Динара – дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектебінің түлегі. Мектепті прима-қобыз класы бойынша тәмамдаған бетте Қарағанды филармониясында сол кезде жаңадан құрылған «Арқа сазы» фольклорлық ансамбліне қабылданды. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Алматы өнер академиясының сыртқы бөлімінде оқыды.
Бір жарым жылдан соң ансамбльге Балқаш музыка мектебінің және Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің түлегі Арман Айнабаев келіп қосылды. Кейін Арман Тараз пединститутында білімін жетілдіріп, «Ансамбль әртісі және дирижер» мамандығын алып шықты.
«ДиАр» – домбыра мен прима-қобызды үйлестірген Қарағанды өңіріндегі алғашқы дуэт. Өнерлі жұптың репертуарынан үнді мен түрік халықтарының танымал әндері мен музыкалары, 70-ші, 80-ші жылдардың хит әндері орын алған. Бұл шығармалар қазақтың ұлттық аспаптарымен орындалғанда тыңдарманды ерекше бір әсерге бөлейді.
Дуэт бүгінде облыс орталығының көптеген сахналарында, оқу орындары мен балалар үйінде өнер көрсетіп жүр. Гастрольдік сапармен Қарағанды облысының барлық аудан-қалаларында, Астана, Павлодар, Екібастұз, Семейде болған.
Байқара Сәдуақасов жетекшілік ететін «Арқа сазы» ансамблінде 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Динара мен Арман ұжыммен бірге Франция, Германия, Түркия, Малайзия, Кувейт, Оман елдеріне барып өнер көрсетті.
Дуэт қазіргі уақытта Кавказ әуендерімен жұмыс істеуде. Тыңдармандар мен көрермендерді жалықтырып алмау үшін репертуарды жаңартып отыру – негізгі міндет.
Динара Хасанова Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залында жеке концерт берді. Арман Айнабаев та шығармашылық есеп беру кешіне даярлық үстінде. Дарынды жастар өнерсүйер қауымның көңілінен шығуға әрдайым әзір.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ