Ұзақ мерзімді жоспар оқу бағдарламасының құрамына енгізіліп, әр сынып бойынша тақырыптар, оқу мақсаты, сағат санын бөлуде мұғалімнің қалауынша өзгертілуі мүмкін делінген 5, 7-сыныптарға арналған оқулықтардың кейбірі сынға ұшырап та жатыр. Мәселен, үштілділікке байланысты ала-құлалық жетерлік. Айталық, 5-сыныптағы санаулы оқулықта тақырыптар үш тілде жазылған. Әлбетте, күнде 1-2 сөзден болса да, оқушы орысша, ағылшынша сөздік қорын көбейте берері сөзсіз. Нәтижесінде, оқыған оқушы 1 жылда жүздеген сөзді үйренер еді. Ал 7-сынып оқулықтарында бұл үрдіс жалғасын таппаған. «Келешек» баспасынан шыққан «Көркем еңбек» оқулығының қыз балаларға арналған нұсқасы ғана үш тілде жазылған.
Кейбір оқулықтардың электронды нұсқалары жоқ. Тағы бір мәселе, жаңартылған білім беру мазмұнына көшетін, үш тілді меңгеретін сыныптардың мұғалімдерінің осы жүйеге дайындығы туралы. Шынында, информатикадан, дүние жүзі тарихынан, химия мен биологиядан сабақ беретін мұғалімдердің 3 айлық курстан өтіп, үш тілде сабақ беремін деуіне әлі де ертерек.
Бұл мұғалімдердің көбі 40-50 жас аралығына келгендер. Жаһандану дәуірінде алып елдермен теңесеміз деп мақсат қойғандықтан, ауылдан шыққан балалардың өз идеяларын жүзеге асыруына шет тілін білуі кедергі болып отырғаны жасырын емес. Тіпті мұғалім ретінде де ана тілімізден басқа тілді меңгере алмай жүргеніміз шындық. Сондықтан мұғалімдік мамандықты қалаған, әсіресе жаратылыстану мен тарих пәндерінің болашақ мұғалімдері үшін ағылшын тілін І курстан бастап оқытып, сағат жүктемелерін де көбейткен дұрыс. Тек қана орта мектептерде емес, жоғары оқу орындарында болашақ маманға аса қажет емес пәндер оқытылып жатқаны да белгілі. Осы пәндер есебінен ағылшын тілін терең меңгертуге болар еді.
Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы жыл санап өскенімен, мектептегі мұғалімдер буынының қартайып бара жатқанын ескеру де қажет сияқты. Өйткені 30-40 жыл мұғалімдіктің бейнетін көргендер енді зейнетін де көргісі келеді. Екінші жағынан жастарға да жұмыс орны босауы тиіс. Қорыта айтқанда, білім берудегі жаңалық жалғасын тауып, оң өзгерістерге қолымыз жетеріне сенімдіміз.
Гүлжан ТОҚМҰРЗИНА,
Қарабау орта мектебінің тарих пәні мұғалімі
Атырау облысы,
Қызылқоға ауданы