Жолдауда «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет. Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол бірінші кезекте, «Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс», деп біздің алдымызға үлкен жауапкершіліктер жүктеп отыр. Шынында да, басы бар заттың, аяғы болады. Сондықтан біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Әрине бұл мұнай бүгін-ертең, әлде арғы күні сарқылып қалады деген сөз емес. Қазақта «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген сөз бар. Қолда бар мүмкіндіктердің бәрін нәтижелі пайдалана отырып, өндірілетін өнімнің мөлшерін төмендетпеуге тырысамыз. Өйткені «Төртінші өнеркәсіптік революция» ұсынып отырған мүмкіндіктер мен талаптарға және одан келетін қауіп-қатерлерге бейімделуіміз үшін осы жылдан қалмай шешілуі тиіс нақты міндеттерді Мемлекет басшысы алдымызға қойып отыр.
Жалпы, Өзен кен орындары жарты ғасырдан астам уақыттан бері, яғни 1963-1964 жылдардан бастап ел байлығын өндіріп тұр. Сол кездері 489 миллион тоннадай мұнай өндіретін қор ашылған, бүгінге дейін 350 миллион тоннадан астамы өндірілді. Бұл деген сөз, жер астында әлі 123-125 миллион тоннадай қор бар екендігін айғақтайды.
Біздің Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игеру үшін жасалған келісімшартымыздың мерзімі 2036 жылға дейін созылады. Демек, әлі жиырма жылға жуық уақыт бар. Әрине оны әрі созу мүмкіндігіне де иеміз. Себебі жер астында әлі алынбаған мол мұнай қоры бар. Сол үшін біз өткен 2017 жылы жаңа тұжырымдаманы бекіткенбіз. Ол бес бағыттан тұрады. Бұл – аз шығынмен химиялық әдістерді пайдалану, жаңа технологиялардың тиімділігін жоғарылату, жаңа техникалардың нәтижелілігін іске асыру арқылы өндірілетін өнім көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Осы жылы алдағы бес жылдықтың, яғни 2018-2022 жылдың бюджеттік жоспары осыған есептелген.
«Өзенмұнайгаз» АҚ іргелі мекеме ретінде мұнымен де шектеліп қалмайды. Мұнай өндіруші ретінде Мезазой дәуірінде жүрміз. Бұл деген сөз, бұдан 45 мың жыл бұрынғы жер асты қабатынан мұнай шығарып жатқанымызды айғақтайды. Мұнымен де шектеліп қалғымыз келмейді. 2018-2019 жылдары тағы да барлау ұңғыларын салып, әлі де тереңірек зерттегіміз келеді. Тиісті жобалық-сметалық құжаттарын дайындап бітірдік.
Сонымен қатар қазіргі таңда соңғы 4-5 жылдан бері өндірісті жаңартып, жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық құрылғыларымызды электрмен қамту, жабдықтау жүйелерін толығымен ресейлік, еуропалық әдістерге өткізудеміз. Өйткені өткен ғасырдың 60-70-80-жылдарындағы энергия қуаттын көп талап етіп, көп жұмсайтын құрылғыларды қуатты аз жұмсап, мол өнім өндіретін құрылғыларға ауыстырып, енгізу керек.
Экологиялық мәселелерді шешу бойынша да біраз жұмыстар жасалуда. Көп жылдардан бері мұнай сіңіп, қордаланып қалған топырақтарды қайта өңдеудеміз. Одан да көптеген нәтижеге қол жеткіздік. Ғылыми-зерттеу институттарының жетістіктерін тиімді пайдалану әдістері жақсы жолға қойылған. Осы орайда, бізбен бірге 5 жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп жатқан Алматыдағы академик Бектұров атындағы Мұнай және химия институты ғалымдарының сүбелі үлесі бар. Ғалымдардың көмегімен 200 мың тоннадан астам мұнай қалдықтары мен мұнай сіңген топырақтарды қайта өңдеп, тазалап, өндірілген өнімнің көлемін арттыруда нәтижелі іс атқарудамыз. Бұл әрі мұнай кәсіпшіліктерінің айналасын таза ұстауға септігін тигізуде.
Қазіргі таңда «Өзенмұнайгаз» компаниясында 9226 адам еңбек етеді. Оған қоса еншілес, сервистік қызметтер көрсететін мердігер мекемелеріміз бар. Мысалы, «Өзенмұнайсервис», «Қазақ газ өңдеу зауыты», «Бұрғылау», «Кезби» секілді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде жалпы 10 мыңдай адам еңбек етеді. Олардың бәрінде өткен жылы жұмыс көлемдері толық орындалды. Биылғы жылға да жұмыс көлемдерімен толық қамтамасыз етіледі. Яғни жұмыссыз қалып жатқан ешбірі жоқ, сондықтан алаңдаудың қажеті шамалы. Әрине шексіз, шетсіз ештеңе болмайды. Мүмкін жер қойнауындағы «қара алтынның» қоры да азайып келе жатқан шығар. Дей тұрғанмен, Өзеннің мұнайы сарқылады деуге негіз жоқ. Кен орындарын сауықтырсақ, жоғарыда айтқандай барлау жұмыстарын, зерттеуді нәтижелі жүргізсек, Өзен мұнайы әлі де еселене түседі деп есептеймін. Қолда бар мүмкіндіктер тиімді жұмсалса, көздеген мақсатымызға, әрине жетеміз.
Мақсат ИБАҒАРОВ,
«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының көлік және әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары
АҚТАУ