Өзара байланыстың серпінді жолы
Қазақстанның уақыт талабына сай дамуына, әлемдік игіліктерді өзіне сіңіруіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған көп-векторлы саясаттың ықпалы зор болғаны анық. Аталған саяси бағыт, әсіресе еліміздің Еуропалық одақпен тиімді әрі теңгерімді қарым-қатынас орнатып, халықаралық аренадағы биік беделін қалыптастыруына мүмкіндік берді. Осы орайда Еуропалық одақтың әлеуетін бағамдай білген Қазақстан өз мүддесін күн тәртібіне шығара отырып, батыл қадамдар жасады. Бұл еліміздің аталған бірлестікпен орнатқан өзара ынтымақтастығының ширек ғасырлық тарихын зерделегенде анық көрінеді...
Өзгенің жаманынан жиреніп, жақсысын өз пайдамызға асыру ісінде әжептәуір тәжірибеміз бар екенін ескере сөйлесек, халықаралық қоғамдастықпен қарым-қатынас орнату барысында ешкімге есе жіберіп жатқанымыз жоқ... Алайда көршілес мемлекеттермен, сондай-ақ Батыс елдерімен етене болу, олармен өзара ықпалдасу әсерінен ұлттық болмысымызға жат залалды дүниелер қоғамымызға дендеп еніп, рухани құлдырауға душар болуымыз мүмкін деп қауіптенетініміз, алаңдайтынымыз рас. Дегенмен, осы алаңдаушылық біздің ұлттық санамызды оятып, иммунитетімізді көтеріп, соның нәтижесінде өзгенің жасығы мен жақсысын айырып, әлемдік қоғамдастықтан өзімізге қажетін ғана талғап алатын деңгейге жеткенімізді ескеруіміз керек.
Бүгінде өзгенікін зор, өзіміздікін қор санайтын түсінік біршама әлсірегендей. Әрине бұл жағымды үрдіс тәуелсіздік жылдарында ұлттық құндылықтарымыздың қадірін арттырып, оның мән-маңызын ашып көрсету бағытында жүргізілген мемлекеттік саясаттың арқасында мүмкін болды. Мұны айтудағы себебіміз, қазір біз сырт елдермен әріптестік орнату бағытындағы ауқымды шараларды қолға алғанда ең алдымен ұлттық мүддемізді алға шығаруды басты назарда ұстап келе жатқанымызды қаперге салу. Бұл, басқаны былай қойғанда, Қазақстан мен Еуропалық одақ елдері арасындағы екі жақты және көп жақты ынтымақтастықты дамыту ісінде бірден көзге түседі.
Бүгінгі қазақстандықтар мемлекетіміздің Еуропа елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуына оң көзқараспен қарайды. Өйткені халқымыз елімізден шалғай жатқан Еуропаның бізге мәдени-рухани, демографиялық салалар бойынша тигізетін жағымсыз ықпалынан аса қауіптене қоймайды, қайта олардың озық технологияларын экономикамызды дамытудың негізгі тетіктері ретінде қарастырады.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастық өзінің жоғары деңгейін көрсетуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуына екі жақ та мүдделілік танытып келеді. Бүгінде еліміздің сыртқы сауда айналымының жартысына жуығы Еуроодақтың үлесіне тиесілі. Бұдан біз өзара әріптестіктің әлемдік экономикадағы дағдарысқа қарамастан, нығая түскенін ұғамыз.
Әлемдегі қазіргі жағдаяттарды жіті бақылап отырған Қазақстан өзінің сыртқы саясатының еуропалық бағытын жүзеге асыруда негізгі үш салаға басымдық беруде. Оның біріншісі экономика саласына қатысты. Бұл орайда ЕО әлеуетін ескере отырып, ел экономикасын нығайту, еуропалық капиталды тарту, сауда-экономикалық байланыстарды өрістету, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешу көзделеді. Екіншісі саясат саласына байланысты. Бұл бағыт бойынша ЕО-ның интеграциялық тәжірибесін қолдану, ядролық қаруды жою және таратпау мәселелері бойынша ынтымақтасу, ұйымдасқан қылмысқа, халықаралық лаңкестікке қарсы күрес бойынша күш біріктіру, бейбіт операциялар мен басымдықтар шеңберінде әріптестік орнату қарастырылады. Ал үшіншісі мәдени-рухани саланы қамтиды. Мұнда елімізді еуропалық кеңестікке таныстыру, оң имиджін қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізу, білім беру және ғылыми-зерттеу жобалары бойынша ынтымақтастықты іске асыру жайы қаралған.
Әлеуетін әлем мойындаған, жаһандағы салмақты саяси-экономикалық бірлестіктердің ішіндегі бірегейі саналатын Еуропалық одақ қазіргі таңда Ұлыбританияны қоса есептегенде 28 мемлекеттің басын біріктіріп отыр. Бұл елдерде соңғы деректерге қарағанда, 505 миллионнан астам адам тұрады. Еуропалық кеңес және Еуропалық комиссия сынды аса беделді басқару органдары бар, адамзат дамуының алдыңғы қатарында тұрған бұл Одақ пен Қазақстан арасындағы байланыс 1993 жылдың 2 ақпанында басталған-ды. Іле сол жылдың желтоқсанында Брюссельде Қазақстанның Еуропалық одақ жанындағы өкілдігі өз жұмысын бастаса, 1994 жылғы қазанда Алматы қаласында Еуропалық комиссияның өкілдігі іске кірісті. Содан бері арада өткен 25 жылдың көлемінде екі жақтың басшылары сан мәрте кездесіп, өзара байланыстарды жоғары деңгейге көтере білді. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өткеніміз орынды. Мәселен, Қазақстан Президентінің ЕО-ның әкімшілік орталығы Брюссельге сегіз сапары жүзеге асып, (1993 ж. ақпан, 2000 ж. маусым, 2002 ж. қараша, 2006 ж. желтоқсан, 2010 ж. сәуір мен қазан, 2014 ж. қазан, 2016 ж. наурыз), олардың барлығында Еуропалық одақ басшылығымен келіссөздер жүргізді. Елбасының ЕО басшылығымен кездесулері әртүрлі халықаралық форумдар аясында да болды. Мәселен, Еуропалық комиссия төрағасы Ж.М.Баррозумен 2010 жылы 20 қарашада Лиссабондағы НАТО саммитінде, 2011 жылы 19 сәуірде Киев ядролық саммитінде, 2014 жылы 24 қаңтарда Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда, Еуропалық комиссия төрағасы Ж.-К.Юнкермен 2016 жылы 4 қыркүйекте «G20» саммитінде кездесулер өткізді.
Сол сияқты Еуропалық одақ жетекшілерінің де Астанаға сапарлары болып тұрды. Нақтылай айтқанда, 2010 жылы 1-2 желтоқсанда Еуропалық кеңестің сол кездегі төрағасы Х. Ван Ромпейдің Қазақстанға алғашқы сапары болып, ол елордада өткен ЕҚЫҰ саммитіне қатысты. Ал 2013 жылы 2-3 маусымда Еуропалық комиссияның сол тұстағы төрағасы Ж.М.Баррозудың Қазақстанда алғашқы ресми сапары өтті.
Еуропалық одақ үлесі басым
Жалпы, екіжақты ынтымақтастық 1999 жылы Брюссельде бекітілген Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім, 2015 жылдың 21 желтоқсанында Астанада қол қойылған Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) аясында жандана түсті. Айта кетейік, Еуропалық одақ Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді Қазақстаннан өзге кеңестік кеңістіктегі елдердің ешқайсысымен жасаған жоқ. Бұл еліміздің аталған әлеуетті бірлестік үшін маңызы жоғары екенін аңғартады. Аталған құжат бұған дейін қалыптасқан әріптестікті уақыт талабына сай жаңа сипатта дамыта түсуге жол ашты. Онда халықаралық, аймақтық қауіпсіздік, сауда, инвестиция, инфрақұрылымды дамыту, инновация, мәдениет, спорт және туризм сияқты маңызды деген 29 сала қамтылды.
Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы сауда саласындағы әріптестері арасында Еуропалық одақ өзінің көшбасшылық рөлін сақтап келеді. Мәселен, 2016 жылы еліміздің ЕО елдерімен сауда айналымы 24,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл Қазақстанның жалпы сауда айналымындағы ЕО-ның үлесі 40 пайызды құрағанын білдіреді. Ал 2017 жылдың 10 айында Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда айналымы 24,4 млрд доллар болды. Бұл әлемдік экономикадағы жағымсыз ахуалдарға қарамастан, екі жақтың өзара тиімді байланыс орнатып, арадағы сауда айналымын аздап болса да ұлғайта түскенін аңғартады.
Осы арада айта кетейік, ЕО мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды реттей Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің арқасында инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін тұрақты негіз қаланды. Бүгінде Еуропалық одақ біздің ірі инвесторымыз болып табылады. Мәселен, 2016 жылы Қазақстанға ЕО тарапынан құйылған тікелей инвестиция көлемі 10,8 млрд долларға жетті. Бұл сол жылы елімізге келген жалпы инвестиция көлемінің 50 пайызын құрайды. Оның үстіне, еліміздің аумағында Еуропалық одақ елдерінің қатысуымен 3 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Еліміз үшін ЕО елдері арасындағы негізгі инвесторлар Нидерланд, Франция, Ұлыбритания және Германия болып табылады.
Негізінде, елімізден Еуроодақ мемлекеттеріне энергетикалық (минералды шикізат, отын) өнімдер жөнелтіледі. Ал олардан бізге келетін экспорттың негізгі бөлігін көлік жабдықтары, машиналар, өнеркәсіп тауарлары мен химиялық өнімдер құрайды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен ЕО арасында энергетика саласында өзара тиімді қатынастар орнады. Еуропаның энергетика саласындағы ірі компаниялар Қазақстанның мұнай-газ саласына мол қаржы салды. Бұл бағыттағы жұмыстарға тараптардың арасында 2006 жылғы желтоқсанда бекітілген Энергетика саласындағы түсінік туралы меморандум кеңінен жол ашты. Құжатта табиғи газ бен мұнайдың ірі өндірушісі ретінде Қазақстанның маңызды рөлі атап көрсетілген.
Қазақстан мен ЕО арасындағы тиімді байланыстар туралы сөз еткенде, жоғарыда аталған маңызды құжаттармен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Еуропаға жол» бағдарламасына соқпай өте алмаймыз. Нақтылай айтқанда, Қазақстан тарапы қабылдаған, 2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» атты бағдарламаның өзара ынтымақтастықты жаңа белеске көтерудегі рөлі зор болды. Бұл құжат Елбасының 2008 жылғы Жолдауы негізінде дайындалғаны белгілі. Аталған бағдарлама Еуропа елдерімен сауда айналымын арттыру, экономиканы, көліктік қатынастарды нығайту, қоғамды еуропалық стандарттарға сәйкестендіру, халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету сынды басқа да маңызды мәселелерді жүзеге асыруды көздеді. Нәтижесінде «Еуропаға жол» бағдарламасы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, еліміздің тұрақтылығы мен орнықты дамуына мүмкіндіктер берді.
Қазақстан бастамаларына лайықты қолдау
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Қазақстан ЕО-ның Орталық Азия (ОА) бойынша стратегиясы шеңберінде де тиімді қатынас орнатып келеді. 2007 жылы маусым айында өткен Еуроодақ саммитінде қабылданған «ЕО және Орталық Азия: әріптестіктің жаңа стратегиясында» қауіпсіздік, экономика, энергетика, экология, құқық, білім мен саяси үнқатысу салалары қамтылған. Осы орайда ЕО мұнай, газ саласы мен көлік дәліздеріне (ИНОГЕЙТ), (ТРАСЕКА), шағын және орта бизнесті дамытуға, есірткімен күреске (КАДАП), шекараны басқаруды жетілдіруге (БОМКА), білім саласын ілгерілетуге қатысты ауқымды бағдарламаларды қолға алды.
Негізінде, Еуроодақ күн тәртібінде тұрған сын-қатерлердің алдын алу мақсатында Орталық Азия елдерімен әріптестігін кеңейткісі келеді. Ал Орталық Азия тарапы болса уақыт талабына сай даму үшін батыстың тәжірибелерін пайдалануды құп көреді.
Қазіргі таңда ЕО-ның Орталық Азия бойынша қазіргі стратегиясы Еуропалық одаққа қатысушы мемлекеттердің ортаазиялық бес республикаға қатысты басты ұстанымын көрсетеді.
Біздің еліміз Еуропалық одақ елдерімен тек экономика саласында ғана емес, саясат пен қауіпсіздік, демократия мен адам құқықтары саласында да өзара әріптестік орнатып отыр. Бұл орайда Қазақстан мен ЕО Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы шеңберінде оңтайлы жұмыстар жүргізуде.
Биыл Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы орнықты қарым-қатынастарға 25 жыл толып отыр. Осы аралықта аталған Одақ еліміздің халықаралық және аймақтық бастамаларына, бітімгерлік бағытындағы қадамдарына кеңінен қолдау білдірумен келеді. Бұл, әсіресе еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануында, оның саммитін өткізу барысында, сондай-ақ 2017-2018 жылдарға БҰҰ ҚК-ге тұрақты емес мүше болуымызда, осы органға биылғы қаңтарда жетекшілік етуімізде, ЭКСПО-2017 көрмесін өткеруде Еуропалық одақ мемлекеттерінің Қазақстанды өз деңгейінде қолдағаны айқын көрінді.
Қорыта айтқанда, елімізде соңғы кезеңдерде қабылданған, халқымыз үлкен үмітпен қарап отырған ауқымды бағдарламаларды оңтайлы түрде жүзеге асыруда Еуропалық одақ елдері әлеуетін тиімді пайдалану мақсатындағы мемлекетіміздің салиқалы саясаты өз жемісін беріп отырғаны сөзсіз. Сондай-ақ әлемдегі дамыған елдер тәжірибесінде мемлекеттің әлеуеті, ұлттық экономикалардың даму көрсеткіштері цифрлы технологиялар жүйесін кең ауқымда пайдалану деңгейімен айқындалатынын ескере сөйлесек, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын ел игілігіне айналдыруды жеделдету ісінде де Еуропа мемлекеттерінен үлгі алуымыз маңызды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»