Қазақстан • 20 Ақпан, 2018

Тасада қалған талант

931 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өнер адамы болып қа­лыптасу үшін міндетті түрде өнер академиясын, не болмаса ұлттық консерваторияны тәмамдаудың шарт емес екені жиі айтылады. Десе де адам баласына білімнің артық болмайтыны әуелден белгілі. Бірақ әрбір адам­ның тағдыр жолы әрқилы қалыптасады. Кей­де ортаның жайы да, тұрмыстың күйі де талантты адамның тағдырына әсер етпей қоймайды. Әйт­се де мөлдіреген сезім­мен астасқан табиғи талант шығармашылық адамын өнер әлемінен бөліп әкете алмайды.  

Тасада қалған талант

Бүгінде өнер адамдарын «жұ­л­­­­дыз» атау сәнге айналып кеткен­дей. Көп тыңдарманның Алматыда алшаң басып жүргендердің бәрін солай қабылдайтыны белгілі. Ән­дердің арасында соңғы кездері хит ұғымы да пайда болды. Алайда ел ішінен шығып, сол елде қалып қойған шынайы өнер адамдарын көпшілік біле қоймайды. Сол хит әндеріңізді кімдердің жазғанынан да көпшілік бейхабар. Ал ауылда қалып, елеусіз күн кешіп жатқан таланттардың тағдыры солай жұмбақ күйде қала береді.

Манарбек Қойшыбаев Сарысу ауданының Өндіріс ауылында туған. Жастайынан өнерге құш­тар ол бала күнінен-ақ түрлі аспап­­тарда ойнап, өзінің талантын танытады. Тіпті облыстық, рес­публикалық деңгейдегі бай­қау­ларға да қатысып, жүлделі болады. Манарбектің талантына бас иген ауылдастары оның аудандық «Сарыарқа» ансамблінде өнер көрсеткен жылдарын жұлдызды шағы деп есептейді. Сахнаның үлкен-кішісі болмайды десек те, Манарбек үлкен сахналарда өнер көрсетуді армандайды. Ол үшін Алматы қаласына барып, жоғары оқу орнына түсуге ниеттенеді. Бірақ тағдырдың бұйрығы оны Алматыға апармай, ата-анасына қарайлап, ауылда қалады. Бәрібір бойындағы өнері тыншу бермеген Манарбек Қойшыбаев кейін Оңтүстік Қазақстан облы­сының Созақ ауданындағы наға­шыларының қолына барып, жиыр­мадан енді ғана асқан ша­ғында «Шу өлке» музыкалық ансам­блін құрған. Сол кезде ол бүгінде танымал әнші Сәкен Май­ғазиевті ансамбль құрамына алып, бір­лесе өнер көрсеткен екен. Сә­кен Майғазиевтің де талай сұхбат­тарынан Манарбек Қой­шыбаев есімінің құрметпен ата­латынын оқыған едік. Сәкеннің «Кішкене кезімнен соқпалы ас­паптарда ойнағанды ұнатушы едім. Ауылда жүргенде гитарада да, домбырада да ойнадым. Маған ұстаздық еткен ағаларыма рахмет айтамын. Манарбек Қойшыбаев, Ма­қаш Тасыбаев деген ағаларым көп нәрсені үйретті», деген сөз­дері­нен де Манарбек талантын тануға болатындай.

Ауылда қалған талант иесі ән шырқаумен бірге, сазгерлік қа­білетінің бар екенін де танытты. Ешқашан атақ пен даңққа құмартпай, қарапайым тіршілік кешіп келе жатқан Манарбек Қой­шыбаевтың қоңыр әндері бү­гінде әлгі біз айтқан хит әндерге айналды. Мысалы, Сәкен Май­ғазиевтің орындауындағы «Аққу­лар­дың арманы» әнінің өзі үйле­сімін тапқан ғажап ән. Ал жас­тар арасында кең танылып, бір кезде ол әнсіз той өтпейтін бол­ған Әйгерім Қалаубаеваның «Теле­фоным шырылдаса сен дей­мін» әнінің өзі тыңдарман жүре­гінде. Бұдан бөлек, оның «Қара ша­ңырақ», «Шудың бойын мекендеген бір елік», «Жол өткен», «Жиен бала» атты әндері бар.

Біз өнерге адалдық жайлы көп айтамыз. Шын мәнінде өнер­ге адалдық дегеннің өзі бой­дағы талантты аялап ұстау ғой. Ауыл­да қалса да, үлкен сахна­ларда өнер көрсетпесе де Манар­бек Қой­­шыбаевтың өнерге адал­ды­ғы сүйсінтеді. Өзінің қоңыр әндерімен көпшіліктің жүрегінен жол тапқан өнер иесін бүгінде көпшілік біле қоймайды. Енді Сарысу ауданының әкімшілігі қолдау көрсетіп жатса, ол шы­ғар­машылық кешін өткізгісі келетінін де жасырмайды. «Ел іші – өнер кеніші» дейді ғой қазақ халқы. Ел ішінде осындай азаматтардың болғаны қуантқанымен, оларға деген құр­­меттің дер кезінде көр­сетіле қоймайтыны ойландырады. Бірақ тіршілік ағынымен туған жерінде қалған таланттың тұғы­ры қашанда биікте.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы