Аймақтар • 14 Ақпан, 2018

Алматыда «Дала өнері» атты арт-галерея ашылды

1414 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сурет өнері туралы, суретші­лер жайлы сөз қозғалғанда, көпші­лігі­нің көз алдына Арбат­тың бойында қызылды-жасыл картиналарын сатып не қарындашпен әлдекімнің пор­третін әп-сәтте салып беретін қыл­қалам иелері елестейді. 

Алматыда «Дала өнері» атты арт-галерея ашылды

Рас, Арбатта жайлау, жылқы, жыл мез­гіл­дері, табиғат, ару, ана сияқты бір қарағанда-ақ түсінікті бола са­латын бәріне таныс тақырыпта жа­затын дилетанттардан бастап күрделі идеяны ширататын шын өнер данышпандарына дейін отырады. Өзі отырмаса да, картиналары тұрады.

Танымалдылыққа емес, табыс табуға ұмтылдыратын ашық аспан астындағы сурет көрмесі талай суретшінің тұрмысын түзесе, сурет өнерінен хабары жоқ қара­пай­ым адамдардың хас өнер тура­сындағы алғашқы сауатын ашып, талғамын ұштады. Алайда сти­хиялы дамып келе жатқан қазақ­стандық қылқалам өнерінің серкелері туындыларын Арбат арқылы емес, арт-галереяның тұ­ты­нушылары негізінде игілікке ай­налдыра алса, ол ұлттық сурет өнерінің өскендігінің белгісі болмақ. Өйткені арт-галерея – жабайы сауданы қыздыратын әуес­қойлар әлемі емес, нағыз су­рет­­кердің сұрыптаудан өткен ту­ын­дыларымен таныстырып қана қоймай, өзінің сыншыларын, табынушыларын, ең ақырында, сатып алушысын табуға мүмкіндік беретін шығармашылық орын екені анық. 

Ал Қазақстан қылқалам өнерін Арбаттан арт-галерея дәрежесіне көтерген суретшілер санаулы ғана. Соның бі­рі – Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, Чехияның Ян Масарик сыйлығының иегері Алпысбай Қазығұлов. 

Өткен аптада Алпысбай Қазығұлов, Марат Әбдіреев, Ербол Хамиров, Құрманғазы Ақашов сын­ды кәсіби қылқалам шебер­ле­рінің 70-тен астам картиналары қойылған «Дала өнері» деп аталатын арт-галереяның ашылу салтанаты болды. Мақсаты – қазақстандық кәсіби қылқалам шеберлерінің еңбектерін кеңінен дәріптеу. «Дала өнері» атауына сәйкес, галереяға қойылған туындылар ортақ идеяға бағынып, бір тақырыпты қаузайды. Ол – қазақ халқының тұрмыс-тір­ш­і­лігі, этнотақырыптар, қазақ да­ла­сының табиғаты. Тек бояу, жанр, стиль – әр басқа. Картиналар ілінген қабырғаларға жағалата көз салғаннан-ақ ашық түсті бояулардың жарқын, жайдары табы сезіліп, жаныңнан самал есіп өткендей болады. Көркем әдебиетте кездесетін шымыр оқи­ға, сәтті сюжет, қызықты баян­дау, к­е­лісті ұйқас деп жататын тәсіл­дің бәрі бояу күшімен ке­неп­тің үс­тіне көшіп алғандай әсер береді. Қы­л­қалам шеберінің жет­кіз­гісі келген идеясы көңіл-күймен ке­ремет сабақтасады. 

Осы уақытқа дейін 7000-нан артық картина салып, өмір­ден өткен, көзі тірі белгілі сурет­­ші­лер­дің туындыларын сатып алып, оларға ғұмыр сый­ла­ған Алпысбай Қазығұлов қазақ бей­нелеу өнерінің негізін қала­ма­са да, оған абстракционизм негізін қалағандардың бірі деп батыл баға беруге болады. Арт-галереяда оның осы бағыт­тағы он бес картинасы қойыл­ған. «Көш», «Қалыңдықтың ұзатылуы» атты картиналары архаизмге айналған байырғы танымнан туған дүниелер болса да, ерекше мәдениеттің иесі болған бабаларымыздың тұр­мыс-салтын жаңаша жазуымен, қалыптан тыс қиялдағы қи­сынмен қаз-қалпында көз алдымызға әкеледі. Автор ай­тар ойын амалсыз төрт­бұ­рыш­ты жиектемеге қамап қой­ғаны болмаса, сары да­ла­ға деген сағынышы шет­сіз-шексіз кеңістіктің өзімен астасып кеткен. Ал «Қалыңдықтың ұзатылуында» құла­ғыңа сыңсу келгендей болады, яки қара өлеңнің шумақ­та­ры бой­жет­кеннің назын жет­кі­зеді. Абстракцияның «адам түсін­бей­тін бағыт» емес екенін, өз­гелердей мың түрлі әдіске салып, елес секілді, есті шыға­ра­­тын таңқы-таран күйге түсір­мей, қазақы ұғыммен бейнелеуі ар­қылы елімшіл ерек мінезін байқатады. 

Викториналық сұрақтар қойы­лып, лотерея билеттері ойнатылып, жеңімпаздарға ав­тор­дың қа­ла­мынан туған су­рет­тері сый­ға тартылған салта­нат­ты тұ­сау­­кесердің қызықты өту­­іне оның ұлы, арт-дилер Әнуар Қазы­ғұ­лов­тың еңбегі зор. Арт-галереяны та­ма­шала­ға­­­нымыз үшін авторларға ал­ғыс біл­­діргіміз келді. Себебі көп­ші­лік назарына ұсынылғанда ға­на картинаның бағасы мен ма­ңыздылығы танылады. Тамаша­лау­шы­сы мен тұтынушысы табылған картина суретшіні шабыттандырады, өнердің өрісін кеңейтеді, ең бастысы, ойландырады, ерекше энергетика таратады. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүреді. 

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ