Тарих • 15 Ақпан, 2018

Халқы тұлғаларын ардақтады

743 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әйгілі Есенқұл ақынның Саурық батыр туралы жырының басталар тұсында «Қойторының тоқтығы-ай, Тайторының жоқ­тығы-ай!» деген зармен суарып жазылған жолдар бар. Жау найзасына ілініп қапыда кеткен Саурық батырдың сондағы өкінішін өлеңіне өзек етіп алған сезімтал ақынның батырлар жо­­ры­ғының түп-мағынасын те­­рең­­­нен білетіндігіне сүйсі­не­сің, жыр жолдарын оқи отырып ба­тырлар мен ақындар елінің бай шежіресіне емін-еркін бойлай бересің, бойлай бересің!..


Халқы тұлғаларын ардақтады

Сау­рық батырдың жан серігі Сұ­ран­шы батырдың құрдасы әрі се­нім­ді сарбазы тайторы Нияз­бек­­тен туған Сәттібектің – ел ара­­­­­сында Сәке болыс атанған, аса даң­қ­ты тұлға болғаны тарихтан жа­қсы мәлім. Оның көрнекті бір мысалы шежіре парақтарына ай­­­на-қатесіз былайша түсірілген де.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтері­лісінде ақсақалдық-абыз­дық жастағы Сәке Ниязбекұлы болыс Үшқоңыр жайлауында қол жинап жатқан Бекболат Әше­кеұлының қосынына ат арыл­тып, алып ұшып алдымен жет­кен екен. «Ұлтарақтай болса да ата қоныс жер қымбат, ат төбе­ліндей болса да туып-өс­кен ел қымбат. Мұндай кезде тыныш та жата алмадым, Беке! 300 жігітке кебінін кигізіп, асыл тұқымды жылқыларымнан ұс­тап мінгізіп, сапқа тұрғызып алдыңа алып келдім. Еліміз үшін жан қисақ көріміз бір, жеңіп шықсақ шығар тауымыз бір, тігер Туымыз бір...» деген екен. Сонда Бекболат батыр шын тебіреніп: «Сені Сәке дана дейді, Ел-жұртына пана дей­ді. Жауға салса батырымсың, дауға салса ақылымсың. Ел үшін жанын тіккен, Асыл Ер жақы­ным­сың. Сәке болыс, Сәке би, Сәке батыр деген даңқың бар, соңыңда қарақұрым тыңдайтын халқың бар. Ер айтса – елдің айтқаны, елдің қамын жеп айт­қаны. От ішінде туғандар өрт­тен қорықпайды. Қайран ер­лерім, қырандай ұшып жеткен екенсіңдер ғой...» деген екен.

Ел тұтқасын ұстаған Сәке болыс Ниязбекұлының 175 жылдығын дүрілдетіп өткізген ұзынағаштықтар – батырлар елінің ұрпағы ардақты ұл­дары­ның есімін ел есінде мәңгі сақ­талат­ындай етіп ардақ­тап, ма­дақ­тады. Іс-шарасы ауқым­ды ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­цияға ұласып, азуын айға білеген ғалым-ғұламалар тарих тұңғиығынан шертіп-шертіп таң­дап алған шежірелерін оқы­ды, арқалы ақындар төгіп-төгіп жырдан шашу шашты. Көне архивті тереңнен көтер­ген деректі фильм көр­сетіліп, «Тай­то­ры Сәке болыс» кітабының тұсауы кесілді, жас ұрпаққа аманат етілді.

***

Көзі тірісінде Есенқұлдың өзі желпініп өлеңдерін оқи алмай кеткен Мәдениет үйінің сахнасына Түркиядан келген қонақтар осы күні суырыла сөз саптап шықты. Түрік қызы Есенқұлдың «Жақсы адам еді» өлеңін түрік тілінде жатқа оқы­ды. Лық толған залда мұң ор­на­ды, көз жасы сығылды, ел­дің есіне Есенқұлы түсті... Ана­долы – «Кардеш каламлер» («Бауырлас қаламдар») әдебиет журналының бұл санын түгелдей қазақ ақыны, Мә­дениет саласының үздігі Есен­құл Жақыпбекке арнапты. «Бауырлас Анадолы елінен, Түрік жерінен Абай, Махамбет, Сүйінбай, Жамбыл, Есенқұл еліне жалынды сәлем!» деп қиы­ла сөз сөйлеген Атаман Кале­бозон ханымның жүрек тебі­рен­терлік жан сырын есту Есенқұл ақынға бұйырмаған екен!..

«Ақынның еркін үлгіде жаз­­­ған өлеңдері оның өмірде қан­­­дай­лық еркін ой-сезімінде еркін жүргенін көрсетеді» де­ген Атаман ханым өзі редак­ция­лаған, түрікше жарық көрген, бүгін ақынның туған күніне орай осында, Ұзынағашта тұсауы кесілген «Жазғы таңда» («Yaz safaginda») жыр жинағы түрік оқырманының басына жастап оқитын кітабына айналатынына сендірді. «Есенқұл Жақыпбек – түркі әлемінің ардақты да арлы ақынына айналды».

Ақынның өлеңдерін Қазақ­станның Түркиядағы елшілігінің жауапты қызметкері Мәлік Отар­баев аударған. «Өзге тіл­ден аударылған талай жырды қалпына келтіргенше «сан рет өліп-тірілесің», бірақ, Мәлік Отарбаевтың аудармасындағы Есенқұлдың өлеңдері тау суындай сылдырап тұр. Мың рахмет, Мәлік!» деп ағынан жарылған Атаман Калебозонның сезімге толы жүрекжарды сөзін құлақ­пен есту қандай-ды, шіркін! Халық­аралық Жамбыл атын­дағы қордың төрағасы, жазушы Манарбек Ізбасаров игі істің ізін суытпай дипломат-жазушы Мәлік Отарбаев пен ақын Атаман Калебозонға халықаралық Жам­был атындағы сыйлықтың лауреаты атағын тапсырды.

Ел ақынына айналған Есен­құл­дың «Шөп шыққанға бір қуа­нып, Көк шыққанға бір қуанып, Сөк сыққанға бір қуанып, Өмір өтті-ай зырғып ағып..» атты ел аузындағы шумағы өзі өлең оқи алмай өткен Мәдениет үйінің маңдайына тасқа басқандай етіп жазулы тұрды...

 

Талғат СҮЙІНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы