Экономика • 15 Ақпан, 2018

Семей – Қайнар жолының 38 шақырымы жөнделеді

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Газетіміздің 2017 жылғы 20 қарашадағы нөмірінде А.Қасымның «Абыралыға баратын кім бар?» атты проблемалық мақаласы жарияланған болатын. Мақалада көтерілген әлеуметтік мәселелерге байланысты редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінен хат келді. Сол хатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Семей – Қайнар жолының 38 шақырымы жөнделеді

«Семей қаласына қарасты бұрынғы Абыралы ауданы аумағында 5 ауылдық округ (Абыралы, Айнабұлақ, Ақ­бұлақ, Алғабас, Қараөлең) бар. Тұрғындар саны – 3726. Ма­қалада көрсетілгендей, Абы­ралы өңіріндегі ең үлкен мәсе­ле – жолдың нашарлығы. Дегенмен де бұл мәселе облыс әкімдігінің назарында екендігін айтқымыз келеді. Өткен жылы республикалық маңыздағы «Семей-Қайнар» жолының 12 шақырымнан астам жеріне 318 миллион теңгеге орташа жөн­деу жұмыстары және 100 ша­қырымға жуық аумағына 254 мил­лион теңгеге ағымдағы жөн­­деу жұмыстары жүргізілді. Би­ыл аталған жолдың 38 шақы­ры­мын жөндеу үшін респуб­ли­ка­лық бюджеттен 900 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр.

Абыралы ядролық полигон зардаптарын тартқан аймақ саналатындықтан халыққа сапалы медициналық қызмет көр­сетудің маңызы зор. Қай­нар ауылында орналасқан Абы­ралы ауылдық ауруханасы бүгінде өңірдегі 4 мыңға жуық халыққа қызмет көрсетіп отыр. Аймақтағы жұртшылықтың «осы аурухана жабылып қалмай ма?» деген алаңдаушылығына байланысты айтарымыз мынау: Аурухана жабылмайды. 2017 жылдың желтоқсан айында медициналық ұйымдарды жабдықтау бағдарламасы аясында аталған ауруханаға құ­ны 47 миллион теңгенің рент­ген аппараты орнатылды. Өңір халқын сапалы, қол­жетімді және уақтылы меди­ци­налық қызметпен қамта­ма­сыз ету мақсатында облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масы Денсаулық сақтау минис­трлігіне аталмыш ауыл­дық ауру­хананың заңды мәртебесін сақтай отырып Ден­саулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізу туралы ұсыныс жасады.

Бүгінде Абыралы өңірінің 5 ауылында (Ақбұлақ, Самай, Таңат, Қайнар, Қараөлең) ауыз су мәселесінің шешімін таппай отырғаны белгілі. Осыны шешу мақсатында «Нұрлы жол» және «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында былтыр Қайнар ауылына ауыз су тарту жұмыстары бас­талды. Құны 472 миллион теңгені құрайтын, ұзын­ды­ғы 30 шақырымнан асатын су құбырлары жүйесін қай­та жаңғырту жұмыстары биыл аяқталатын болады. Соны­мен қатар қазіргі уақыт­та Абы­ралы ауылының сумен қамту жүйесін кеңейту жә­не су тоғаны құрылысының жо­ба­лық-сметалық құжаттары әзірленуде.

Бүгінде Абыралы өңірінде жалпы білім беретін бес мектеп бар, онда 674 оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі білім мекемелеріне кезек жоқ, сондықтан балабақша салудың қажеттілігі жоқ деп есептейміз. Орта мектептерде тарих және орыс тілі мен әдебиеті пән­дері мұғалімдерінің (2 мұға­лім) орны бос тұр. Сөз соңын­да Семей қалалық білім бөлі­мі Алғабас ауылындағы А.Бы­хин атындағы және Қайнар ауылындағы С.Бегалин атын­дағы орта мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасаудың есебін дайындағанын хабарлағымыз келеді».

 

Шығыс Қазақстан облысы