Білім • 21 Ақпан, 2018

Ғылыми жобаларды қаржыландыруға қатысты дау қалай шықты?

384 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Өткен аптада Ғылым академиясының төрағасы Мұрат Жұрыновтың этика кеңесінде жас ғалымдарға «Шетелге кетемін деп мені қорқытып отырсыңдар ма? Кете беріңдер, сендерден де талантты ғалымдарды табамыз» деген видеосы желіде кең тарап кеткен-ді. Осы ретте біз даудың қалай басталғанын анықтап, екі тараптың ғана емес, басқа да мамандардың пікірін біліп, мән-жайды анықтап көрмекке бекіндік.

Ғылыми жобаларды қаржыландыруға қатысты дау қалай шықты?

Дау қалай басталды?

Жақында бір топ ғалымдар Бас прокурор мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасына хат жазып, 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерге бөлінген гранттарға қатысты наразылықтарын білдірген болатын. Олар ғылыми жобаларға бөлінетін мемлекеттік қаржыландыру жүйесімен келіспейтіндерін, тіпті, мемлекеттік сараптамадан төмен баға алған жобалардың да жеңімпаздар қатарында жүргенін айтып шағымданды.

Мәселенің мәнісіне келсек, мемлекеттік қаржыландыруға грант бөлу үшін өткізілетін конкурс екі кезеңнен тұрады екен. Бірінші кезеңде халықаралық және отандық тәуелсіз, арнаулы сарап­шылар жобалар бойынша өз қорытындыларын береді. Екінші кезеңде Ұлттық ғылыми кеңес­тің мүшелері іріктелген жобалар ішінен таңдау жасайды. Айта кету керек, биыл конкурсқа 4448 өтініш түсіп, оның 1096-сы қаржыландырылатын болды. Үш жылдық мерзім бойынша жобаларға 9,5 млрд теңге бөлінбек. Дау биылғы конкурстың бірінші кезеңінде 16-19 ұпайдан жинағандар жеңімпаз деп танылып, 30 ұпай алғандар қалыс қалуынан басталды. Мәселен, кеңес басшыларының бірі жетекшілік ететін 20 ұпай алған жоба 582 үміткердің ішінен 450-ші орын алғанына қарамастан жеңімпаз болған.

Ұлттық ғылыми кеңестің жауабы

Ұлттық ғылыми кеңес бұл хат оларға қарсы әдейі ұйымдастырылғанын айтып отыр. Олардың айтуынша, ҰҒК-тің нақты мақсаты – ғылымнан бюрократияны алыстатып, ақшаны шенеуніктер емес, ғалымдардың бөлуіне мүмкіндік беру. «Осы хатты жазғандардан бюрократияны қолдап, ғылымды түсінбейтін шенеуніктер шешім шығарған болса, қалай қарар едіңдер деп сұрағым келіп отыр.  Бұл гранттарды бөлетін кезде басты назар алдымен Қазақстанға қажетті жобаларға аударылады. Мемлекеттің қаржысына өз қызығушылықтарын қанағатандырғысы келетіндерге жол жоқ», дейді Кеңес мүшелері. Ал агроөнеркәсіп бойынша Кеңес басшысы Асқар Наметовтың айтуынша, сараптамадан жоғары балл алу жеңіске жетудің жалғыз көрсеткіші емес. «Бұл тек алдын ала іріктеу үшін керек. ҰҒК бағалау жүйесі екі сатыдан тұрады. Қаржы бөлінген жобалар осы екі талаптың екеуіне де жауап беруі шарт. Яғни, жоғары ғылыми деңгейі мен халықаралық сарапшылар бағасына қоса жоба отандық ғылымға пайда әкелетіндей болуы керек. Шетелдік сарапшылар қазақстандық ғылымның мән-жайын толық білмейтіндіктен, тек шетелдік сарапшылар пікіріне сүйенген дұрыс емес. Кейде кейбір жобалар таза ғылым үшін жақсы болып, жоғары балл алады. Одан кейін міндетті түрде ҰҒК мамандары қарайды», деді ол. Сонымен қатар Асқар Наметов 16-дан жоғары балл алған жобалардың барлығы ескерілгенін, алғашқы кезеңде берілген ұпайдың шешім шығаруға негіз бола алмайтынын айтты. «2011 жылы «Ғылым туралы» Заң қабылдаған кезде біз, ғалымдар, солай шешім қабылдадық», деді ол.

Қазақ агротехникалық университетінің проректоры Сергей Могильный Асқар Мырзахметұлының Хирша индексі бойынша талаптар орындалды деген пікірін жоққа шығарды. «Асқар Наметовтың не себепті кеңес төрағасы болып сайланғанына таңым бар. Сонымен қатар ол өз жобасының қалайша 20 балл жинағанын түсіндіріп бере алмады. Менің білуімше, мақұлданған барлық жобалардың 40 проценті ҰҒК өкілдері кіретін 6 ұйымға тиесілі екен. Сондай-ақ Кеңес мүшелері жетекшілік ететін ғылыми жобалардың барлығы қаржыландыруға өткен. Менің ойымша, Асқар Наметов сынның түп негізін түсінбей тұрған секілді. Бұл дұрыс емес. Себебі, бұл оның өзіне жүктелген жауапкершілікті толық сезінбейтінін білдіреді», деді Сергей Могильный.

Ал хат жазған ғалымдар Кеңес өкілдерінің сөздеріне қарсы былай деп жауап айтты. «Ғылыми жобаларға грант бөлетін кезде олар мемдекеттің қандай мүддесіне сай келу керек? Ондай талап бар болса, қай жерде жазылған және ол туралы неге алдын ала ескертілмеген?» дейді олар.

Сараптамаға бөлінген ақша желге кетті ме?

Осы жағдайға орай пікір білдірген Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова «Сонда мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөліп, жалданған ко­миссия мүшелерінің пікірінің ешкімге керегі жоқ па? Бір сараптамаға 250 АҚШ доллары бөлінгенде, барлық 4500 сараптамаға шығындалған бір млрд-тан артық теңге желге ұшқан деген сөз емес пе, бұл!? Сайып келгенде шетелдік білікті мамандардың жоғары бағасын алған озық жобалар айдалада қалып, пай­дасы аз жобаларға қыруар қаражат бөлінген. Сол озық жобалардың ішінде Елбасының АӨК-ті цифрландыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруды көздеген жобалар да бар», дейді.

«Кеңес мүшелерін таңдағанда ережелер сақталмаған»

Хат жазған ғалымдардың айтуынша, Кеңес құрамын таңдау тиісті ережеге сай жүргізілмеген. «Ереже бойынша Кеңес құрамында бір ұйымнан бірнеше қызметкерден болмауы керек.  Сонымен қатар Кеңеске Хирш индексі бойынша соңғы 5 жылда оннан жоғары ұпай жинаған  әлемдік танымал ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдерін қосу талабы орындалмаған. Сондай-ақ конкурста қарастыралатын жобалардың басшылары Кеңес мүшесі бола алмайды», дейді олар.

Осыған орай Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова Кеңес мүшелерін тағайындағанда біржақтылық болғанын айтты. «Мәселен, барлық 17 мүшенің 3-уі бір ЖОО-дан тартылған. Ал көптеген белгілі ЖОО мен ҒЗИ-лардан бір мүше де алынбаған. Бұра тартушылықтың тағы бір себебі Кеңес құрамына өз жобаларын ұсынған ғалымдар да енгізілгені деп ойлаймыз. Өйткені әркімнің өз жобасын өткізуге ұмтылатыны белгілі», дей келе ол 580-нен астам жобаны қарауға бар-жоғы 3 күн жұмсалғанын атап өтті. Ал Кеңес өкілдері Қазақстан үшін қажетті жобалар таңдалып, тәжірибелі ғалымдардың жұмысы іріктеліп алынғанын айтты. Сонымен қатар олар Кеңес мүшелерінің жобалары жеңіске жеткенінде ешқандай өрескел қылықтың жоқ деп ойлайтынын жеткізді.

«ҰҒК туралы Ережеге сәйкес, кеңес мүшелері грант алу үшін ғылыми жоба жетекшісі ретінде конкурсқа қатыса алады, бірақ жоба бойынша шешім қабылдауға қатыспайды. Өздерінің жобасы қарастырылатын кезде дауыс беруге жіберілмейді», дейді Кеңес өкілдері. Олардың айтуынша, барлық отырыстардың аудио-видеожазбалары сақталған. Біз Ұлттық ғылыми кеңес Ережесімен танысып шықтық. Онда, расымен, Кеңес мүшесі ғылыми жоба жетекшісі болса, дауыс беруге қатыса алмайтыны жазылыпты. Бірақ бұл жерде ескеретін басқа да факторлар бар екені анық. Мысалы, Кеңес мүшелерінің көбі ғылыми жоба жетекшісі болса, олар өзара келісіп, бір-бірінің жобаларына дауыс беріп, өткізіп жібермейтініне кім кепілдік бере алады?

Дау этика жөніндегі кеңесте қаралды

Ғалымдар мен Кеңес арасындағы дау тек ғылыми ортада емес, жалпы қоғамда да кең талқылана бастады. Осы ретте Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл мәселені Этика жөніндегі кеңесте қарастыруды тапсырды. Бірақ бұл жерде де дау өршіге түсті. Себебі жиында Мұрат Жұрыновтың жас ғалымдарға «Қазақстанда кетемін деп мені қорқытып тұрсыңдар ма? Кете беріңдер! Басқаларын табамыз. Сендерден де таланттысын табамыз» деген сөздері анық естілетін видео желіні шарлай кетті.

Мұрат Жұрыновтың осы сөзіне пікір білдірген Сүлеймен Демирел университетінің оқытушысы Ермек Тоқтаров бір ғалымды әзірлеуге қанша уақыт кететінін жазды.  «Философия докторын (PhD) дайындауға ең кемі он жыл уақыт керек. Себебі 4 жыл бакалавр, 2 жыл магистратура, 3,5 жыл докторантура және тағы жарты жыл докторлық дәрежесін бекітуге кетеді. Сонымен қатар докторантураға түсу үшін қажетті жұмыс стажын ескерер болсақ, бұл уақыт ұзара түседі. Жасыратыны жоқ, индексі жоғары журналдарда мақала жариялау туралы талап та өз уақытында докторлықты қорғауға қолбайлау болып жатады», деді ол.

Мұрат Жұрынов «Шетелге кетсеңдер, кете беріңдер» демесе де, кетіп жатқандар баршылық. Осы ретте Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті 2017 жылы Қазақстаннан 37704 адам шетелге тұрақты тұруға кеткенін айтты. Оның ішінде 36 мыңға жуығы Қазақстан азаматтары екен. Былтыр көбі Ресей, Германия, Беларусь, АҚШ пен Израильде тұрғанды жөн көріпті.

Мұрат Жұрынов: Біреу жеңеді, біреу жеңіледі

Желіде кең тараған видеоға байланысты пікір білдірген Мұрат Жұрынов «Біріншіден, шетелдік ғалым Қазақстанның инфрақұрылымын, бізде қандай ғылыми мектептер бар екенін білмейді. Этика бойынша кеңеске 100 адам қатысты. Мен жоғарыдағы сөздерді тәртіп сақтамаған жас ғалымға қарата айттым. Ол видеода көрінбейді. Біреуі «Шетелге кету керек» деп айтып еді, екіншісі қостай кетті. Мен оларға «Кете беріңдер» дедім. Олардан да таланттысын табамыз дедім. Бізде жастар көп. Солардың ішінен талантты, тәртіпті, мәдениетті жастарды таңдап алу керек. Біреулер кетсе, басқалары келеді», деді Мұрат Жұрынов. Сонда, Кеңеске қарсы шыққан жас ғалымдардың мәдениетсіз, тәртіпсіз болғаны ма?

Мұрат Жұрыновтың айтуынша, Этика бойынша кеңесте ғалымдардың шағымы қарастырылып, 110 өтініштің 104-і конкурс талаптарына сай келмейтіні анықталған және 6 жоба  келесі конкурсқа қатысуға ұсынылған. «Жас ғалымдардан 4,5 мың өтініш түсті. Ақша жетпейді. Жалпы мың грант бөлінген. 3,5 мың өтініш тыс қалды. Әрине, шағымданушылар табылады. Біреу жеңеді, біреу жеңіледі», деді Мұрат Жұрынов.

Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев: «5 мың өтініштің ішінен 20 пайызы, оның ішінде Ғылыми кеңес мүшелерінің жүз пайызы қаржыландыруға өтті. Мысалы, өткен жолы мен 26 балл алып өте алмай қалдым. Ал Мұрат Жұрыновтың өзі 20 балл алып, өтіп кетті. Бірақ ол кезде мұндай дау шыққан жоқ. Ал биыл ондай құбылыс жалпы болды. Сарапшылардың пікіріне ешкім қараған да жоқ. Мысалы, 16 балл алған жоба өтті. Ол не деген сөз? Бұл төмен балл алған жобада ғылым жоқ деген сөз. Олай болмаса, бір емес, үш сарапшының бірі бағалар еді ғой?», деді.

Байқағанымыздай, Мұрат Жұрынов та, Ұлттық ғылыми кеңес өкілдері де жеңіске жеткен ғылыми жобалардың әділ таңдалғанын, әрі олардың қатарында тәжірибелі ғалымдардың көп екенін айтуып бағуда. Дегенмен, осы жерде тағы бір көтергіміз келіп отырған мәселе – ғылыми атақ беру үшін де, PhD доктор ғылыми дәрежесін қорғау үшін де импакт-факторы жоғары журналдарда мақала жариялау міндеттеледі. Бұл талапты Білім және ғылым министрлігі 2011 жылы енгізген болатын. Сол жылдан бері PhD докторантура бағдарламасын аяқтағандар саны 3506, оның ішінде бүгінгі күнге дейін философия докторы (PhD) дәрежесіне қол жеткізгендер 1705. Яғни, шамамен 60 проценті докторлықты қорғаған. Бірақ, олардың ішінде ғылыми құндылығы жоқ журналдарда мақалалары жарияланған, сол арқылы ғылыми атағын қорғаған немесе мемлекеттен грант ұтып алғандар да болуы мүмкін. Себебі елімізде жыл сайын миллиардтаған теңге ғылымды дамытуға емес, псевдоғылыми журналдарда мақала жариялауға кетіп жататыны жасырын емес. Себебі, шыны керек, елімізде мақаланың сапасына емес, санына басымдық берілген. Сонымен қатар Қазақстандағы докторанттардың зерттеулерін көруге, оқуға, танысуға мүмкіндік қарастырылмағанын да айта кеткен жөн.

Псевдожурналдар мен псевдоғылым

Естеріңізге сала кетсек, былтыр жүргізілген халықаралық зертетулер қазақстандық ғалымдардың ғылыми мақалаларын пайдасыз тауып, деңгейі төмен журналдарда жарияланатынын айтқан еді. Ал Scopus-тағы ғылыми жарияланымдардың саны бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 141-орында тұр.  Сондай-ақ Scopus халықаралық базасы жыл сайынғы тазалау жұмыстарын жүргізіп, ғылыми құндылығы жоқ журналдарды тізімнен алып тастаған еді. Тізімнен өшірілген журналдар ішінде қазақстандық ғалымдардың 200-ден астам мақаласы жарияланған Journal of Environmental and Science Education және 116 мақала жарияланған Man in India журналдары бар. Ал министрлік өкілдерінің айтуынша, мұндай журналдарда мақала жариялау үшін зерттеу грантынан немесе зерттеушінің өз қалтасынан қаржы жұмсалады.

Осы мәселеге орай біз Білім және ғылым министрлігіне хабарласып, мақалалары қара тізімде жарияланған ғалымдардың ендігі тағдыры қандай болатынын сұрадық. Бірақ, өкінішке қарай, докторант философия докторы немесе бейіні бойынша доктор дәрежелеріне заңды түрде ие болғаннан кейін мақаласы халықаралық ғылыми журналдар базасынан өшіріліп кеткенін негізге алып докторантты берілген дәрежесінен айыру талабы заңнамада қарастырылмапты.  Сондай-ақ БҒМ докторанттар мақаласын жоғары оқу орнында даярлап, журналға жолдайтынын, сондықтан қандай журналдарға жіберілгені ЖОО-ларда қадағаланатынын айтты. Яғни, министрлік мұндай ақпаратты тек докторанттың қорғаудан кейін түскен құжаттары бойынша ғана біле алады екен.

Былтыр осы мәселені көтеріп, Білім және ғылым министріне депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Кеңес Абсатиров псевдоғылыми журналдарда мақалалары жарияланып, ғылыми дәреже алғандардың атағын қайтарып алуды ұсынған болатын. «Көптеген ғалымдар жылдар бойы ізденіп, ғылыми жұмысын жетілдірудің орнына осындай журналдарға ақша төлеп, мақала шығара салғанды жеңіл көреді. Министрлік талабы да ғалымдарды осы іске итермелеп отыр», деген болатын депутат. 

Түйін

Жалпы, мемлекеттік қаржыландыру ісі парақорлықтан таза деп айта алмаймыз. Тіпті, ғылым саласында да сыбайлас жемқорлық туралы істер баршылық. Ал ғылым саласының өркениетке емес, даудың өзегіне айналып отырғанынан гөрі, әділетті әрі жемқорлықтан таза болғаны абзал емес пе?

Әрине, біз ғылыми кеңестің өз шешімін негіздейтін дәйектерін заңды түрде жоққа шығара алмаймыз. Грант бөлуге көңілі толмаған жас ғалымдарға қанша құлақ түрсек те, заңды негізде оларды қолдай алмаймыз. Дегенмен, бір нәрсе анық. Мемлекеттік қаржыны бөлу ісінде ғалымдардың «Ғылым туралы заңды дайындайтын кезде біздер, ғалымдар, осыны дұрыс деп таптық» деп, мемлекеттік қаржысы жұмсалған сарапшылардың пікірін де елеместен, өздері соңғы сөзді айтатыны күдіктендіреді. Ал олар заңның өзін «өз қалаулары» бойынша істеп алған болса, халықтың ғылымға сенімі қалай артады? Онсыз да ІЖӨ-нің ғылымға жұмсалған тек 0,14 проценті көп ақша емес. Ал соның өзі біреулерге жем болып жатса, қалай болғаны?

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»