Қожамбеттің туған жері – Шал ақын ауданы, Бірлік ауылы. Әкесі оны жастайынан дін оқуына беріп, шариғат ілімдерін үйреткен. Қадімше жазып, оқи алатын дәрежеге жеткен соң ел билеу істеріне араласа бастайды. Орыс тілін де еркін білген. Оның ақындық қарым-қабілеті ерте танылады. Бірде Есіл бойында қатты жұт болып, мал қырылып қалады. Ордабай қайын атасының «малыңды Ұлытау жаққа қыстатқайсың» деген сәлеміне құлақ аспай қозғала қоймайды.
Осындай қиын шақта қарды шимайлап отырған ұлының қимылын байқап, не істеп отырсың деп сұрайды. Сонда ол «Елді қинап, күш көрсетпе Алланың аязына, Сақтасаң айда малды Ұлытау саясына. Істі боп кетер едің, жетсе егер, Бұл хатым жазған орыс оязына» деп жауап береді. Осыдан кейін Ордабай райынан қайтып, жөн сөзге тоқтаған көрінеді,– дейді Дәстен бауырымыз.
Оның айтуынша, Қожамбет өлеңді жазып та, ауызша да шығарған. Сол төңіректе өмір сүрген соқыр Тоғжан ақыннан, өз ағайыны Жаулыбай шешеннен көп тәлім-тәрбие алады. Қылыш, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мұстафа секілді атақтары жер жарған дүлдүлдермен жақын араласады. Әсіресе Ақан серімен сыйластығы ерекше болған. Онымен жиі хат жазысып тұрған. Екеуінің өзара айтысы толық сақталмаса да ел есінде қалған жыр шумақтары баршылық. Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» зерттеу еңбегінде оның ақындық талантын жоғары бағалайды.
Арабша жазылған қолжазбаны алғаш төте жазуға көшіріп, бірнеше данамен таратушылардың бірі – Еренғайып Жақыпов деген ақсақал. Кейін түпнұсқаны белгілі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевқа тапсырып кетеді. Ұмытпасам, 1986 жылы болу керек, Зекеңнің құдай қосқан қосағы мені арнайы шақырып алып, қолыма ұстатты. Мына ғажапты қарашы, тұп-тура 114 шумақ. Құранда да осынша сүре бар. Өлеңмен жырланған шежіренің басты құндылығы сол, тұнып тұрған тарих десе де болады. Адам Атадан бастап кестелі тілмен толғап, өз заманына дейінгі аралықты анық суреттейді. Осы жағы мені қатты толғандырды. Көпшілікке түсінікті болу үшін алғысөз жаздым.
Бабамыздың термелерінде «Өлім деген не нәрсе? Келер бір күн үндемей. Келіп қалса егер де, Жетер күндіз, түн демей. Ұйықтап жатсаң оятпас, Амандасып тұр демей. Жастығыңа қаратпас, Қызық көріп жүр демей» деген адамды ойландыратын, дүниенің жалған екенін сездіретін өсиет сөздер көп. Артына келешек ұрпақ уақыттың, елдің, жердің, ата-ананың қадірін біліп жүрсін деген тілек қалдырған. Шежіре осымен қымбат, деді Дәстен сөзінің соңында.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы