Ұлттың ұюына, елдің бірлігі мен тірлігіне қызмет ететін, ізгі істерді қолдай білгенге не жетсін. Бірақ сол ұрандаудың мәні мен сәнін етіміз үйренген даңғаза науқаншылдық пен көзбояушылық сұйылтып жібермесе болғаны да...
Бұл еңбекте көтерілген ойды сабақтап, қуаттай отырып жазылған небір құнды пікірлерді де, айта қаларлықтай істерді де естіп-біліп те, көріп те жүрміз. Соған орай мен де осы елдің бір азаматымын ғой – деп, өремнің жеткенінше ой қосуды жөн деп білдім.
Иә, жеке азамат ретінде мені ойландырған да, үміттендірген де осы мақаладағы рухани код туралы шешуші мәні бар, терең мән-мағыналы толғаныс болып отыр.
Ғұлама бабамыз әл-Фараби «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», демекші, біз ғылым мен білімді, инновация мен техниканы дамытамыз деп жүріп, руханият мәселесін жайына қалдырып, атақты ағамыз айтқандай «компьютер басты жарты адамдарды» тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба? – деп алаңдаймын.
«Бәсекеге қабілеттілік» дегенді тіршіліктің қай қыры, қай саласында болсын, маңыз беріп, алға тартамыз. Ал рухани код, яғни ұлттық құндылығымызды, тектік қорымыз бен рухымызды, иман-күшімізді бүгінгі жаһандану деген «жеті басты аждаһаға» қарсы қоя аламыз ба?..
Ес біліп, етегімізді жиғалы бірінші білеріміз, күнкөріс қамын күйттейтін, тұрмыстық деңгей мен құлдық санадан қашан құтыламыз деген болмыс-бітімімізді, жалаң ұранмен жолға қалай салмақпыз?...
Бұл сұрақтың шешімін тауып, қиюын келтіру үшін, ұлтын сүйетін, мемлекетшіл, шынайы зиялы деген ел азаматтары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» отырып, жанашырлық танытатын кез келіп жеткенін, Елбасының өзі меңзеп отыр деп түсінгеніміз жөн.
Сол тұрғыда атқарылар сан алуан істердің бір қыры – жас ұрпақтың тәрбиесі төңірегінде ой қозғар болсақ, мектеп пен мәдениет үйлерінің, мектептен тыс мекемелердің алар орны ерекше.
Науқаншылдық сананың бір көрінісіндей болып, кезінде жасты да, үлкенді де тәрбиелеуге, қоғамдық ізгі ой-сананы қалыптастыруға зор ықпалын тигізіп жүрген пікірталастар, түрлі саланың тұлғаларымен, ұлағатты отбасы иелерімен өткізіліп жататын ғибратты кездесулерді, тағы да басқа ток-шоуларды теледидардан ғана көретін жағдайға жеттік.
Қалта телефондарынан бас алмайтын, кітап оқығанды былай қойғанда, теледидар жаңалықтары мен тәрбиелік мән-мағынасы бар бағдарламаларға да көңіл аудармайтын жастарға сонда қандай тәрбие бермекпіз?
Жоғарыда атап өткендей, бірқатар шаралар мен әдеби поэзиялық конференцияларды, қыздар мен жігіттер сынын ай құрғатпай өткізіп жататын мәдениет үйлері, мектептер мен кітапханалар қатары бұл күнде де көп деп өз басым айта алмас едім.
Өз ауылдарымызда кез келген ортаға үлгі ететіндей еңбек пен спорттың, мәдениет пен әдебиеттің, ғылым мен экономиканың, заңгерлік пен саясаттың, педагогиканың дегендей, небір саланың майталмандары Аллаға шүкір, баршылық. Бірақ сол адамдарды кезегімен шақырып «жаныңда жүр жақсы адам» – дегендей тақырыптарда кездесу өткізіп, жастарға үлгі етіп жатқан, солай етуге міндетті мекемелерді де, оған мұрындық боларлық лауазым иелерін де сирек көремін. Сонда жастарымызға туған жерге, ата-анаға, бір-бірімізге деген махаббатты, ізгілік пен қайырымдылықты, ұлттық-мемлекетшілдік рухты қалайша, қайда жүріп саналарына сіңіріп, иман-күшін дамытып, тәрбиелемекпіз?
Мектептерде тәрбие мәселесі екінші ме, әлде үшінші орынға ма, сырғып кеткендігін ешкім де жоққа шығара қоймас деп ойлаймын. Қағазбастылық пен әлеуметтік мұқтаждығынан бас ала алмай жүрген мұғалімдердің, руханият мәселесіне бас ауыртуға күш-қуаты жете бермесі де айдан анық.
Жағымпаз жәдігөйлік пен екіжүзділікті, көрсе де көрмейтін немкеттілік пен бойкүйез, салғырттықты жою үшін, жалпы қоғамдық мүдде үшін бас ауыртарлық сана мен ахуал қалыптастыру үшін, ең бірінші жүйелі де, шынайы рухани-идеялогиялық табанды жұмыс қажет.
«Бәрін айт та – бірін айт» демекші, ең бастысы, біз бесіктен белі шықпаған балаларға өз өтірігімізді үйретіп, сағын сындырмауымыз керек. Нақтырақ айтқанда, спорттық жарыстарда, өнер байқауларында, пән олимпиядалары мен ҰБТ сынақтарында оларға жасаған әділетсіздіктерімізден қорланып, өксіп-жыламауларына барынша күш салуымыз керек. Олардың сәби жүректерін әлден жаралап, бейкүнә жандарына қатыгездіктің уын сіңіретін болсақ, онда бүгінде еліміздің бас ауруына айналған жемқорлық, парақорлық сияқты ғасыр дерттерімен ертеңгі күні кім күреспек? Рухани тәрбиені басты орынға шығара алмасақ, жаппай тексіздендіру мен бейәдеп дүниелері сананы жаулап келе жатқан, ақпараттық ағымдар мен жер-әлемді меншіктегісі келетін, Құдайдың емес, ақшаның құлына айналған, ішкі-сыртқы күштерге, жалпы өмір бәсекесіне қандай адами құндылығымыз арқылы төтеп бермекпіз?...
Төлеген ҚАЛИМАЖАН,
Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты
Шығыс Қазақстан облысы