешімі, халықтың таңдауы.
Қазақ жазуының латын графикасына көшудің жауаптылығы жөнінде филология ғылымдарының докторы, профессор, тілші ғалым Әлімхан Жүнісбек өте жақсы пікір білдіреді. Ол латын қарпіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткенін айтады. Мұның өзі үлкен кедергілер туындатады. Қазақ жазуына тек таңба ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережесін бірдей қамтитынын алға тартады.
Ғалымның сөзінде үлкен мән бар. Әліпби жасау – бұл әріптерді таңбалай салу ғана емес. Әліпби қазақ тілінің дыбыстарын дәл бейнелеу қажет. Мұның оңай еместігі қазіргі бүкілхалықтық талқылау кезінде айқын көрініп отыр. Елбасына ұсынылған бірінші нұсқада диграфтарға басымдық берілсе, екінші нұсқада «бір дыбыс-бір әріп» принципіне басымдық берілген.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы әлі де тың, әрі батыл ұсыныстар айтылуда. Латын әліпбиіне көшу алдыңғы кезекте қазақ халқына қажет. Мұны халық жақсы білуі, сезінуі тиіс. Сондықтан да көп қиындықтар мен кедергілердің болатынын, бірақ оны жеңіп шыға отырып, өзінің бағыт-бағдарын анықтайтынын халық жақсы білуі керек. Бұл айтар ауызға жеңіл болғанымен, төзімділік пен іскерлікті, жүректің батылдығын қажет ететін күрделі жұмыс. Сондықтан да Елбасы бұл жұмысты байыпты, рет-ретімен, үлкен дайындықпен жүзеге асыруды арнайы тапсырады. Қазақ ұлтын сыйлайтын, олармен өзін тағдырлас санайтын, ынтымақ, бірлікті көздейтін өзге ұлт өкілдері халықтың бұл батыл қадамына сыйластықпен, түсіністікпен қарайды деп білеміз.
Менің басты тілектерімнің бірі – қазақ латын жазуында тіл дыбыстары айтылуда төл, байырғы қалпын, әуезін сақтаса екен деймін. Соған мүмкіндіктер ашылса екен деп қалаймын. Әрине, бүгінгі жазуда біздің жеткен жетістіктеріміз мол. Тарихты, өткен жолымызды жоққа шығармаймыз. Бірақ тіл дыбыстарының айтылуы мен жазылу түрінде өзгешелік болғандықтан, едәуір мәселе туғызып, тіпті қазіргі жастардың сөйлеу тіліне кері әсерін тигізе бастағанын жоққа шығара алмаймыз. Қазақ тілінің әуезді, үнді сөздерін жазылу қалпымен айтып қатаңдандырып жіберіп жүргендер қатары қазірде мол. Бұл ретте ұлы жазушы М.Әуезовтің бір кездері өзінің атақты «Қаракөз» пьесасының атауын айтылу қалпымен «Қарагөз» деп жазғанын, солай деп жазуға ұсыныс білдіргенін айтып өтуіміз керек. Ұлы жазушы неден сақтанды? «Қаракөздің» «к» әрпімен жазылуымен байланысты кейінгі жастардың соған орай қатаң «к» дыбысымен айтуынан, соған дағдылануынан сақтанды. Жаңа әліпби оқылуда қазақ тілінің өзіне тән әуезін сақтаса дейміз.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы