Әдебиет • 16 Ақпан, 2018

Тұрлыбек Мәмесейіт. Қолжазба – шикізат

1063 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәбит Мұқанов үтір-нүктесі қо­йылмаған бума-бума қолжазбасын баспаға әкеп: «мені соған (тыныс белгілері – Т. М) бола әу­ре­лемеңдерші, айналайындар» дейді екен. Қалың папкіден бет саны да қойыл­маған бір парақ түсіп қалса, «қай бет еді?» деп сұрағандарға, «оқы­ғанда өзі түсінікті болады» дей­тін көрінеді. Бұл жазушының редакторға сенгені.

Тұрлыбек Мәмесейіт. Қолжазба – шикізат

1980-жылдардың басында Тұр­сынбек Кәкішевтің «Оңаша отау» деген кітабына редактор болдым. Автор қысқартуға көнбей, кітаптың шығуы ұзаққа созылды. Комитет Алаш арыстарының атын алып тастау керек деген тізім беріп қойған. Сынның қалыптасу кезеңі туралы жақсы еңбек. Бірақ Байтұрсынов, Сәдуақасов, Аймауытовтардың ақталмаған кезі. Цензу­ра жібермейді. Тұрсынбек ағамыз келіп: «Мен оларды мақтап та тұрған жоқпын, пікірлерін ғана айтып отырмын» дейді. Мен дұрыс деймін. Өзім жібергенмен менен кейін оқитындар бар. Сөйтіп үш жыл айтысып-тартысып шықты. Автордың айтқан ойының үштен бірі ғана қалды. Кітап жұлмаланып шықты. Ол кезде жақсы еңбектерге осын­­дай қиянаттар жасалып жататын. 
Қалмұқан Исабаев пен Кәмен Ор­залин­ның романдарына редактор болдым. Қалағаң марқұм Ертіс-Қарағанды кана­лының бойымен жаяу жүріп, роман жазды. Соны оқып отырып, шұбалаңқы, кей жері көркем шығармадан гөрі пуб­лицистикаға келетін жерлерін сызып, ескертулер айтсам, «оны­ өзім де біліп едім, қу бала, байқап қойып­сың» деп келісіп отыратын. Бір күні «Қа­лай боп жатыр?» деп келіпті. «Аға, суы көп боп тұр» десем, «Енді өзі де су туралы ғой, суы көп болмай ма?» деп күліп, қатты дау-­дамайға бармай ымара табатын. Кейін Астанаға ауысып, «Елорда» баспасына келгенде арнайы мені іздеп келіп, кезекті кітабына редактор етіп алды. Кәмен Ораза­лин­ның «Абайдан соң» дейтін төрт кі­таптан тұратын романы шықты. Бірінші кітабы қысқарып шығыпты, кейінгі үшеуі менің қолымнан өтті. Соңғы төртінші кітабы шығарда ол кісі де Астанаға іздеп келіп, редак­тор болғанымды қалады. 600 бет қол­жазбасын төрт жүз жетпіс бетке қыс­қарт­тым. Ренжіген жоқ.  

Қазіргі кітаптың оңбай жатқаны – редак­­тордың жоқтығы. Қазіргі баспа толық емес, редакторы жоқ. Кез келген фило­логияны бітірген адам оқып береді. Шынын айтқанда оқыған болады. Ешқандай редакциялау жоқ. Шериаздан Елеукенов баяғыда айтатын: «Қолжазба – шикізат» деп. Сол шикізатты кітап етіп шығаратын  – редактор.

Тұрлыбек МӘМЕСЕЙІТ, 
жазушы