Қазақстан • 22 Ақпан, 2018

«Хат қоржын»

314 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

...ризашылығын білдіреді

Мұғалімдердің жағдайы жақсармақ

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған Жолдауында денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жалақысы 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға дейін, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30 пайызға, стипендиялар 25 пайызға өскенін айтты. «Дағдарыс заманы. Әйтсе де, әлемнің санаулы ғана елдері әлеуметтік салаға жұмсайтын шығындарын осылай арттыра алды. Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12 пайызға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты. Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табысын көбейтеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға артты», деді Елбасы.

Мемлекет басшысы мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылы 30 пайызға көбейтуді тапсырды. «Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функциялық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Яғни биыл категориялар арасындағы алшақтық айқындалып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесі енгізіледі.

Жалпы, Президентіміз білім саласына қашанда ерекше назар ауда­рып келеді. Өткен 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 34 мектептің пайдалануға берілуі сөзіміздің дәлелі.

Роза ПАК,
№45 мектеп-гимназияның директоры

ШЫМКЕНТ

 

...көмек күтеді

Ауыз су мәселесі қашан шешіледі?

Біздің Қарасу ауылы ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің кіндік қаны тамған жер. Осы топырақта ол отызыншы жылдардың аяғы мен қырқыншы жылдардың алғашқы жартысында тары өсіруден әлемдік рекорд жасаған. Айтайын дегенім, ата даңқы мен атағы шыққан ауылда ауызсу мәселесі көптен бері шешімін таппай келеді. Рас, ауылы­мыз­дың аумағы жерасты су көздеріне бай. Әрі су тым тереңде де емес, құ­дық қазсаң он шақты күрек ойымнан кейін мөлтілдеп шыға келеді.

Әттең шіркін, не керек, бір өкініштісі жердің суы ащы. Малға ішуге жарағанымен, оны тұрғындар шай ішіп, ас қамдауға пайдалана алмайды. Сондықтан да ауыл адамдарының көпшілігі оны Қарасудан 11 шақырым қашықтықта орналасқан Қаратал деп аталған елді мекеннен тасып ішеді. Бірі бидон, бірі бөшке дегендей, әркім оны қолдарында бар ыдыспен тасымалдап жеткізеді. Мұндай жағдайда санитарлық тазалық туралы сөз қозғаудың өзі артық. Бүгінгі күні қарасулықтардың ой-тілегі біреу ғана – ауылдастарымыз ауызсуға қарық болатын күн қашан келер екен деп күтіп жүр.

Сансызбай МОЛДАҒҰЛОВ

Ақтөбе облысы,
Ойыл ауданы,
Қарасу ауылы

 

...жақсылығын жеткізеді

Балалар – шексіз әлемде

Оңтүстік Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен респуб­ликалық «Қазақстан балалары – шексіз әлемде!» шығармашылық кинофестивалі ұйымдастырылды. Басқосу – қазақ кино өнерінің дамуын және шоқтығының биіктігін айғақтайтын, жасөспірімдер арасындағы үздік классикалық өнер үлгілерін, дарындыларды анықтау, ондағы жасөспірімдердің өзіндік орны мен алар үлесінен хабардар ететін республикалық деңгейдегі оқушылар арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған іс-шара.

Шымкент қаласындағы «Жастар ресурстық орталығында» дүркіреп өткен шараға Астана, Алматы қалалары мен еліміздің барлық өңірлерінен балалар жиналды.

Кинофестиваль барысында қатысушы жасөспірімдердің «Деректі кино», «Ойынды кино», «STOP-MOTION-видео», «Әлеуметтік жарнама, әлеуметтік ролик», «Анимация», «Видео-арт» және «Музыкалық фильм» номинациялары бойынша шығармашылығына сараптама жасау үшін кино саласының кәсіби мамандары белсенділікпен жұмыс жасап, қорытындысы бойынша жүлдегерлер марапатталды. Жүлделі орын иелеріне әр аталым бойынша облыстық білім басқармасының І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдары мен арнайы сыйлықтар тапсырылды. Ал барлық аталымдар бойынша жалпы командалық есепте І орынға – Астана қаласы, ІІ орынға – Оңтүстік Қазақстан және ІІІ орынға Алматы қаласы қол жеткізді.

Б.ЕШЕНҚҰЛОВ,
Мектеп олимпиадаларын өткізу орталығының директоры

Оңтүстік Қазақстан облысы

 

…алғыс айтады

Жаңа мектепке ел риза

Былтыр Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілген болатын. Шараға облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, оқушыларды, олардың ата-аналары мен ұстаздарды қуанышты сәттерімен құттықтаған еді.

Еске салар болсақ, құрылыс жұмыстарын «Жөндеу құрылыс» ЖШС жүргізді. Жобаның жалпы сметалық құны 1,4 млрд теңгені құрапты. Мектеп екі қабатты, 600 оқушыға арналған. Мектепте қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген физика, химия кабинеттері, акт және спорт залдары, асхана, мультимедиялы-лингафондық және басқа да кабинеттер қарастырылған. Балалардың білім алуына осындай жағдай жасалынып отырылғанына ел-жұрт әркез алғыстарын білдіруде.

Самал ҚАБЫШЕВА

Алматы облысы

 

...әсерімен бөліседі

Үйленіп, отбасын құрған жөн екен

Үйленіп, тұрмыс құрған жөн екен... Тапқаныңды үйіңе тасисың. Бойдақ кезде ақша түссе кафе, ресторан, туған күн деп құртсаң, үйленген соң бір тиын шығын шығармауға тырысасың. Тіпті жолдан ине тауып алсаң да, әрі аударып, бері аударып қарап, сабақтаулы жібімен түспеген екен-ау деп қалтаңа сүңгітесің. Қыздар да солай. Бойдақ кезде туш, лак, макияж, шаш жасату деп ақшаны судай шашады. Аптасына алты рет сұлулық салоны, дискотека. Түске дейін үш көйлек, түстен кейін төрт көйлек ауыстырып шығынға батады. Тұр­мысқа шықты – рахат. Ақша, ас-су, киім кешек, жүріп тұру ақысын қамтамасыз ететін адамы бар. Мейрам сайын құшақ-құшақ гүл, сыйлық. Екеуі ғана білетін құпия нәрселер болады арасында. Еркек­терді айтсайшы, солардікі рахат. Ыстық тамақ, мұрның терлеп отырып тамақтанасың... Айтарым – ертерек жұптарыңды тауып отау тігіңдер. Ұрыс-керіс деген бекер әңгіме. Үй болған соң ыдыс-аяқ сыңғырлап тұрады. Сыңғырласа сыңғырлай берсін, сақырлап кетпесе болды.

Мұхит ТАСТАН