poltava.today
Біріншіден, барлық сатылған нысанның бағасы 256 млрд теңге болған. Бұл 2014-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет кірісінің 1 пайызына да жетпейді. Оның үстіне бұл сомадан жекешелендіру шығындарын алып тастасақ, сатудан түскен табыстың мәз емес екені көрініп тұр.
Екіншіден, сатылған нысандардың 54 пайызы әлеуметтік бағыттағы нысандар (денсаулық сақтау, білім және т.с.с.). Бұлар жекеменшік сектордан экономикалық тиімділік түсірмейді, тек өздерінің шығындарын жабу және пайда табу үшін олар қызметтерінің тарифтерін көтеріп жіберері хақ. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың қызмет көрсету нысандары да көп сатылған. Бұл да бәсекелестік ортаны жандандыра алмайды, тек өздері ғана қызмет көрсетеді, тарифтерін түсіре қоюы екіталай.
Үшіншіден, мемлекеттің экономикаға араласу рөлін азайту міндетінің де қаншалықты шешімін тапқаны белгісіз... Керісінше, тек былтыр ғана «Қазақинвест» пен Қазақтуризм» деген аса ірі екі ұлттық компания құрылды. Олардың іс-әрекетінің ауқымы жекешелендірілген барлық коммуналдық нысандар әрекетінен асып түсті. Сөйтіп, іс жүзінде экономикаға мемлекеттің ықпалын азайтудың орнынан көбейтіп отырмыз.
Төртіншіден, жекешелендіру қор нарығын арттыруға да пайда тигізген жоқ, өйткені сатылған 114 холдингтің 29-ның ғана құны аукционда алғашқы бағасынан аса алған. Қалған 75 пайызы (85 нысан) алғашқы бағасынан төмендетіліп, әлдеқайда арзанға сатылды.
Бесіншіден, жекешелендіруге шығарылған барлық нысанды сатудың қажеттілігі ескерілмей, кейінірек 321 нысанның, яғни әрбір үшіншісінің сатылуы тоқтатылды. Бұл жекешелендіруге дайындықтың төмен болғанын көрсетті.
Алтыншыдан, жекешелендірілген кәсіпорындарға инвестициялар ағылып, экономикалық белсенділіктің артқаны байқалмайды. Бүгінгі таңда жекешелендіру процесі баяу жүргізілуде, ең бастысы оларды сатқаннан қандай мақсатқа жету көзделгені анықталмаған. Белгіленген критерийлер болмаған соң сататын нысандардың тізімдері үнемі өзгеріп отырады.
Мәжілістегі «Халықтық коммунистер» партиясының фракциясы 4 жыл бойы жүргізілген жекешелендіруден елге экономикалық тиімділіктің анық байқалмағанын көріп, коммуналдық меншік нысандарын одан әрі сатуды тоқтатып, оның есесіне мемлекеттік активтерді басқарудың сапасын арттыру керек деп санайды. Осы мәселені айтып біз – «халықтық коммунистер партиясының» өкілдері Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдадық.
Айқын ҚОҢЫРОВ,
Мәжіліс депутаты