Білім • 23 Ақпан, 2018

Жаңа мазмұнды енгізуде ескерілсе...

420 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білім берудің жаңа мазмұны бойынша елімізде екінші жыл қатарынан жұмыс жүргізілуде. Бұл жүйеде ұлттық және халық­ара­лық тәжірибелердің ең озық үлгілері басшылыққа алынғаны мәлім.

Жаңа мазмұнды енгізуде ескерілсе...

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Ұзақ мерзімді жос­пар оқу бағдарламасының құ­рамына енгізіліп, әр сынып бой­ынша тақырыптар, оқу мақ­са­ты, сағат санын бөлуде мұға­лім­нің қалауынша өзгертілуі мүмкін делінген 5, 7-сыныптарға арналған оқу­лық­тардың кейбірі сынға ұшы­рап та жатыр. Мәсе­лен, үш­тілділікке байланысты ала-құлалық жетерлік. Айта­лық, 5-сыныптағы санаулы оқулықта тақырыптар үш тіл­де жазылған. Әлбетте, күнде 1-2 сөзден болса да, оқушы орыс­­ша, ағылшынша сөздік қорын көбейте берері сөзсіз. Нәти­же­сінде, оқыған оқушы 1 жылда жүздеген сөзді үйренер еді. Ал 7-сынып оқулықтарында бұл үрдіс жалғасын таппаған. «Келешек» баспасынан шыққан «Көркем еңбек» оқулығының қыз балаларға арналған нұсқасы ғана үш тілде жазылған.
Кейбір оқулықтардың электронды нұсқалары жоқ. Тағы бір мәселе, жаңартылған білім беру мазмұнына көшетін, үш тілді меңгеретін сыныптардың мұғалімдерінің осы жүйеге дайындығы туралы. Шынында, информатикадан, дүние жүзі тарихынан, химия мен биологиядан сабақ беретін мұғалімдердің 3 айлық курстан өтіп, үш тілде сабақ беремін деуіне әлі де ертерек. Бұл мұғалімдердің көбі 40-50 жас аралығына келгендер. Жаһандану дәуірінде алып елдермен теңесеміз деп мақсат қойғандықтан, ауылдан шыққан балалардың өз идеяларын жүзеге асыруына шет тілін білуі кедергі болып отырғаны жасырын емес. Тіпті мұғалім ретінде де ана тілімізден басқа тілді меңгере алмай жүргеніміз шындық. Сондықтан мұғалімдік ма­мандықты қалаған, әсіресе жа­ратылыстану мен тарих пән­дерінің болашақ мұғалім­де­рі үшін ағылшын тілін І курстан бас­­тап оқытып, сағат жүк­те­ме­­лерін де көбейткен дұрыс. Тек қана орта мектептерде емес, жоғары оқу орындарында болашақ маманға аса қажет емес пәндер оқытылып жатқаны да белгілі. Осы пәндер есебінен ағыл­шын тілін терең меңгертуге болар еді.

Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы жыл санап өс­кенімен, мектептегі мұға­лім­дер буынының қартай­ып бара жатқанын ескеру де қажет сияқты. Өйткені 30-40 жыл мұға­лімдіктің бейнетін көр­гендер енді зейнетін де көр­гісі келеді. Екінші жағынан жас­тарға да жұмыс орны босауы тиіс. Қорыта айтқанда, білім берудегі жаңалық жалғасын тауып, оң өзгерістерге қолымыз жетеріне сенімдіміз.

Гүлжан ТОҚМҰРЗИНА, 
Қарабау орта мектебінің тарих пәні мұғалімі

Атырау облысы,
Қызылқоға ауданы