– Біз неге ертерек кездеспедік екен, ә? – деді келіншек қоштасар сәтте мұңайып.
Оның үнінде өкінішпен бірге санаторийде өткізген мұңсыз, қамсыз тәтті күндердің ыстық лебі де бар еді.
Сонсоң ұзын кірпігін тағы бір қағып, басын сәл ғана иіп, қоштасу белгісін жасады да, таксиге отырды.
Ол ұзап кеткенде тұп-тура он күнге созылған сауық-сайран, ойын-күлкі аяқ астынан сап тыйылып, бұл өзін жапан далада жалғыз қалғандай сезінді. Содан да болар, «Енді... бір-екі күннен кейін мен де жолға шығармын», деп жұбатты өзін.
Бірақ, күнделікті процедураларға баратын кездегі көтеріңкі көңіл-күйі бүгін жаз өтіп, күз келгенін сезгендей бәрібір жабырқап қалды.
«Біз неге ертерек кездеспедік екен, ә?..».
Әдемі келіншектің ыстық демі бетінен тағы бір өбіп өткендей болды.
«Кім білсін, – деп ойлады ол басын ақырын ғана шайқап. – Біз, бәлкім, бұрын да көшеде немесе метрода бір-бірімізді көріп жүрген болармыз. Бірақ, мойын бұрып қарауға, бір-екі ауыз тіл қатысып, танысуға мұршамыз келмеген шығар. Себебі үлкен қаланың иірімі қатты. Шыркөбелек айналдырып, ес жиғызбайды. Ал мұнда... айналаңдағы дүниені жаңа көргендей боласың».
Аздан соң үлпілдеген ақ сүлгісін мойнына орап, минералды ванналар орналасқан корпусқа қарай бет алды.
Кенет қос жиегін жап-жасыл желек көмкерген ұзын-шұбақ бетон тротуарға тық-тық қадалған біз өкше туфлидің дыбысын естіп, артына бұрылып еді, санаторийге емделуге келетін кісілерді тіркейтін бөлімге қарай бара жатқан сұңғақ бойлы, сымбатты, сұлу келіншекті көрді.
Ол да бұған жалт қарап, әп-сәтте көңіл көзімен сынап та, бағалап та үлгергендей болды.
* * *
Ып-ыстық минералды ваннадағы шымырлаған су түйіршіктеріне қарап жатып өзінен-өзі: «Жанары өткір, тәкаппар жан екен, – деп ойлады жаңа ғана көрген сұлу келіншек туралы. – Бірақ, сырттай сабырлы болғанымен, іштей әзіл-қалжыңға, ойын-сауыққа құмар екені бесенеден белгілі. Пенде шіркін, бар қазынасын тереңге жасырған құпия шатқал емес пе...».
Ол таңертеңгі мұңның түс болмай жатып сейіліп, көңілшек бұлттай жеп-жеңіл көше жөнелгеніне таңғалды.
Сонсоң:
«Жо-жоқ, кету керек, – деді шым-шым етіп, шымырлап шығып, көзді ашып-жұмғанша тез ғайып болып жатқан минералды су бүршіктеріне қадала қарап жатып. – Кету керек!..».
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»