Мезгіл-уақыттың рухани сұранысымен өмірге келген, ел ішінде «Құрманғазы оркестрі» деген атауға ие болған мемлекеттің бас музыкалық өнер ордасының ширек ғасырдағы жетістігі Шамғон атымен тығыз байланысты. Сырлы да сырбаз күйлерге толы төлтума музыкалық өнерімізді бір оркестрдің бойына жинақтап, оған Құрманғазының атын беріп, «оркестрдің кіндік атасы» атанған ұлы Ахмет Жұбановтың өз қолынан дирижердің таяқшасын алған Шамғон Сағаддинұлы қазақ ән-күйінің дүние жүзіне танылуы үшін маңдай терін аяған жоқ. Ықылас, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Қазанғаптың күйлерімен бірге, Ш.Қажығалиев М.Глинка, Л.Бетховен, В.Моцарт, Г.Берлиоз, В.Моцарт, Д.Шостакович, А.Жұбанов, М.Төлебаев, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов сынды композиторлардың да шығармаларын оркестр репертуарына енгізіп, әлемнің бірқатар елдерінің сахнасында өнер көрсетті.
Шамғон Қажығалиевтің мерейтойы құрметіне орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен және Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің ұйымдастыруымен өткен гала-концертте бірегей музыка майталманының білім-білігімен тәрбиеленген талантты шәкірттері мен соңынан ерген ізбасар әріптестерінің үлкен шоғыры өнер көрсетті. Бұл кеш нағыз ұлттық өнеріміздің туын желбіретіп жүрген дарынды дирижерлердің шеруі болды. Кеш қонақтары бір мезетте бірнеше дирижердің: Арман Жүдебай, Айтқали Жайымов, Жалғасбек Бегендіков, Жаңалық Темірғали, Дүйсен Үкібаев, Ерболат Ахмедияровтың өнеріне куә болып, дирижер кәсібінің ерекшелігін көріп, қыр-сырына қаныққандай күй кешті. Дирижер – оркестрдің қанаты, күретамыры екенін сезінді. Бүгінде әртүрлі өнер ұжымдарында қызмет етіп жүрген білікті дирижерлер ұстаздары қолына аманаттап кеткен дирижердің байрағын биікке көтеріп жүрген кәсіби маман екенін көптің алдында тағы бір дәлелдеді.
Халық арасынан шыққан алғашқы кәсіби дирижерлердің бірі, домбырашы, ұлағатты ұстаз Ш.Қажығалиевтің әлемдік өркениет биігіне жетелейтін, ұлттық мәдениет пен өнер саласында жасаған ұлан-ғайыр еңбегі бүгін тәуелсіз Қазақстанның рухани аясының кеңеюіне қосқан сүбелі үлесі. «Қажығалиев әлемі» апталығының жоғары деңгейде өтуіне мүдделілік танытып, басы-қасында жүрген Құрманғазы оркестрінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешов сонау 1969 жылы Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев сынды өнер саңлақтарымен бірге жұмыс істеген Ш.Қажығалиевтің дирижерлігімен жазылған дискінің бүгінгі цифрлы жүйемен қайта жаңартылған нұсқасы мен «Алатау» атты партитуралар жинағын мерейтойға арнайы тарту етіп отырғандарын айтты. Сондай-ақ Атырау облысынан бір топ делегатты бастап келген әкімнің орынбасары Нұрсәуле Сайлауқызы Ш.Қажығалиев мерейтойының бұл шарамен ғана шектелмей, жақын арада Атырауда да кең көлемде аталып өтетінін және республиканың басқа аймақтарында да жалғасатынынан хабардар етті.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ