Қазақстан • 28 Ақпан, 2018

Қазақстанның инновациялық жетістіктері ұсынылды

1138 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Барселонада өткен мобильді технологиялар саласындағы айтулы оқиға – MWC 2018 Бүкіләлемдік мобильдік конгресінде Қазақстан делегациясы елімізде smart home, smart city тұжырымдамалары аясында енгізіліп жатқан ақпараттық коммуникациялар саласындағы инновациялық сервистер мен технологияларды, сондай-ақ жаһандық нарық және транзиттік әлеует аясындағы мүмкіндіктерге қатысты ұсыныстарын көпшілік назарына ұсынды.

Қазақстанның инновациялық жетістіктері ұсынылды

Көрменің ашылу салтанатына қа­тыс­қан Қазақстан Республикасы Премьер-Минис­трінің орынбасары Асқар Жұмағалиев еліміз инноваторларының стендіне және ұсынылған концепцияға жоғары бағасын берді. Стенд жұмысымен көрменің ал­ғаш­қы сағаттарынан бастап әлемдік телеком­паниялардың басшылары, Азия және Еуропа мобильді операторларының өкілдері, бағ­дарламалық жасақтама және қондырғылар өндірушілер, конгреске қатысушылар таныса бастады. Жыл сайын көрмеге әлемнің 200 елінен 100 мыңға жуық адам жиналады. Аталған ша­ра мобильді және цифрлы технология­лар саласында айтулы болып табылады, ол трендтер мен инновациялық шешімдерді ұсынатын әлемдік алаң міндетін атқарады. Компаниялар дәстүрлі түрде жаңа гаджеттерді, қосымшаларды, қондырғылар мен технологиялық шешімдерді ұсынып келеді.

Көрмеде Қазақстан стенді мен техно­логиялық жетістіктерін ірі мультисервис опе­раторы «Қазақтелеком» АҚ ұсынды. Ком­­­пания басшысының айтуынша, 4 күн бойы маңызды стратегиялық және іс­кер­лік кездесулерін, мобильді және инно­ва­­ция­лық технологиялар саласындағы халық­ара­лық лидерлермен келіссөздер өткізуді ұйым­дастыру жоспарланған.

 Көрмеге қатысушылар Қазақстанда smart home, smart city тұжырымдамалары аясында енгізіліп жатқан ақпараттық коммуникациялар саласындағы инновациялық сервистермен және технологиялармен, атап айтқанда, жылу энергиясының датчиктері, энергия және суды тұтынуды ұйымдастыру схемалары мен жүйелері, қаладағы жарық және автотұрақтар датчиктері, бейнебақылау жүйелері сияқты көптеген жобалармен танысу мүмкіндігіне ие. Бұдан тыс, стенд қонақтарына Қазақстанның оператордың инфрақұрылымы, технологиялық желілері, елдің ерекше табиғат ландшафтылары мен көрнекі жерлері көрсетілген бірегей виртуалды картасы ұсынылды.

«Егемен-ақпарат»