Ендігі жерде бос дау-дамайды тоқтатып, тезірек латын графикасына көшетін күн келді. Уақыт деген зымырап зулап барады. Тағы да айтамыз, сөзден іске ауысатын кезең келіп жетті. Енді оны қайта-қайта өзгерте берсек, өзгелердің келемеж-күлкісіне қалатын түріміз бар.
Мен өткен жолғы нұсқасын да қолдағанмын. Алдыңғы нұсқасы да халқымыздың бұл іске аса мүдделі екенін көрсетіп берді. Ешкім бұл бастамаға бейжай қарамайтынын білдік. Халық бұл ұлы бастаманы өзі жарнамалады. Себебі әліпби ауыстыру әлі тумаған сәбиді айтпағанда, мәңгілік келешектің де мәселесі болып тұр. Сондықтан осы нұсқасын нақты қолданып, тезірек тәжірибеге енгізу қажет.
Дегенмен бір апострофтың орнына негізгі латын әліпбиінің базасында қолданылмай қалған үш әріп бар. Соның бірін алуға да болатын еді. Бірақ әртүрлі нұсқаларды құра беруге болады. Меніңше осы нұсқасы көңілге қонады. Латын әліпбиіне ауысу әлі де қайта-қайта құбыла береді деген пікір қалыптаспауы үшін осы нұсқасына тоқтаған дұрыс.
Енді оны ауыстыра берсек, пікір ала-құлалығы жалғаса береді.
Ең соңындағы ш мен ч деген екі әріп бар. Ч әрпінде дау жоқ. Ал Ш деген әрпін алсақ, «асхана» қалай оқылады? «Ашана» деп оқылады. Асхат, Әуесхан, Ілесхан деген аттар қалай жазылады? Демек, бұл жерде грамматика саласындағы ғалымдарымыз осының оқу тәртібін жөнге салып, аражігін анықтап бергені жөн. Осындай кілтипаны бар тұстарды мамандармен толығымен шешіп алсақ, онда жаңа әліпбиге тез бейімделіп алуға болады. Яғни ғалымдар қабылданған әліпбидің оқылу, жазылу ережесін жасап беруі керек. Тіл мамандары осы мәселелерді түсінікті етіп жіктеп берсе құба-құп.
Мәселен ш әрпі қай кезде ш, қай кезде с болып оқытылуы керек дегендей. Сол сияқты 11-ші I деген әріп бар. Ол латын әліпбиіндегі компьютерде жоқ. Оны басқа қосымша жақтан алуға тура келеді. Негізінен латын графикасының үш қоры бар. Біріншісі 26 әріптен тұрады. Екінші және үшінші қорында 30 шақты әріптен бар. Жаңа әліпбидегі и болып оқылатын 11-ші әрпіміз түріктерде ы деп оқылады. Ол әріп түркі әлеміне жат емес. Оны қоюға болады. Бірақ Қазақстанның клавиатурасы ағылшын клавиатурасының стандартына келмейтін болып тұр. Сондықтан жұмыс жалғасуы тиіс. Әйтпесе әркімнің өз пікірі бар. Жүре беретін түріміз бар. Алайда күйіп-жанып, қиратылып бара жатқан ештеңе жоқ. Өзгерістер өздігінен жүрмейді. Әліпбиді ауыстыру оңай деп кім айтты. Мына іргеміздегі өзбек халқы қаншама жұмыс істеді, қаншама жүрді.
Жаңа әліпбиді стандартты компьютерде отырып қолдансақ, аса қиындық туғызбайды. Елбасының Жарлығымен қабылданып отырған бұл нұсқаның артықшылығы да осы жерде. Ө, Ғ әріптерін О, Г әріптерімен бере беруге болады. Түсінбей қалатын түгі жоқ. Өйткені стандартты компьютерде 26 әріп бар. Біз осының аясынан шығып кеттік. Апострофтармен жазылатын 7 әріп пайда болды. Оларды латын әліпбиінің екінші және үшінші базаларынан алуға тура келіп тұр. Осыны стандартты компьютерге қосымша енгізуді қарастыру керек.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик
АЛМАТЫ