Бірақ бұл сипаттама мұнымен әсте шектелмейді. Қане, зер салайық: «Осы жылдар ішінде Ж.Әбділдиннің басшылығымен Кеңес Одағына және шетелдерге кеңінен белгілі философиялық мектеп қалыптасты. Осының арқасында Қазақстанда көптеген философиялық еңбектер сериясы жарық көріп, бүкілодақтық және халықаралық форум-симпозиумдар өтіп, бүтіндей республика һәм Алматы танымал ғылыми орталыққа айналды». Мұның сыртында, әмбе қазақтың жас философия ғылымы әлемдік деңгейде бағаланып танылды. Міне, осы игілікті істің басы-қасында ыстық-суығына бірдей төзіп, отымен кіріп, күлімен шығып жүрген тұлғалы ғалым, байыпты азамат тағы да Жабайхан Мүбәрәкұлы ағамыз болатын. Бұдан біз оның қазақстандық философия ғылымының қозғаушы тегершігі болғанын көрер едік.
Ол орданы отызынан ерте бұзды, қамалды қырқынан бұрын алды. Жасөспірім шағы соғыстан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келген оғланның талабына орай Тәңірім жолын ашты. Кандидаттық диссертациясының өзін Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасында 25 жасында қорғады. 1963 жылы, яғни 30 жасында Ж.Әбділдин жетекшілігімен жарық көрген «Таным логикасы мен диалектикасының мәселелері» атты ұжымдық монография күллі кеңестер елі бойынша ғылыми жұртшылықтың жоғары бағасын алып қана қоймай, «диалектикалық логиканы зерттеп жасақтауға қосылған елеулі үлес» деп танылды, «барлық бұрынғыларымен салыстырғанда бір қадам ілгері жылжу» деп бағаланды. Қазақтың Әбділдині әлем философтарының алдыңғы шебіне осылайша жол салды. Қасым ақынша айтқанда: «Босағада тұрмады, алға аттады, Бұзып-жарып, еңсеріп, еркін басты».
Ал енді 34 жасында жазған «Теориялық танымдағы бастама проблемасы» монографиясы Ж.Әбділдиннің ғылыми өсуіндегі шоқтығы биік, бетбұрысты белес болып, бұл еңбек бірауыздан аталмыш мәселе бойынша философиялық классикаға айналды. Одан әрі осындай іргелі еңбектер бірінен соң бірі туды. 35 жасында Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық иегері. 40 жасында институт директоры. Елуінде академик. Одан соң академияның вице-президенті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Бүкіләлемдік философия конгрестерінің барлығына қатысып, сөз сөйледі. Кезінде Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің мүшесі болды. Мәртебелі халықаралық атақ-сыйлықтармен марапатталды. Таным. Идея. Бастама. Нақтылық. Қайшылық. Заттану мен затсыздану. Түптің түбінде ақиқатқа жетудің диалектикасы мен логикасы. Заманауи философиядағы осы түпсіз тұңғиықтардың сырына бойлаған, айдынында еркін құлаштап жүзген тұңғыш толағай қазақ Жабайхан Әбділдин. Ғылымның қия жолындағы кісі қызығарлық тағдыр десек, сіз де келісерсіз, қадірлі оқырман...
Ғұлама ғалымның өмір бойғы 300-ден аса шығармаларының алтын тәжіндей атақты еңбегі – төрт томдық «Диалектикалық логика» Гегельдің әйгілі «Логика ғылымымен» барабар деп бағаланды. Әрине, философ ғалым үшін бұдан асқан бақыт пен абырой, құрмет пен бедел болар ма! Бұл еңбекке Ж.Әбділдиннің жетекшілігіндегі авторлық ұжым табаны күректей жеті жыл уақыттарын сарп етсе, сол еңбек осылай ақталған еді.
Тағдыр-талайына Гегельмен шендестірілу бақыты бұйырған философия тарланының нақ осы ғылым саласын таңдауы жалпы халқымыз үшін де кездейсоқ емес, нышанды құбылыс болды деп ойлаймыз. Әжесінің ықпалымен батырлар жыры мен ертегілерді көп оқыған жас бала Жабайхан ақын, жазушы болуды армандайды. Сөйтіп жүргенде дәл оқу бітіретін жылы газетте: «Биыл Қазақ мемлекеттік университетінде философия факультеті ашылады» деген хабарландыру шығады. Жақшаның ішінде: «ғалым тәрбиелейді» депті. Сол сөз өте ұнайды да, тарих пәнінің мұғалімінен: «Философия деген не?» деп сұрайды. Ол кісі: «Аристотель, Платон философ болған. Біздің Абай да философ» деп шама-шарқынша түсіндіреді. Осы «Абай философ» деген сөз жасөспірім Жабайхан үшін керемет жаңалық болып, жан дүниесін төңкеріп тастайды. «Әрі сол кездердегі ауылдарда қазақтың ғылымға деген көңілі сондай жақсы. Содан ойлана келіп, ғалым тәрбиелейтін болса, әрі біздің Абай философ болса, мен де осы философияға барайын деп таңдап алған себебім сол еді» деп жымияды бүгінде сексен бестің сеңгіріне шыққан академик ағамыз.
Қазақ университетінің философия факультетінде оқыған кезінде сабақ беруші ұстаздар арасында қазақ оқытушылары болмапты. Тек бесінші курста ғана атақты Иса ақынның баласы Ертіс Байзақов эстетикадан дәріс оқыған екен. Оқытушылардың көбі Мәскеуден космополит деп қуылған еврей профессорлар. «Сол бізге жақсы болды, – дейді Жабайхан аға, – Онсыз да жөнді оқулық жоқ кезде сабақтарды өте жоғары деңгейде өткізеді. Екінші жағынан, философ болу үшін ұлы философтарды оқу керек деп, бізге Платонды, Аристотельді Кантты, Гегельді, Марксті оқытқызды. Философия ақыл-ой ғылымы ғой. Ұғу қиын. Сабақ әу бастан орыс тілінде. Бірақ жас мидың талпынса алмайтыны жоқ екен. Келе-келе төселіп, тісіміз батты».
Байсалды жүзі байыпты ақсақал енді бір сәт ежелгі қазақ даналығы туралы толғап кетеді... Иә, философияның өзі тұнып тұрған даналық қой. Мен сізге айтайын. Қазақтың өзі философияға табиғатынан жақын халық. Қазақтар ұлы далада өмір сүрді. Сонда олардың, өкінішке қарай, қазір азайып бара жатқан бір жақсы қасиеті болды. Қазақтар асқа, тойға немесе басқа бір жиынға жиналады. Сонда ақсақалдар, сөз білетін ақылды адамдар сөйлейді. Басқалары ұйып тыңдап, құлаққа құйып отырады. Мысалы, «Абай» романындағы Құнанбай, Қаратайлар көкіректеріне халық даналығын жиған сондай дала данышпандары болған ғой.
Жабайхан Мүбәрәкұлының әкесі де өз заманында далалық ұлағатты бойына сіңірген әңгімешіл кісі болыпты. Әкеден естіген әңгімелердің негізінде кітап та жазды. Ол кісімен әңгімелесуге, әңгімесін тыңдауға алыс-жақын төңіректен, аудан басынан әжептәуір лауазымды адамдар үзбей келіп тұрыпты. Осындай әңгімешіл ортада өскен бала Жабайхан да кішкентай күнінен қазақы әңгімеге құмар болыпты. Үйдің тұңғышы болғаннан соң, әлбетте, әжесінің бауырында. Әжесі де тегін адам емес, бір үлкен хазіреттің жиені, арабша сауатты. Құран сүрелерін оқиды. Осы әжесі немересіне екінші сынып оқып жүргенде 1939 жылы М.Әуезовтің редакциясымен шыққан «Тоғыз батыр» жинағын сатып алып береді. Ылғи таңдамалы, тамаша, өңшең эпостық батырлық жырлар. Қобыланды батыр, Алпамыс батыр, Кенесары-Наурызбай, Ер Едіге, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Қыз Жібек, Қара қасқа атты Қамбар батыр мен Ер Тарғын. Барлығы осы кітаптың ішінде.
Үйге қонаққа болсын, жай болсын, әйтеуір кісі келе қалса: «Жабайхан, әлгі кітабыңды оқышы, айналайын» дейді. Жабайхан заулатып оқи жөнеледі. Күнде болмаса да аптасына бір, екі рет. Шал-кемпірлер, тіпті, жыр тыңдауға әдейілеп келеді. Сөйтіп жүріп Жабайхан батырлар жырларын жаттап та алды. Сонда қасындағы 4-5 жастағы інісі (кейінгі физика-математика ғылымдарының докторы, академик) Мейірхан тыңдай-тыңдай ол да жаттап алып, кейде ағасы оқуға ерініп, ара-арасында аттап бара жатса: «Жабайхан тастап кетті!» деп дабылдатып айтып қоятын көрінеді.
Болашақ философ ғалым болмысының қалыптасуына, санасының халық даналығымен сәулеленуіне осы эпостық жырларды оқудың пайдасы керемет болған. Адамгершілік, ақыл, ойлау, тапқырлық... бәрі осында тұнып тұр. Жәкең сонымен бірге жасында ертегіге де құмар болыпты. Қазақтың ертегілерінде де ұлағатты, тағылымды жайлар өте көп. Сондағы Жиренше шешеннің, Қожанасырдың, Алдар көсенің, Тазша баланың, Аяз бидің әңгімелері өмір сүруге, өнегеге үйретеді, жан-жүректі толқытып, миды тапқыр ойға дағдыландырады. Бірде озат оқушы Әбділдинге мектепте ағайынды Гриммдердің ертегі кітабын сыйлайды. Немістердің нақтылық, ұқыптылық қасиеттерін әйгілейтін бұл ертегілерден де зерек жас өзіне керектіні ала білгенін байқаймыз. Бойдағы ықылас-зейіні, білмекке құштарлығы ояна түсті. Сондай-ақ сол кездегі оқулықтарда, дейді Жабайхан Мүбәрәкұлы, оқушылардың өресіне лайық тәмсілді әңгімелерді, шағын ғана ғибратты мысалдарды көптеп беруші еді. Қазір олай емес сияқты.
Академик Әбділдин қазақ философиясын әл-Фарабиден бастап таратады. Бұл тақырыптың өзі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана аламанға шыққаны аян. Біздің бабамызды бүкіл әлемде екінші Аристотель деген. Жер жүзіндегі осындай ұлылармен теңбе-тең, кей жағдайда артық, әйтеуір кем емес. Ол Платон, Аристотельдерді түптеп біліп қана қоймай, әрі қарай дамытқан адам. Одан соң қырғыз бен қазаққа ортақ Жүсіп Баласағұн. Өз заманында қандай патшалық, қандай әділет болуы керектігін ізерлеген. Күллі түркіге ортақ Қорқыттың даналығы тіптен өзгеше. Жабайхан Мүбәрәкұлы Парламентте жүрген кезінде Франция Парламенті Қорғаныс және сыртқы байланыс бөлімінің басшысы келеді. Сонда әлгі кісіге айтады:
– Қазақ ескіден келе жатқан халық. Ерте заманның өзінде кереметтей философтарымыз болған. Тіпті, Қорқыт деген философымыз өлімді музыкамен жеңіп тоқтатуға әрекеттенген.
Француздық мейман бұған қызығушылық танытып, қатты таңданыпты.
Ал енді Әбділдиннің пайымдауында, Абай өз келесінен асқан данышпан ойшыл. Хакім туралы «адамгершілік мәселесін көтерді» деп жаңа қырынан кітап та жазды. Соның ішінде айқындап көрсеткені – Абайдың білімдарлығы. Ол кісі ХІХ ғасырдың керемет жаңалықтарының бәрінен жақсы хабардар болған. Мысалы, философияда «отчуждение» (адалау) деген жаңа ұғым бар. Абай соны жақсы білген. Әлемдік философияда «еңбек» деген ұғым тек ХІХ ғасырда ғана көтерілсе, Абай соны қазақ даналығында жеріне жеткізе зерделейді. Достоевскийде ғана ұшырасатын мүлдем жаңа нәрсе – «жанмен тануды» білген. Абайды тек Абайдың өзін оқып қана түсінемін деу бекер. Абайды жақсы түсініп игеру үшін адамзаттың бүкіл ғұламаларын білуің керек. Оларды білмей, құр кеуде, жалаң қолмен алам десең, көп нәрсесін көрмей кетесің. Абай Платон, Аристотель, Сократтарды тоқыған. Ал бұл айтып отырғандар – әлем философиясының, рухани дүниесінің негізі. Абай өзінің ғақлия, өлеңдерінде Дидромен, Шекспирмен тоқайласып, үйлесіп, үндесіп жатады. Міне, осыған қарағанда, қазақ даналығы да осал болмасқа керек.
Академик Әбділдин Шоқан Уәлиханов туралы да кітап жазды. Шоқанды үлкен де жаңа ойлар айтқан өз заманының, ХІХ ғасыр ақыл-парасатының биік бір шыңы деп есептейді. Тегін адам емес. Оның «Алтышәр немесе Қашғария сапары» ағылшын және неміс тілдерінде қолма-қол тәржімеленіп шыққан. Сол сияқты, Жабайхан Мүбәрәкұлы Әуезовті де тек ұлы жазушы емес, ғұлама философ деп біледі. Философияны, этика мен адамшылық мәселелерін жақсы білмейінше «Абай жолы» секілді қатпары қалың ғажайып шығарма тууы мүмкін емес. Әуезов жалпы қазақ топырағындағы аса терең, санаулы білімдарлардың бірі. Ол Абай арқылы ұлы тұлға қалай қалыптасатындығының сиқырын ашты. Олай болса, қазақ философтары да сонау Конфуцийден бастап адамзат баласы жасаған ұлы даналыққа өз үлестерін қосып келеді.
Қазақстанда тек өз саласымен шұғылданатын кәсіби философия кеңестік уақытта пайда болғаны әмбеге аян. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында Бейсембиев, Сегізбаев, Рахматуллин деген жап-жақсы философ ғалымдар болған екен. Диссертация қорғағандар да бірен-саран. Нақ осы кезде философия аламанына нақтылықтың мәні жөнінде жақсы диссертация қорғап жас Жабайхан Әбділдин қосылған еді. Ол еңбек барлық тараптан жоғары бағаланды. Одан әрі, бір жағы, ХХ съездің ықпалымен, айтыс-тартыс үстінде пайда болған жаңа бағыт: диалектикалық философия, диалектикалық логиканы еңсеруге Мәскеуден Алматыға келе сала шығармашылық топты бастап бел шешіп кірісті. Ұйытқы болған институт директоры, тамаша адам, ұлағатты ұстаз Салық Зиманов. Қасындағы серіктері – Науменко, Қасымжанов, Баканидзе деген жігіттер. Сенім артылып тұрғанда жандары қалмады. Жарық көрген кітаптары бүкіл Кеңес Одағы мен Мәскеуге, одан әрі күллі әлемге аттарын жайып жіберді. Аса талантты академик Ильенков әркімнің қолы жете бермейтін «Вопросы философии» журналына бұл кітап туралы арнайы мақала жазып, енді тек Қазақстанда ғана емес, басқа да барлық жерлердегі диалектикалық логикамен шұғылданатын адамдар бұл еңбекті айналып өте алмайды деп атап көрсетті. Әлі отызға да толмаған. Бұларды қайда барса да білетін болды. «Әбділдин тобы, Қазақстанда диалектикалық логика мектебі пайда болды» деп бүкіл Одаққа атағы дүркіреді. Осылайша қазақтың кәсіби философия ғылымының жаңа, жарқын дәуірі басталды.
Одан соң Алматыда төрт халықаралық симпозиум өткізді. «Теорияның бастауы» тақырыбынан үш монография шығарды. Кезекті кітап әлемнің ғылыми жұртшылығының назарына тағы ілікті. Бірнеше рецензия, оның ішінде Германияның аса беделді журналында мақала шықты. Қазақстан – диалектикалық логиканың орталығы деп дүрілдетті. Алматыда симпозиум бола қалса, атақтылар мен академиктер ықыластана келетін болды. Жәкеңнің мәскеулік ұстазы академик Ситковский, Кедров, Ильенков сынды әлемге әйгілі марқасқалар. Осылардың ішінде Кедровты Қазақстанның басшысы Д.Қонаев қабылдайды. Осы бағыт жалғасын табады. Республика Компартиясының XIV, XV, XVI съездерінде бірінші хатшының баяндамасында Қазақстанда философия ғылымы саласында үлкен жетістік бар деп аталып өтілді. Әрине, бұл зор табыс еді.
Ал енді бұдан кейін бастауында Гегель тұрған логика ғылымын жаңаша қарастырып жасау міндеті қойылды. Бұған Мәскеуден академик Митин, Ленинградтан академик Константинов, Алматыдан академик Әбділдин бастаған үш ұжым тартылды. Жабайхан Мүбәрәкұлының басқаруындағы ұжым тақырыпты барынша тиянақтап, түбірлеп тексеру нәтижесінде «Диалектикалық логика» атты төрт томдық толағай еңбек дүниеге келді. Академик Кедров Одақтық үлкен жиналыста: «Осынау міндетті шешуге Қазақстан бәрінен де жақынырақ келді» деп зор баға беріп, қазақ философтарының мерейін үстем етуі де бүгінде жарқын естелік.
Тәуелсіздікті атқан таңдай, шыққан күндей қуана қарсы алған ғалым өмірінде саясатпен, саяси мәселелермен шұғылданамын деп әсте ойламапты. Бірақ Қазақ елі жаңадан дербес мемлекет құрып жатқанда сырттан қарап отыра алмады. Төрт мерзім, төрт дүркін Жоғарғы Кеңестің, Парламенттің депутаты болды. Осында ғұлама ғалымдығы кәдеге асты. Пікірталастарда жоғары мәдениетімен, зияткерлігімен, санаткерлігімен танылды. Сөйтіп орасан зор білімдарлығы мен тәжірибесі тәуелсіздікті нығайтуға, ұлттық мүддеге қызмет етті. Жабайхан Мүбәрәкұлы үнемі Қазақстанның егемендігін уағыздап, ұлттық мемлекет идеясын жақтап, Қазақ мемлекетінің бөлінбес тұтастығын қорғап отырды. Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің, одан соң ел Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде атқарған жұмыстары да ұшан-теңіз.
Қайраткер Әбділдиннің азамат ретінде бір риза болатын жағдайы сол, жазықсыз құрбан болған Алаштың арыстарын ақтау жөніндегі комиссияны басқарып, солардың ақталуына, еңбектерінің шығуына, туған халқымен қайта қауышуына қатысы болғандығы. Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет пен Міржақыпты халқына қайтарып, шығармашылығы ел игілігіне айналуына септесті. Желтоқсан оқиғасы тұсында ұлтшыл деген айып тағылған Олжас Сүлейменовті де ақтап шығарды. Сонымен қатар 1933-1953 жылдар аралығындағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұлтшылдықпен күрескен барлық қаулыларының күшін жойғызып, күресінге лақтырды. Қазақтың ұлттық ар-ожданына тікелей қатысты елдік миссияда қиыншылықтар да болмай қалған жоқ. Осындай түйткілдердің тігісін жазып, мүдделі шешім қабылдап отыруда Жабайхан ағамыздың дипломатиясы да аз рөл атқармаған сияқты. Ең ғажабы – арыстардың тәуелсіздікке дейін толық ақталып болғандығы. Әйтпесе, елдігімізге, намысымызға сын болмас па еді?
Менің курстас досым, бүгінде Ұлттық Ғылым академиясының құрметті академигі болып сайланып отырған Сауытбек Абдрахманов кандидаттық диссертациясын кештеу қорғады. Қырықтың жуан ортасынан асқанында, басшы аппараттағы ұзақ жылғы жұмыстан қолы босағаннан кейін барып ғылым кандидаты атанды. Сонда философиядан кандидаттық минимум тапсыруға барса, емтихан алушыларды Жабайхан аға бастап отыр екен. Сауытбек ол кісімен талайдан аралас-құралас, кезінде Орталық Комитетте мәдениет секторының меңгерушісі болып жүргенінде академик Жабайхан Әбділдиннің жетекшілік етуімен Алаш арыстарын ақтау ісін бірге атқарысқан. Жабайхан ағадан ыңғайсызданып: «Жәке, қартайғанда осындай шаруаға кірісіп қалған жайым бар...» деп күмілжиді ғой баяғы. Сонда аға айтты дейді: «Жоқ, ғылымның еш кештігі болмайды. Мұның ең кереметі – постоянное состояние поиска. Іздейсің де жүресің, іздейсің де жүресің, тапқан сайын қуана бересің, соның өзі адамға қуаныш, бақыт сыйлайды», деп.
Міне, сол айтқанындай, академик Әбділдин өмір бойы іздеп, іздегенін тауып, тапқанына қуанып, сол қуанышымен бақытқа бөленіп келе жатқан адам. Бұл жағынан Жабайхан Мүбәрәкұлы Абай атам айтатын «толық адам» қатарынан ойып тұрып орын алады. Сексен бестің сеңгіріндегі ағамыз күні бүгінде үнемі ізденіс күйін кешуде. Адамгершілік пен сұлулық, адам мен ақыл хақында толғануда. Кейінгі 10 шақты жылда толымды тоғыз монографиялық еңбек жазды. Бұл кітаптарда Абайдың, Шоқанның, Айтматовтың, Толстойдың, Әуезовтің һәм басқалардың тұлғалық қасиеттерін толғады. Адам қартайса да, ақыл шаршамайды. Қарбалас. Қайшылық. Таным күресі. Тынымсыз ой еңбегі. Академик Әбділдиннің өмірлік диалектикасы осындай.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»