Футбол • 21 Ақпан, 2018

«Спортинг» – «Астана». Жауапты ойынның жауапкершілігі

402 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Португалияда көптеген әлемнің дамыған елдеріндегідей нөмірі бірінші спорт футбол екені даусыз. 

«Спортинг» – «Астана». Жауапты ойынның жауапкершілігі

Футболмен тыныстаған Лиссабон дауыл алдындағы тымырсықтай, тыншып, Атлант теңізінің толқынымен тербеліп тұр. Әне-міне, керіле ұйқысынан оянып, үлкен футболдың дүбірлі тойын бастап кеткісі келетіндей. Ескі шаһардың әрбір бұрышынан бас көтеріп, сыбдыр-сыбдыр футбол жайлы күбірлескен фанаттар бүгін түс ауа бір көшенің бойына жан-жақтан ағыла түседі. Тоқсан сала тоғысқан Тарбағатайдың көліндей барлығы жылжи отырып, «Жозе Алвеладе» стадионына барып құйылады. Бұл жолғы жиынға басты себепкер қазақ командасы – «Астана».

Қонақүйдің алдындағы Педро «Астана» дегенде қолындағы ақ қолғабын шешті. «Өткен жолғы ойында әбден зәре-құтымызды қашырдыңыздар. «Астана» осал емес екен», дейді жүрек тұсын ұстап. Осындай сөздерге көңіл семіртіп, ел футболының атағы шалғайға шауыпты ғой дейміз іштей. Өткен ғасырдың бел ортасында атағы дүркіреген «Спортингтің» іргетасы мында ғана қаланған «Жозе Алваладе» деген стадионы бар. Осы стадионның ашылуының өзі қызықты. Алғашқы матч 2003 жылы 6 тамыз күні «Спортинг» пен «Манчестер Юнайтед» арасында өтеді. Сол ойында «қызыл сойқандардың» аты аңызға айналған жартылай қорғаушысы Райан Гиггз Криштиану Роналдуды көріп, ойын бітісімен Сэр Алекске мына жас періні жылдам сатып алыңыз деп ақыл айтады. Өзінің ең сенімді, әрі ақылды ойыншысының айтқанын бұлжытпаған Алекс бапкер артынан қалмай жүріп Роналдуды сатып алады. Одан кейін бұл стадион Еуро-2014 жарысының 4 ойынын қабылдаған. Сосын ресейлік ЦСКА тура осы стадионда алаң иелерін жеңіп Уефа кубогының иегері атанған. Ол 2005 жылы болған оқиға.

Жалпы «Астананың» «Спортингпен» терезесі тең тайталасатын ойы болғаны жасырын емес. Алғашқы ойында басымдылық алсақ, кім біледі деп көзді тарс жұмып көз қорқақ қол батыр деп алаңға шыққан. Алайда,  48 бен 55-минуттар аралығында Бруно Фернандес (пенальтиден), Желсон Мартинш, Сейду Думбия үшеуі қазақстандық ұжымға өте ауыр үш соққы берді. 7-минуттың ішінде жерлестеріміз жер сипап қалды. 1:0 есебімен ұтып тұрып, аяқ асты келген голдардан есеңгіреді. Футболшылар түгіл трибунадағы жанкүйердің салысы суға кетті. Басы тәтті болғанымен, аяғы осылайша қатты болады деп кім ойлаған? Тіпті, фанаттар секторынан екінші голды талап етіп, «Спортингтің» сілекпесін шығаруды тілегендер де аз емес еді. Өз алаңында көп жеңіле бермейтін клубымыз мұндай ауыр хәлге түседі деп әрине көбісі ойлай қойған жоқ. Дегенмен, деңгейдің аты деңгей. «Ювентуспен» тең түсіп жүрген Чемпиондар лигасының командасы Еуропа лигасына келгенде автоматты түрде турнирдің фаворитіне айналмай ма? Құрамында осыдан екі жыл бұрын Еуропа чемпионы болған футболшылар жүрсе, қалғандары өз мемлекеттерінің ұлттық құрамаларында ойнайтын сен тұр мен атайындар болса, не шара, не дауа! Оның үстіне «Астана» қорғаушысы Юрий Логвиненко екі сары қағаз алып, алаңнан қуылды. 10 адаммен Португалияның атақты командасына қайбір сес көрсетесіз.

Тынған ойын тынды. Сырт алаңдағы матчтан да үміт аз. Бірақ, бұл тек «Астанаға» ғана емес, барша қазақстандық клубтарға сабақ болуы керек. «Спортинг» секілді бай тарихың болмаса да, өз академияңды құрып, жастарыңды тәрбиелеп содан нәр алатын деңгейге жету. Үнемі, сырттан келген легионердің аяғына қарап отыра беру өзің отырған ағаштың бұтағын кескенімен тең. Криштиану Роналду, Луиш Нани секілді футболшыларды сыйлаған «Спортинг» академиясы бүкіл клубқа табыс түсіріп, қаншама португал балаларына үлкен спортқа есік ашып отыр. Діңгегі мықты команданың деңгейі де бізден жоғары болатын содан да шығар.

Жауапты ойынның жалғыз ғана көтерер жүгі бар. «Астана» келесі кезеңге өтуді ойламайды. Тек абыроймен өнер көрсетіп, қазақ футболының жалауын желбірету. Ойын алдындағы баспасөз мәслихатында бас бапкеріміз Станимир Стойловтың да айтқаны осы болды. Расымен де аз уақыттың ішінде «Астана» кәрі құрлыққа жап-жас болып атын жайып үлгерді-ау!

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан» – Лиссабоннан (Португалия)