Әдебиет • 13 Ақпан, 2018

Науаи мұрасы насихатталды

479 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда елордамыздың Ұлттық академиялық кі­тап­­­ханасында өзбектің ұлы ақыны және ойшылы «шы­ғыс жұлдызы Науаи» ат­ты әдеби-мәдени кеш өтті. 

Науаи мұрасы насихатталды

Фото: Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

«Астана қаласының Өзбек этномәдени орталығы» мен аталмыш кітапхана бірлесіп өткізген іс-шара Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында жүзеге асырылған. Екі ел арасындағы мәдени қарым-қа­тынасты одан әрі нығайту, тіл мен мәдениетті сақтау және да­мыту, әдебиетке деген қызығу­­шылықты қалыптастыру мақ­сатында қолға алынған шара­ға Қазақстан Парламенті Мәжі­лісі­нің депутаттары, Халықаралық Түркі академиясы, Өзбекстан, Тү­р­кия, Әзербайжан және Қыр­ғыз Республикаларының Қазақ­стан­дағы елшіліктерінің өкіл­дері, ҚХА мүшелері, қоғам қай­рат­кер­ле­рі және этномәдени бірлес­тік­тер­дің өкілдері қатысты.

Жиынның беташар сөзін сөй­леген Парламент Мәжілісінің депу­таты Сауытбек Абдрахманов Әлішер Науаидің әлемдік тұлға екен­дігі хақында және бауырлас қазақ пен өзбек арасындағы Науаи мұрасы ортақтастыратын көптеген рухани құндылықтар жай­лы кең көлемде әңгіме өрбітті.

«Науаидің ұлы еңбектерінің бірі – орыс әдебиетіндегі Пуш­кин­нің ұлы еңбегімен ұқсас. Пуш­киннің алдында орыс тілі өте күрделі құбылыстарды беруге дәр­менсіз тіл, шын әдебиеттің тілі француз тілі деген ұғым орныға бастаған кез болатын. «Евгений Онегиннен» кейін барып орыс­тар өздерінің тілінің құдіретін таныған. Әлішер Науаи заманында да түркі тілі екінші қатарда бо­лып келген. Науаи өзінің жаз­баларында «менің өмірлік мұрат­та­рымның біреуі түркі тілінің мәртебесін көтеру» деп айтады. Сөйтіп Әлішер Науаидің арқа­сын­да түркі тілі парсы тілімен тең тұрып ғажайып шығармалар жа­зыл­ған», деді С.Абдрахманов.

Осымен екінші мәрте өткізіліп отырған бұл кеш екі ел арасындағы мәдениетаралық, гуманитарлық және кітапханалық байланыстар­ды нығайту мақсатында да үл­­кен маңызға ие болып табы­ла­­ды. Өз сөзінде Астана қа­ла­­сы­ның Өзбек этномәдени орта­лығының төрағасы Шерзод Болатов «Елбасымыз айтқан н­а­ғыз «Рухани жаңғыру» ұлттық әдебиетке ұлы өзгерістер әкелген белгілі тұлғаларды насихаттау­дан бастау алады. Біз Әлішер Нау­аиды сондайлық тұлға дер едік. Дәстүрлі түрде әр жылдың 9 ақпаны, яғни Әлішер Науаидің ту­ған күнінде халықаралық дең­гейде осы жиынды өткізіп тұр­мақ­шы­мыз», деп атап өтті.

Ұлттық кітапхананың дирек­торы Үмітхан Мұңалбаева болса «Алдағы уақытта Өзбек­стан мем­лекетінің Ұлттық кітап­ха­на­сында Қазақстан әдебиеті мен мә­дениеті орталығын ашуды ұсын­а­мыз. Орталықтардың ашылуы біз­дің қарым-қатынасымызды нығайтудың маңызды қадамы болар еді. Ол екі мемлекет хал­қы­ның әдеби шығармашылық ең бай мұрасымен танысу мүм­кін­дігі және олардың арасын­да­ғы ең маңызды факторлар мен халықтардың сеніміне ие бо­лу­ға септігін тигізеді. Бұл жо­ба­­лардың бастамасы ретінде был­тыр «Кітапханалық туризм» жо­ба­сының аясында біздің қыз­мет­кер­ле­ріміз Әлішер Науаи атын­да­ғы Ұлттық кітапханаға барып та қайт­ты», деді.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»